Жанабыловтар үйқамаққа алынды
Қаржы мониторингі агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғанын мәлімдеді деп жазады Оinet.kz порталы.

Тергеу мәліметінше, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыптылар 2025 жылы онлайн-курстарды сату сылтауымен заңсыз схема ұйымдастырған. Курстарды сатып алуға негізгі түрткі – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу мүмкіндігі болған.
Алайда ұсынылған бейнематериалдардың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін жасыру үшін пайдаланылғаны анықталды.
ҚМА дерегінше, жүлде қоры жеке қаражат есебінен емес, қатысушылардың курсқа төлеген ақшасынан қалыптастырылған. Сонымен қатар электронды «сәттілік барабанының» параметрлерін өзгерту арқылы 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылған, ал құнды сыйлықтарды алу мүмкіндігі төмендетілген.
Күдіктілер ең көп репост жасаған қатысушыға 11-інші автокөлік табысталғанын жариялағанымен, іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық берілмеген.
Нәтижесінде «Zhana Business» ЖШС-не тиесілі шоттарға 247,5 млн теңге түскен, оның 60 млн теңгесі депозиттерге орналастырылған. Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефоны мен Lamborghini Urus және Lexus LX 600 көліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілерге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Қазіргі уақытта олар қылмыстық іс материалдарымен танысуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, блогерлердің ісі бойынша қорғаушы сот шешімін заңсыз деп танып, апелляциялық шағым түсірген.


