Бұрын үйден әйел кетуші еді, еркек басымен өз үйінен безгені шаршатты байымның

Oinet.kz 11-04-2023 3025

Соңғы кездері қоғамымызда ажырасу көбейіп барады ғой. Менің де тұқымымда бұрын соңды ажырасу деген мүлдем болмапты. Ағаларым да жұрттың ажырасқан ерлі-зайыптыларын көргенде «Неге ағайын туыс ортаға алмайды, балаларына обал ғой, неге ортақ түсіністікке шақырмайды, баста біреу соларды зорлап қосып па, әке шешелерінің миын ашытқаны несі енді кеп» деп жатқандарын талай естіген едім. 

Screenshot_17.jpg

Өзімнің де ажырасу туралы мүлдем ойым жоқ еді. Бірақ жолдасымның екі сөзінің бірі «ажырасайық». Мен де шаршап кеттім соңғы кездері «ажырассақ ажырасайық» дейтін болыппын.

Бірдеңе жетпей жатса бір жөн. Ата-енем бөлек тұрады. Олар бөлек тұрғаннан кейін сөзге келіп, басымыз піспейтіндей жағдай да болып жатқан жоқ. Аллаға шүкір бір қыз, бір ұлымыз бар. Бірақ кішкене сөзге келіп қалсақ болды, күйеуім ажырасайық деп шыға келеді. Бұл менің де көңіліме келеді. Осы жылдар ішінде не «шуба әпер» не «көлік әпер» деп көрмеппін. Бұйырғанға қанағат деймін. Өзім мектепте мұғаліммін. Балаларымды балабақшаға, үлкенін мектепке тасып, арасында базарға да жүгіріп азық-түлігімді әкелемін. Арасында төркінім де көмектесіп тұрады. Мал сойғанда ет берсе, кигізгеніміз деп ағаларым да балаларымның үстіне киімдер әперіп, тіпті «нағашыларының мінгізгені» деп велосипед мінгізіп жатады.

Бірақ осының бәрі жолдасыма ұнамайды. «Төркінің мені мүсіркемей-ақ қойсын» деп балаларымның үстіндегі киімді далаға лақтырады. Велосипедін қоқысқа апарып тастады. Қанша айтқанмен бала емес пе, ұлым өксіп ұзақ жылады. Мені туыстарым шақырса өзі бірге бармайды, мені де жібермейді. Кейде тыңдамай кетемін. Ондай кезде міндетті түрде үйде ұрыс болып, аяғы менің таяқ жеуіммен бітеді. Бұрын «уақыт өте түсінер, тұрақты жұмысы болмаған соң намыстанғаны шығар» деп ойлайтынмын. Ал қазір жүйкем жұқарған. Қит етсе айқайлап шығамын. Ол да бірден «ажырасамын, кет» деп шыға келеді. Өткенде кезекті бір сондай айқай кезде үйден кетіп қалып екі күн үйге қонған жоқ. Екі күннен кейін келіп, балаларын құшақтап жатқан соң «жағадан алмайын балаларын сағынған шығар» деп үндемедім. Сөйтіп уақыт өте жарасып кеттік. Екі күн бойы қайда жүргенін де сұрамадым.

Алғашында «екі күн бойы қайда қонды, мүмкін біреудің қойнынан шыққан шығар» деп қызғаныш бойымды билесе де намысқа тырысып үндемедім. Бірақ қазір сол кезде үндемегенім үшін бүгінгі күні өкінемін.

Алдыңғы күні де болмайтын нәрсе үшін екеуіміз ренжісіп қалдық. Негізі жолдасымның мінезі нашар, тоңмойын, керітартпа. Үш ай демалыс кезінде тұрақты айлық алмаған соң қиналып қалатындықтан, мен де мектептен үш ай жазғы демалысқа шығатындықтан «қосымша табыс көзін қарастырайық» деп отырғанмын. Жолдасым кекетті, «болмайды» деп кері тартты, аяғында «сен мені ақша таппайды» деп отырсың ба сонда деп, өзінен өзі жынданып, қолын ала жүгірді. Мен де «үнемі кері тартасың, неге айтқанға түсінбейсің, не өзің бастамайсың, не мені қолдамайсың» деп ренжігенім сол төмпештей жөнелді. Аяғында «сенімен тұрғым келмейді, ажырасам» деп үйден шыға жөнелді. Адам намыстанады да екен, біреу «кет ажырасамын» деп жатқанда үндемей отыра бергеннен. Мен де жерде жатқан жоқпын керек болса қазір-ақ қасыма біреу тауып ала аламын. Бірақ ағайын туыстан ұяламын. Қазір енді абысыным үйінде жүрген көрінеді. Абысыным мен қайынағамнан да ыңғайсызданамын. Бірақ жолдасымның қит етсе «ажырасамын» дегені жаныма батып барады. Баста ең алғаш кетіп қалғанда үйге кіргізбей біраз қинауым керек пе еді? Ағаларыма айтып, ақылға шақырайын десем мұның оларды көрсе тіпті жынданып кететінін білемін. Не істесем болады? Бұрын үйден әйел кетуші еді, еркек басымен өз үйінен безген мынаның ісі тіпті шаршатты. Басым қатты. Не ақыл айтасыздар? Жолдасымның болашағы бар ма? Әбден шаршадым.

Лаура Боқаева, Алматы облысы

Alashainasy.kz

Үйленбеген азамат ажырасып келіп отқан менің қолымды сұрап жүр
Құрбым өмірімде бір болатын тойымның шырқын бұзып кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу