Ербол Бейілхан, ақын: «Мен интернаттың баласымын»
Менің балалық шағымның куәгері Алтайдың арғы жағы Моңғолия жері. Бай-Өлке аймағындағы Үш Ойғыр ауылы. Таулы аспаны да қызық еді. Біздің аспанның бұлттары да ауыр болатын... Сол ауылдың аспанынан анда-санда гүрілдеп ұшақ ұшып өткенде «шіркін, аспанда қалықтап жүрер ұшқыш болсам ғой» деп армандап едім. Бәрінен де ауылдың жайлауын айтсаңызшы. Ауыл адамдары жаз шыға үш күн сайын қара жарыс, ай сайын бәйге ұйымдастыратын. Бес жасымнан бастап атқа мініп, тай үйретіп, бәйге шауып, шабандоз болдым. Таулы, қыратты жер болғасын үлкендер ат сүрінгенде бала үзеңгіге ілініп қалмасын деп атқа жайдақ мінгізетін. Бәйгеде тұлпарлардың тұяқтарынан ұшқан құм, топырақ, тас көзімізге, бетімізге шашыраса да, бәйгеден оза шапқанда бәрін ұмытып кетуші едік. Егіз қозыдай бірге ойнап өскен Қапар деген бауырым бар еді. Марқұм 28 жасында өмірден озды. Сол Қапармен бірге қыраттарды асып, суыр аулағанымыз әлі көз алдымда. Суырларды жәйлап аңдып, алдымен ақылды Жолдыаяқ деген итімізге «фас» дегенде ол жүгіріп барып суырға тап беріп, бізге қарай лақтырады. Біз суырды дереу өлтіріп, осылайша бірнеше суырды үйге әкелуші едік. Үйдегілер біздің олжалы келгенімізге қуанып, суырдың терісін сатқан ақшаға киім-кешек әпергеніне біз мәз болатынбыз. Ал қыста соғым союдың қызығы басталады. Біздің ауылда әр үй соғымға бір жылқы, бір сиыр, 15-20 шақты қойды бір-ақ соятын.
Қазір мұны өзгелерге айтсам мүмкін еместей көреді. Осыншама мал сойылғасын қанына ит-құс, шау қарғалар үйірсектеп қалатын. Қапармен бірге шау қарғаларға арнап елеген, қақпан, тұзақ құрушы едік. Баламыз ғой, қолға түскен шау қарғаның басына томаға кигізіп, ұзақ ұшып кетпесін деп аяғына ауырлау зат байлап, аң-құсқа ұшыратынбыз... Шау қарғаға бүркіттей болу қайда, қоян ауламаса да оны аңға салу біз үшін қызықты болатын. Қазір шау қарғаларды көрмегеніме талай жылдың жүзі болды. Шынымды айтсам, балалықты еске түсіретін сол шау қарғалардың өзін сағынып жүрмін. Біздің аңшылыққа деген құмарлығымыз үйге Нәсірәлді шалдың келуімен байланысты болды. Ақсақал қақпан құрып, аң аулаудың шебері-тін. Не құдіреті барын қайдам, әйтеуір оның құрған қақпанына қасқырға дейін түсетін. Бірде біздің үйде қонақта отырған Нәсірәлді атаға қақпанды қалай құруды үйретуін сұрадық. Ол бізге бүге-шігесіне дейін үйретіп кетті. Содан Қапар екеуміз «менің қолым емес, Нәсірәлі атаның қолы» деп ырымдап, қақпан құра бастадық. Аңшылығымыз жаман болмаған секілді, ұстазымыз сықылды қасқыр олжаламасақ та бөріден басқасының бәрі қақпанымыздан құтылып кеткен емес.
Бес жасымда әпкелерімнің кітаптарын қолыма алып, әріп танып, оқып-жаза білдім. Қой бағып жүріп, кітаптан бас алмадым. Сонда кітаптың, оқиғаның ішіне кіріп кеткенім соншалық, кейіпкерлердің жанында жүргендей болатынмын. Кітап оқып отырып, «осы жазуышылар қайда өмір сүреді екен, не жейді екен, өздері жерде өмір сүретін адам ба?» деген ойға қалатынмын. Кейін өзімнің де жазушы боларымды білмеген екем-ау сол сәтте...
Сегіз жасымда Қапар екеумізді Бейілхан атамыз жырақтағы Көкмойнақ деген жердегі мектеп-интернатқа оқуға апарды. Ойын баласына мектептегі өмір қызық көрінді білем, жеткенше асықтық. Жаңа ортаға алғашқыда бөтендік танытпадық. Дегенмен, арада күндер өткесін ауылымызды сағына бастадық. Бір күні балалар жүгіріп келіп «аталарың келіп тұр» деді. Екеуміз сыртқа қарай жан ұшыра жүгірдік. Сол кездегі қариялардың қаталдығына қайранмын. Атамыз бізді сағынып тұрса да білдіртпестен кекілімізден жәй ғана сипап қойды. Содан бізді үйге сұрап алып кеткенде қуанышымыз қойнымызға сыймады. Алайда жақындарымызбен көзайым болғасын қайтадан интернатта қалуға аздап қиналдық. Бізді ұстаздарға табыстап кеткен атамыздың қайтып бара жатқанын терезеден көзіміз шалып қалды. Сонда терезеге телмірген біз шапаны мен тымағын киіп, атын жетектеп бара жатқан атамызды қимай, көзімізге жас алдық. Бұл біздің ауылға деген сағынышымыздың алғашқы көз жасы еді. Алайда содан кейін біз жыламауға бекіндік.
Кейіннен интернатқа да бой үйреніп, есейе келе қыздарға да қырындауды шығардық. Сезім алғаш бүр жара бастаған сәттерде ұнатқан қыздарға өлеңдетіп, үш бұрыштап хат жаздық. Жазуын жазасың ғой, бірақ оны қызға қалай табыстаудың амалын таппай қиналдық. Бір қызығы, өлеңмен өріп жазған хатыңа қыздар өлеңмен жауап беретін. Егер хатта: «Себелеп жаңбыр жауады, осы хаттың жауабы бола ма депсіз, болады» деп жазылса ол арудың «жүремін» деген сөзі еді, ал егер: «Себелеп жаңбыр жаумайды, көңілім саған аумайды, осы хаттың жауабы бола ма депсіз, болмайды» десе, барлығы бітті дей бер.
Не керек, қиыншылығы мен қуанышы қатар жүрген интернатта он екі жыл өмірім өтті. Мектепті Қапар екеуміз үздік бітірдік. Көбісі интернаттың ережесіне, тамағына шыдамай, қиналып оқудан шығып кететін. Бірақ біз бәріне де шыдадық. Интернаттағы өмір бізге сегіз жасымыздан бастап өз өзімізге қарауды, өз жыртығымызды өзіміз жамап алуды, ұқыпты болуды, үнемдеуді, еңбек етуді, шыдамдылық пен сабырлыққа үйретті. Әкем елдің аузына ілінген сыйлы кісі еді. Ол менің 6 жасар кезімде қайтыс болды. Артында небәрі жиырма бес жасында жесір қалған жары мен екі ұл, екі қызы қалды. Күллі ел бізді Бимұраттың артында қалған тұяқтары деп маңдайымыздан сипап, еркелетіп өсірді. Сондықтан әкемнің атына кір келтірмейін деп адал жүріп, жақсы оқуға тырыстым. Бала күнім алаңсыз өткенімен анамның, ата-әжемнің әкемізді жоқтап, сағынып өткен жүздерін, мұң толы көздерін көріп өстім. Мүмкін осының барлығы менің ақын болуыма себепкер болды-ау деп ойлаймын. Оқырмандар менің өлеңдерімнің астарында сағыныш, мұң, шердің барын байқаған болар. Тағдыры жоқ ақыннан жақсы дүние тумайды. Пенденің тағдыры туғанда пешенесіне жазылса керек...
Жазып алған: Айнұр Асанқызы