Қазанның күйесіндей қап-қара күйеуімнен жиіркенем

Oinet.kz 05-03-2023 4414

Күйеуімді бір көргеннен ұнаттым деп айта алмаймын. Қазанның түпкі күйесі сияқты қаралығы мені шошынтқан басында. Жүре-бара оның бойынан өзіме ұнайтын қасиеттерді біле бастадым. Әсіресе сөзге шеберлігі ұнайтын. Өзім аса сөзшең емеспін. Көп жерде ақымды жегізіп, сөз қайтара алмайтын босбелбеулігімнен көп жапа шегуші ем. Менің ақымды сол алып беретіндей-ақ көңілім құлады да тұрды.

Screenshot_10.jpg

Сонымен не керек, көп өтпей шаңырақ көтердік. Алғашында тату-тәтті, айрандай ұйыған отбасы едік. Еншімізді алып бөлек шыққаннан кейін мен күйеуімнің пышақ та қайрай алмайтын тым енжар, тым жалқау екенін бірақ білдім. Еркек басымен мені асырай алмайтынын да кеш ұғындым. Амал жоқ білекті сыбанып өзім жұмыс істедім. Азаннан кешке дейін салпақтап жұмыста жүргенімде, ол үйде теледидар қарап, алаңсыз жата беретін. «Ақша тапсаңшы» десең, неңе жеткізе алмай жатырсың деп қайта өзіңді кінәлайтын. Бармағымды шайнағаннан басқа амалым жоқ.

Тұңғышымды босанған соң амал жоқ оның жұмысқа шығуына тура келді. Жанын күтіп, бар тәтті дәмдіні жеп үйреніп қалған басы алғашында қатты қиналып жүрді. Өмір бойы мен асырап өтеді деп ойласа керек. Бас салбырап, тіптен жүнжіп кетті. Балам жасынан асса да бақшаға беруге асықпадым. Әбден менің мойныма мініп алған байғұс біраз өзі де тырбаңдап ысылсын дегенім еді.

Кішігірім өндіріс орнында жұмыс істейтін ол бірте-бірте үйге кешігіп келетінді, кейде ішіп келетінді шығарды. Достары кездесіп қалыпты, әріптестерінің «днюхасы» боп қалады. Әйтеуір бітіп болмайтын сылтау. Бара-бара мен оның үстінен арзан тұратын әтірдің иісін байқай бастадым. Бұл не десем, жұмыста ылғи әйелдер істейді, қасымда отырады, ары отыр деп айтайын ба енді деп ашуланатынын қайтерсің тағы. Ол мұнымен жанаспаса иіс сіңіп қалмайтын шығар? Телефонмен ұрланып сөйлесетінді шығарды, үйге келе сала телефонын өшіріп тығып тастайды. Әрине ұрының арты қуыс екені белгілі. Ақыры мен оның жұмысындағы бір әйелмен әмпей-жәмпей болып жүргенін білдім. Ішім өртеніп кеткендей болды. Үйде ұлы айқай туды. «Кет, құры...» деп ең зәрлі сөздерді төктім.

Ол қолын бір сілтеп кеткенімен көп өтпей ақ қайтып келді. Бірден суып кеттім. оның қойнында жату мен үшін азапқа айналды. Одан жиіркенетін болдым. Қасымда жатса оның көңілдесін аймалап құшақтап жатқаны елестеп кетеді де, жыным қозып аласұрамын. Бұдан кейінгі өмірім шым-шытырық болып кетті.

Әлгі әйел әбден әккіленіп алған біреу білем, бара бара басынатынды шығарды. Үй телефонына қоңыраулатып, пәленшені шақырып жіберші деп күйеуімнің атын айтады. Кімсің десем әйелімін дейді одан бетер жынданамын. Талай мәрте айқайластық, айтпаған сөзім қалмады.

Естуімше бірнеше күйеуге тиіп шыққан, сарқынды құсайды. Оны күйеуіме айтсам естімегендей болады. Екеуміз үнемі ұрсысамыз, үйде береке жоқ. Ақыр соңында ажырасайық дедім, сөйтсем жоқ мен сенімен тұрамын, кетпеймін деп күйдіреді ғой. Отбасымды сақтап қалайын, құрысын, бәрін ұмытайын деп бар күшімді салдым. Ұрсыса бермейікші деп оған тіптен сөйлемейтін болдым. Бірақ ішімді жайлаған күйік басылмай ақ қойды.

Күйеуім ішіп алса, ішінде бір сырын сақтамай ақтаратын әдеті бартын. Бір жолы қатты мас болып келгенінде ішіндегі қоясын ақтарды. «Бармайын десем де қалай барып қойғанымды білмеймін. Аяғым тартады да тұрады. Не істеймін енді? Мені басқа жаққа алып кетші, өтінем, ұмытайын» деп жалынды. Тағы бірде «мен оны қайтем, менімен ғана жүреді дейсің бе, басқа еркектермен де сөйлесіп жүргенін байқадым. Туып беріп жатқан баласы жоқ мен қайтем оны, тастаймын» деді.

Содан ол түзеле бастады. Үйге ерте келеді, есін жия бастады... Ақырында күйеуімнің көңілдесі басқа бір қалталыны қармағына іліндіріп, сонымен кеткенін естідім. Отбасым тынышталды, бірақ көңілде бір сыз қалды... Мен одан жиіркеніп тұрам...

Айғаным Ақылбай, 

Павлодар

Ағам тоғыз рет үйленді
Күйеуім қартайғанда қызғанып, жүйкемді тоздырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу