Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Күйеуім қайтыс болған. 2 қызым бар. Бірақ екеуінің мінезі екі түрлі еді. Әсия - пысық, қайсар, сәнқой. Айман - көп сөйлемейтін, өз ісін тыңғылықты атқарып, көп еркелеуді де білмейді.
Мен 40-тан асқанда 2 қыз да тұрмысқа шықты. Әсия армандаған бай жігітін тапты. Айман да тұрмысқа шығып, Астанаға кетті.
Бар қызық, Әсиядан шықты. Күйеуі екеуі бизнес ашып, өз тірліктерін жасап жүрді. Бизнес күннен-күнге өркендеп, өсе берді. Екі бала да өсіп келеді. Бір күні Әсия бизнестеріне ақша жетпей жатқанын айтып жылады. Маған "үйіңді сатып, біздің қолымызға кел, кейін бәрі орнына келген соң қала ортасынан бір бөлмелі жаңа үй алып береміз" деп уәде берді. Ана болғасын, балаң бақытты болса екен дейсің. Мен келістім. Олар үйді сатып, бизнестерін жасап жүрді. Мен де жұмысымды істеп, бірге тұрып жаттым.
Күндердің күнінде құрбым жасы үлкен, әйелі араққа салынып кеткен үлкен ер адаммен таныстырды. «Екі жарты бір бүтін болайық» деп шештік. Ол ойымды қыздарым да қолдады. Сонымен, Әділдің бір бөлмелі пәтеріне көшіп бардым. Әділдің бірінші әйелінен 2 бала бар екен.
Біз өте тату тұрдық. Бір-бірімізді түсініп, «ерте неге жолықпадық екен» деп те армандадық. Біраз қаржысы болғандықтан бала-шаға келетін үлкен үй болсын деп қала шетінен үлкен зәулім үй тұрғызуды шештік. Бұрынғы тұрған үйді сатып, соған үйді толық аяқтадық.
Әсия сол бизнестен ақшаға құнығып, күйеуімен де арасы бұзыла бастады. Бір күні түнде үйге жылап келіп тұр. Үлкен қарызға батқан сияқты, онысын күйеуі білмейді екен. «Егер сол ақшаны таппасам, отбасымыз ойран болайын деп тұр, банкке кепілге қоятын үй керек», - деп жылаған соң Әділ ұлымен сөйлесіп, үйін кепілге қоюға келістірді.
1 жыл өткен соң Әсия күйеуімен ажырасып кетті. Несие де сол күйі төленбеген. Банк Әділ ұлының үйін де алып алды. Біз үнсіз ғана өзіміз еңбекпен салған үйді Әділдің ұлына босатып бердік.
Қартайғанда далада қалып, ақыры біз де ажырастық. Қазір екінші қызымның қолында тұрып жатырмын. Әсия сол Көкшетеуда ұсақ-түйек тірлігін істеп жүр. Жуықта «бір айда қайтарам» деп күйеубаланың сатқан көлігінің ақшасын алып кеткен еді. Ол ақшаның қайтпайтынын білсе де Айман әпкесінің көңілін қимады.