Келін болғаныма өкінемін

Oinet.kz 04-03-2023 2325

Бір жыл бұрын тұрмыс құрдым. Келін болып түскен күннен бері басымыздан қара бұлт үйірілмеді. Біріншіден, ата-енем ауылда тұрады, ал біз күйеуім екеуіміз Алматыда қоныстадық. Оның жұмысы, менің әлі аяқтала қоймаған оқуым бар еді. Дүркіретіп, тойды да өткіздік. Көп уақыт өтпестен үйімізде түрлі жағдайлар орын ала бастады. Ауылдағы ата-анамыздың малға деп алған бір қора шөбі бір түнде жанып кетті. Жағдайдың қалай орын алғаны беймәлім. Қаскүнем біреуердің қолдан жасаған ісі екені ғана анық болды.

Screenshot_4.jpg

Ол мәселенің басын ашамыз дегенде қайын ағам аяқ асты жол апатына ұшырап, екі апта ес-түссіз жатты. Сүйектері сынып, миына қатты зақым келген. Дәрігерлер төсекке таңылып қалу қаупі бар деп ескертті. Осылай жүріп бір жылдың қалай өтіп кеткенін түсінбей қалдық. Қайын ағам ұзақ емдеу шаралары мен арнайы мамандармен жұмыс істегеннен кейін беті аз да болса бері қарады. Осы жағдайлардың бәрі мен келгеннен кейін орын ала бастағандықтан, өзімді барлығына кінәлі сезіне бастадым. Үйіме құт-береке әкелудің орнына, уайым-қайғы әкелдім. Басымыздан түрлі жағдайлар өткеннен кейін жеке өмірімізге де мән бермеппіз. Осы бір жылда бойыма бала біткен жоқ. Бір жағынан үйдегі жағдайларды уайымдап, түрлі ойларға берілгеннен кейін осылай болғаны дұрыс шығар деп те ойланамын.

Уайымдағанымнан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Көзім іліне қалса, дем жетпей, бастырылып таңды атырамын. Күйеуім отбасының жағдайын ойлап, жұмысын уайымдап жүргенде, жағдайымды айтып мазалағым келген жоқ. Бірақ, күнде түнде шошынып оянып жүргенімді көрген ол психологқа барылуымды сұрады. Сөзінің жаны бар деп мен де бірден жақсы бір маманның қабылдауында болдым.

Бастапқы күндері басымдағы ойлармен күресіп, барлығын шешпек болдым. Мазалаған ойларыммен бөлісіп, жеңілдегендей болдым. Дегенмен, бәрі бір түнде бастырылып, себепсіз жылайтын болдым. Неден қорқып, кімге ренжігенімді білмеймін. Кейде ойланып отырып басқа әлемге кетіп қалғандай боламын. Есімді жисам көзімнен жас сорғалап тұрады. Сол кезде өзімнің тұншығып бара жатқанымды сеземін. Бұл жағдайлардың бәрі неден болып жатқанын түсінбеймін. Өмірімде біреуге қастандық істеп, ешкімнің жолын кескен емеспін. Бірақ бәле-жаланың бәрі менің өмірімде орын алып жатыр. Мәселенің түйінін кімге шештірсем болады? Емшілер мен басыларға қаралуға қорқамын.

Сырласу журналы

Анама деген өкпем қара қазандай, ешқашан кешіре алмайтын шығармын
Кәрі қыз болғасын отбасылы еркекпен жүрмін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу