Министр Шымкенттің полиция департаментінің жұмысын қатаң сынға алды
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент қалалық полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізіп, ведомствоны қатаң сынға алды. Сондай-ақ басқарманың жаңа басшысын таныстырды.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшысы Мұхтар Қожаевты таныстырды. Ол бұған дейін Ішкі істер министрлігі тергеу департаментін басқарған. Полиция генерал-майорының басқарушылық және тергеу саласында тәжірибесі бар. Ол тергеушіден бастап орталық аппарат департаментінің басшысына дейінгі қызмет жолынан өткен.
Министр Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмысқа қарсы күресті күшейту қажет екенін айтты.
“Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді”, – деді министр Саденов.
Сондай-ақ министр сталкингке (қудалау, аңду) қарсы күресті күшейтуді, мұндай қылмыстар бойынша бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеуді және тергеушілерді арнайы оқытуды тапсырды. Қорқыту, қысым көрсету фактілеріне дер кезінде құқықтық баға берілмесе, ауыр салдарға әкелетінін ескертті.


