Кеш оянған махаббат

Oinet.kz 25-03-2023 5655

«Махаббат деген ұлы сезім деп жатады ғой. Мен осы уақытқа дейін ешкімді құлай сүймегендіктен махаббаттың құдіреттілігін түсінбеген екенмін. Қазір мен бір адамды жанымдай жақсы көрем, бірақ өкінішке орай бірге емеспін, оған сезімімді ашық білдіре алмаймын. Шын сүюдің азабын тартып жүрген мен бейбаққа кеңестеріңізді берсеңіздер екен.

Screenshot_1.jpg

Өтінем мені қатты жазғырып, сөге көрмеңіздерші, онсыз да өзімді сондай жаман сезініп жүрмін. Бірақ жүрегімдегі сезімім жанымды жаралап, өзімді қоярға жер таппаймын.

Мен өзім үлкен отбасында тәрбиелендім. Анам мен әкем тату-тәтті өмір сүрді, мүмкін араларында ұрыс-керіс болған шығар, біраз біздің көзімізше ешқашан бір-біріне дауыс көтерген емес. Анамның айтуынша, ол әкеме өз ата-анасының қалауымен тұрмысқа шыққан. 18 жасында әке-шешесі анамды өздері жақсы араласын отбасының ұлына тұрмысқа берген. Үлкен кісілер баласының бақытын ойлайды ғой. Ал әкем болса анамды өмір бойы сыйлап өтті. Сондықтан анам бізге ылғи да отбасында махаббаттан бұрын сыйластық маңыздырақ. Күйеулерің өздеріңе қамқор болса, балаларыңа жақсы әке болса болғаны, махаббат деген отбасындағы түсіністік деп отыратын.

Біз үйде 5 ағайындымыз, үш қыз, екі ұл. Мен қыздардың кенжесімін. Екі әпкем де тұрмыс құрған, отбасыларымен жақсы тұрады, бауырларым да бір-бір үй болды. Ал өзіме келсем, менің де отбасым, бір ұл, бір қызым бар. Мен күйеуіммен екі жылдай дос болдым, екеуміз бір-бірімізге бауыр басып отбасын құрдық. Жолдасым өзімнен 8 жас үлкен. Қазір менің жасым 28-де. Мен күйеуімнің өзімді қатты жақсы көретінін білемін, балалары десе жаны бөлек. Бірақ мен онымен қанша жыл бірге тұрып келе жатсам да, күйеуімді сүйе алмадым. Оның жақсы адам екенін, қамқор әке екенін білемін, бірақ жаныма жоласа әлі күнге қашқақтаймын, оған еркелей алмаймын, өзімді әйел ретінде бақытты сезіне алмаймын. Бірақ мен ешқашан күйеуімді тастап кетемін, басқа біреуге ғашық боламын деп ойламаппын.

Өткен жазда мен демалыс алып, санаторийде демалуды жөн санадым. Бір уақыт үйдің тірлігінен, қаладағы тынымсыз өмірден тыныққым келді. Екі баланы бірінен-кейін бірін дүниеге әкелем деп, соңғы 5-6 жылда ешқандай демалыс көрмедім. Сондықтан өткен жазда күйеуіме екі баламды өзімнің мамама қалдырып санаторийге барғым келетінін айтты. Күйеуім жұмыстан босай алмайтын болғандықтан демалысқа өзім кеттім.

Тамаша табиғат, жайлы жерде орналасқан санаторийде ем алып, жақсы демалып жаттым. Айналдырған он күннің алғашқы 3-4 күні көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бірде табиғат аясында біраз демалып, кітап оқиын деп аулаға шығып, орындыққа отыра бергенімде көзім орындықта жатқан ер адамның әмиянына түсті. Әлгіні алдым да ішін ашып қарасам, 32 жастағы ер адамның жеке куәлігі, көлік жүргізу куәлігі, ақшасы, көліктің техникалық паспорты бар екен. Әмиянды сөмкеме салып қойдым да, иесі іздеп келер деп сол жерде кітабымды оқып біраз отырдым. Шамасы жарты сағаттан кейін мен ойлағандай, әмиянын жоғалтқан жігіт келді. Жаныма жайлап жақындады, да: «Қарындас, кешіріңіз, әмиянымды, құжаттарымды жоғалтып алған едім, осы маңға түсіп қалған секілді, көрмедіңіз бе?» деді. Мен бірден сөмкемнен әмиянды шығарып, жігітке қайтарып бердім. Ол маған алғысын жаудырып, дереу әмиянынан ақша суырып алып берді. Бірақ мен оның ақшасынан бас тарттым. Ол маған: «Ризашылығымды сізге қалай білдірсем екен, қарсы болмасаңыз, кешке бірге тамақтанайық, мен осы санаторийде достарыммен демалып жатқан едім, сіз жалғызсыз ба?» деп мені қояр да қоймай кешкі асқа шақырды. Екеуміз санаторийдің дәмханасында бірге тамақтандық. Дастархан басында ұзақ әңгімелестік, демалушылармен бірге биледік. Берік сондай ақ көңіл, ашық-жарқын жігіт екен, екеуміз бір-бірімізді бұрыннан танитын адамдардай араласып кеттік. Әңгімелесіп отырғанда ол маған өзінің отбасы, балалық шағы жайлы әңгімелеп берді. Әке-шешесімен бірге тұрады екен, отбасын әлі құрмапты. Өзінің жеке бизнесі бар екенін, өзінің өмірлік жарын іздеп жүргенін айтты. Мен іштей осындай жігіттің әлі бойдақ жүргеніне таңқалдым, әлде әйел біткеннің жүрегін жаулап, өтірікті қымыздай сапыратын біреу ме екен деп те ойлап қоям. Бірақ ол маған ешқандай ерсі қылық көрсетіп, артық сөз айтпады. Мен де оған өзімнің күйеуім, екі балам бар екенін айттым. Сонымен Берікпен танысқаннан кейін менің демалыс күндерім тіпті тез өті. Екеуміз күнде кешкісін табиғатқа шығып серуендейміз, әңгімелесміз. Ол маған демалыс күндерімізден естелік болсын деп сыйлық жасады. Шынымды айтсам, танысқанымызға бірнеше күн ғана болған Берік маған қатты ұнап қалды. Мен өзімнің бөлмеме келемін де, соны ойлаймын. Тезірек таң атса екен деп оны көруге асығамын. «Танымайтын біреуге сонша ынтыққаным қалай» деп өзімді-өзім басып қоямын, бірақ жүрек құрығыр соған қарай алып-ұшып тұрады. Демалысым бітуге жақындаған сайын көңіл-күйім түсіп, күні ертең өзім сүймейтін күйеуімнің жанына баратынымды, Берікті ешқашан көрмейтінімді ойлап әбден қапаландым. Менің ішкі сырымды Берік оқып тұрғандай, маған біртүрлі жабырқау көзбен қарайды. Ол мені құшағына тартып, жай ғана бауырына басады. Мен оның құшағында өзімді еріп кетердей сезінемін. Бірақ ол мені күнә жасауға итермелеген жоқ, екеуміз құшақтасудан арыға барған жоқпыз. Бұл менің имандай шыным. Екеуміз қоштасарда ол мені ып-ыстық құшағына ұзақ қысып, ернімнен сүйді. Сонымен екеуміз екі жаққа кете бардық.

Міне, содан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Мен Беріктің өзін де, ернін де ұмыта алар емеспін, жатсам, тұрсам соны ойлаймын. Жақында әлеуметтік желі арқылы оны тауып алдым. Анда-санда қал сұрасып, сөйлесіп тұрамыз. Кейде Берікті кездесуге шақырып, кездессем бе екен деймін де, балаларымды ойлап өзімді-өзім тоқтатам. Отбасым, балаларым үшін кеш оянған махаббатымды тұншықтыруға мәжбүрмін. Бірақ мен сезімімді тежеп, сүймеген адамымның жанында жіпсіз байланып өмір сүруден шаршап кеттім. Мені осындай күйге түсірген сезімді қалай өшірем?»

Гүлнәр, Алматы

Alashainasy.kz 

Сүйіп қосылған жарыңнан тірілей айырылғаннан ауыр қасірет жоқ екен
Ата-анам мені даяшы болып жұмыс істейді деп ойлайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу