Кәкімбек Ердібаев: «Әндерім ғашығымның жүрегіне жол тапты»

Oinet.kz 22-04-2019 1424

Менің «махаббат қызық мол жылдарым» сонау студенттік шақтарымнан басталды.  Мектепті аяқтап, нағыз бозбала шақта  қыздарға көз қырын сала жүру жігіттердің әдеті емес пе?!  Музыкалық колледжде білім алып жүргенде жүздеген қыздардың ішінен көзім бірден Зайнұр есімді сұлуға түсті. Мен домбыра сыныбында оқысам ол қобыз сыныбына түсіпті. Алғаш кездестірген сәттен бастап оны күн сайын көруге асықтым. Бағыма орай екеуміз бір колледжде оқыдық. Кейде сабақтарымызсәйкес келіп, бір аудиторияда отырып қаламыз. Сондай сәттерде оның жанына барып, әңгімеге тартуға тырысқаныммен батылым жетпей жүрді. Студент  кезімде мен алғашқы өлеңдерімді, әндерімді жазып, күй шығарып жүрдім. Кейбір әндерім жастардың арасында шырқалып, есімім таныла бастаған кез еді. Ақын ғашық болса бірден өлең жазбай ма? Мен де Зайнұрға арнап бірнеше өлеңдер жазып, әндер шығардым. Уақыт өте келе әндерім арқылы ғашығымның жүрегіне жол таптым-ау әйтеуір. Оны көргенде сөз таба алмай қалатынмын, әйтеуір  өнерім арқылы ортақ тіл табысып, қоян-қолтық араласып кеттім. Оның  «Әндерің керемет екен, менің көңіліме жақты» деген бір ауыз сөзі менің  бақыттан  басымды айналдырды ғой. Не керек,  жақсы көретін аруымның көңілінен шығу үшін барлығын жасадым. Қос ғашық қол ұстасып жүріп, киноға бардық, әр алуан қызықты күндерді бірге өткіздік. Сөйтіп үшінші курстың соңында шаңырақ көтердік. Тойымыз менің туған өлкем - Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аймағында дүркіреп өтті.   

Screenshot_13.jpg

Алла Тағала жарым екеуміздің жолымызды бекер қоспаса керек-ті. Себебі қарап тұрсам екеумізге ортақ дүниелер көп екен. Оқуды аяқтаған соң еңбек жолын музыка мектебінен бірге бастадық. Қазір де екеуміз шәкірт тәрбиелеумен айналысамыз. Шығармашылықтың адамы болғасын бір-біріміздің жан сырымызды, ішкі ойымызды сезіп тұрамыз. Осындайда небір әңгімесі жараспаған отбасыларды көріп, жанұямның ұйытқысына айналған жарыма риза боламын. Қызмет барысында оқушыларға елді, жерді, отанды сүюді, салт-дәстүрді, үлкендерді  құрметтеуді үйртесек үйде соны балаларымыздың құлағына құйып отырамыз. Осылайша 24 жылдан  бері отбасы мен қызметті бір арнада үйлестіріп бірге ғұмыр кешіп келеміз. Зайнұрдың бойында ер азаматты қадірлей білетін үлкен қасиет бар. Сондай-ақ еңбекқорлығы, тазалығы адам сүйсінерліктей. 

Screenshot_11.jpg

Бір терінің пұшпағын илеп жүргесін өнердің, ұстаздықтың ішкі әлемі бізге жақсы мәлім. Шығармашылықтың адамдары көбінесе отбасында қызғаныштың кесірінен бастары дау-дамайға қалып жатады. Біз жас кезімізде гастрольдік сапарларға бірге барып, сахнаға бірге шығып жүрдік. Сондықтан оның қызғанышқа бой алдыруына ешқандай жол бермедім деп ойлаймын. 

Қазір бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған жайымыз бар.Үлкен қызым анасының жолын жалғап Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында қобыз сыныбында оқып жатыр. Ұлым бесінші сыныпта оқиды. Өзінің өнерге де, спортқа да бейімі жоғары. Ал кіші ұлымыз үш жасар. Болашағынан зор үміт күтеміз.   

Жазып алған: Айнұр Оңғарбай

Ербол Бейілхан, ақын: «Мен интернаттың баласымын»
Біздің бала үшін өмір сүретініміз өтірік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу