Эпидемиологниялық ахуал күрделі. Қызылша көп таралған аймақтар аталды

Oinet.kz 05-02-2026

Қазақстанда қызылшаның таралуы тоқтамай тұр. Денсаулық сақтау министрлігі аурудың негізгі себебі ретінде вакцинациядан жаппай бас тартуды атап отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінде өткен республикалық штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Жиынға өңір әкімдерінің орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармалары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшылары қатысып, індеттің таралуын тежеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды күшейту мәселелерін талқылады.

Министрлік барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанымен, аурудың таралуын толық тоқтату әзірге мүмкін болмай отыр. Мамандардың айтуынша, қызылшаның кең таралуына вакцинациядан жаппай бас тарту негізгі себептердің бірі. Өткен жылдың соңынан бері аурушаңдық көрсеткіші тұрақты түрде өсіп келеді.

Эпидемиологиялық талдау деректеріне сәйкес, қызылшамен ауырғандардың 79 пайызы мүлде вакцина алмаған, 8,4 пайызы екпенің толық курсын өтпеген, ал шамамен 10 пайызының иммундық мәртебесі анықталмаған. Ерекше алаңдаушылық тудырып отырған жайт – екпе алмаған балалардың 59 пайызы ата-анасының шешімімен вакцинациядан бас тартқан.

Жыл басынан бері республика бойынша қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелді. Аурушаңдық ең көп Астана қаласында – 581, Жамбыл облысында – 339, Алматы қаласында – 317 және Алматы облысында – 146 жағдай анықталған.

Мамандар қызылшаның аса жұқпалы вирустық ауру екенін ескертеді. Вакцина салдырмаған жағдайда дерт ауыр өтіп, пневмония, есту қабілетінің төмендеуі, жүйке жүйесінің зақымдануы мен энцефалит сияқты қауіпті асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар аурудан кейін иммундық жүйе ұзақ уақыт әлсірейді.

Қауіп тобында – жас балалар, екпе алмаған ересектер, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар және иммунитеті төмен азаматтар. Дәрігерлер қызылшадан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы вакцинация екенін тағы да атап өтті.

Шымкентте 2 мыңға жуық адам АИТВ инфекциясын жұқтырған
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу