Туған ағам анамыз ауырып жатқанда мүлде көмектеспей қойды

Oinet.kz 24-01-2022 8043

Менің екі ағам бар. Әкеміз жастай жол апатынан қайтыс болған. Анамыз бізді жалғыз өзі жетілдірді. Үлкен ағама жоғары білім алып беріп, оны жұмысқа орналастыру үшін барын салды.

Screenshot_6.jpg

Жақында университет бітіріп, әкімдікке жұмысқа кірген екінші ағам бізбен бірге Шымкентте тұрады. Мен 2-ші курс студентімін. Үлкен ағам шаңырақ көтеріп, Алматыға қоныс аударған. Сол жақта құрылыс заттарын тасымалдайтын компанияда жұмыс істейді. Жеңгем болса сән салонында бет әрлеуші. Екеуі пәтер жалдап тұрады. Анам жұмыс істеп жүрген кезде айлығының тең жартысын үлкен ағама, қалған жартысын кіші ағам екеумізге беретін. 

"Үлкен ағаларың пәтер жалдап жүр, қиналып қалмасын" деп айтатын. Біз анамыздың бұл қамқорлығына сүйсінетін едік. Жақында анам зейнетке шықты. Жұмыс істеп жүрген кезіндегідей, зейнетақысының жартысын Алматыдағы Досханға жіберіп отырды.

Әбден жұмыс істеп үйренгендіктен бе, анам қалай зейнетке шықты, солай ауыра бастады. Ет қызуымен білінбей жүрген аурулары шетінен мазалайтынды шығарды. Бұрыннан келе жатқан созылмалы аурулары бар еді, сол аурулар анамды алып жықты. Содан анамызды емдетуге біраз ақша керек болды. Анамыздың зейнетақысы бір өзіне жетпей қалды. 

Анам ауырған соң алғаш рет зейнетақысының жартысын Алматыдағы Досханға жібермей, өзіне дәрі алды. Сол кезде Досхан телефон соғып, қоярда-қоймай ақша сұрады. "Пәтер ақымызды төлей алмай жатырмыз" деп. Анам қынжылып тұрып, туған-туыстардан қарыз сұрап Досханға салып жіберді. Содан күйіп кеткен екінші ағам Нұржан ағасына оңашада телефон шалып, мән-жайды түсіндірді.

"Анамыз ауырып жатыр. Сен анамыздан ақша сұрағанша ақша салып жібермейсің бе?" деп ренішін білдірген ғой. Сонда Досхан бет бақтырмай: "Сен әкімдікте жұмыс істейсің. Айлықтан бөлек табыстарың көп қой" деп өзіне қарсы атылған. Екеуі қатты айқайласып қалды. 

Шындығында әкімдікке енді жұмысқа кірген Нұржандағы қайдағы артық ақша? Айлығы 150 мың теңге ғана. Менің шәкіртақым 40 мың теңгеге жуық. Одан бөлек, кафеде даяшы болып күніне 5-6 мың теңге табам. Әйтеуір осы табысымызды барынша үнемдеп, анамызға дәрі-дәрмек әперіп жатырмыз. Ауруханаға кейбір сараптама-талдауға қажетті ақшаны да өзіміз төлейміз. Анамызға жұмсақ тамақтар қажет. Оны да ағам екеуміз жабылып жүріп алып берудеміз. 

Өкініштісі сол, Досхан Алматыда пәтер жалдап тұрмын дегенді сылтауратып бір тиын жіберген емес. Керісінше бізден алғысы келіп тұрады. Әлі күнге дейін анамыздың зейнетақысына жармасып жүргені. 

Анам ауырғалы мүлде көңілін сұрап келген емес. Бір-екі рет өтірік қана телефонмен сөйлесіп жағдайын білген болды. Жеңгеміз тіпті хабарласқан емес. Ағамның осыншалықты суық болып кеткеніне қаным қараяды. 

Неге бұлай? Үлкен қала адамды суық қыла ма?    

Келінім баласына қарамай тастап кетіп қалды
Күйеуімнің кіммен сөйлесіп жүргенін көргенде естен тана жаздадым...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу