Қазақ тіліне қарсы шыққандар аяқ астынан тіл жайлы «ақыл» айтқыштарға айналыпты – Қазыбек Иса

Oinet.kz 04-02-2026

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Конституцияға енгізілетін өзгерістер талқыланған отырыста мемлекеттік тіл мәселесіне арнайы тоқталды деп жазады Оinet.kz.

image.png

Депутат Парламент қабырғасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында ұзақ жылдар бойы күресіп келе жатқанын атап өтті.

«Осы парламентте қазақ тілі үшін менен артық күрескен ешкім жоқ. Парламентте  Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жайлы депутаттық сауал жасағанымда бір ауыз қолдау жасай алмай, қайта қазақ тіліне қарсы шыққандар қазір аяқ астынан тіл жайлы “ақыл” айтқыштарға айналыпты...Қазір парламент 90 пайыз қазақша сөйлейді, құдайға шүкір. Өзге этнос өкілдері, әріптестеріміз де бізбен жарысып, мемлекеттік тілде сөйлеп отыр», - деді ол.

Ол бұл бағытта «Ақ жол» партиясының бастамалары жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқанын айтты. Соның бірі – Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру талабының заңға енгізілуі.

Қазыбек Иса тіл мәселесіне қатысты шешімдер қабылдауда сақтық пен салмақтылық қажет екенін ерекше атап өтті.

«Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделігі сондай: тіл мәселесі қауіпсіздік факторына айналды. Бүгінгі әлемде ол ішкі саясаттан  шығып, геосаяси  құрал мен ықпал болып тұр. Сондықтан, өкінішке орай тілге қатысты кез келген қатаң шешім сыртқы күштерге ақпараттық және саяси манипуляция жасауға дайын аргумент болмақ. Тіл мәселесінің байыптылығы  тұрақтылықты сақтайтын механизм қызметін атқаруда.Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, Тәуелсіздікті сақтап қалу да сондай қиын дейді данышпандар.  Сондықтан бұл мәселеге біз байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек. Мемлекеттік тіліміз ұлтымызды ұйыстыратын мәртебесі айқын тілге айналуы қажет», - деді ол.

Денелері тас болып қатып қалған. Алматы облысында бір отбасы уланып қайтыс болды
Атышулы Эпштейн ісіне қатысты Қазақстанда тексерулер жүргізіле ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу