Түркістан облысында полицияның салғырттығы адам өліміне әкеліп соққан
Жуырда Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында былтыр Сайрам ауданында болған қасақана кісі өлтіру бабына қатысты іс қаралып, үкім шығарылды.
Үкімге қарағанда, оқиға былтыр шілде айында болған. Аталған аудандағы ауылдардың бірінде тұратын отбасыда ұрыс-керіс орын алған. Ұрыс керіске ерлі-зайыптылардың бірінің, дәлірегі әйелдің соңғы бірнеше жылда ішімдік ішіп, маскүнемдікке салынғаны себеп болған көрінеді. Осындай ұрыс-керістің салдарынан күйеуі ашу үстінде әйелін қылқындырып өлтіріп қойған. Ертесіне ол мәйіттің үстіне бензин шашып, өртеп жіберген.
Сот барысында сотталушы тағылған айыпты мойындамаған. Алайда сот куәгерлердің жауаптары мен сараптама қорытындысына сүйене отырып, оны қасақана кісі өлтіру бабы бойынша кінәліп тапты, оған 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот сонымен бірге осы іс бойынша жекеше қаулы шығарды. Қаулыда Сайрам аудандық полиция қызметкерлерінің өз істеріне салғырт қарағаны, оның соңы адам өліміне әкеліп соққаны келтірілген.
Қаулыда жазылғандай, сотта сұралған куәгерлердің бірі қайғылы оқиға болардың алдында жәбірленушіні көргенін, сол кезде оның қолдары, денелері көгерген күйде болғанын, ол өзіне «күйеуім мені қатты ұрып жатыр», «ұялы телефоның арқылы полиция шақырып бер» деп көмек сұрағанын айтқан. Куәгер «102» нөміріне соғып, телефонды жәбірленушінің қолына ұстатқан. Жәбірленуші полицияның кезекші бөліміне өзінің тұрғылықты мекен жайын айтып, «күйеуім қатты ұрып жатыр, бір шара қолданыңыздар» деп айтқан.
--Алайда, Сайрам АПБ-нің полиция қызметкерлерінің жәбірленушінің шағымы бойынша тиісті шаралар қолданбағаны, яғни аса ауыр қылмыстың орын алмауына байланысты алдын алу шараларын дұрыс жүргізбегені анықталған. Нәтижесінде, аса ауыр қылмыстың орын алуына яғни, адам өліміне әкеліп соққаны анықталған,--деп жазылған қаулыда.
Сот жекеше қаулыны Түркістан облысының прокурорына жолдаған. Соттың шығарған қаулысы әртүрлі сұрақтарды туындатады:
Оқиғадан бергі аралықта алты айдан астам уақыт өткен. Бұл жағдайды жоғарыдағы басшылар білген бе? Содан бергі аралықта Түркістан облыстық Полиция департаменті өздерінің қызметкерлеріне қатысты тиісті тексеру жұмыстарын жүргізбеген бе?
Түркістан облыстық прокуратурасы енді бұл мәселе бойынша қандай шешім қабылдайды?


