Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жұмыс, ұжым, бастық, қоңырқай тіршілік, сүреңсіз мына өмір өзімізге ұнамаса да, өткен кеткен, алда болар сәтсіздіктің бәрін біз баламен ақтап аламыз. Себебі, «сол баланың болашағы үшін» осындай сұрқайлы күн кешіп келеміз. Еңкейіп біреуге пара берсек те, тізе батырып біреуден «сыбаға» алсақ та, осы мәжбүрлік, осы қылмыс, осы сорақылық пен қулық һәм жағымпаздықтың бәрін тек қана «баламыз таршылық көрмесін, ақшадан қиналмай өссін» деп жасаймыз.
Құдай қосқан қосағыңмен күндіз сөзің жараспай, түнде құшағың жылымаса да бір шаңырақтың астында онымен ықтиярсыз, зорлықпен өткізген азапты күндерің де бала үшін.
Кісі жібін аттамай, сыбайластық пен жемқорлыққа жоламай, байлардың дәулетіне жете алмай, ақшаға келгенде сіңірлі кедейдің қатарында қалсаң да – бала үшін. «Әке-шешең кісі ақысып жеп еді...» деген айыптау сөзін болашақта оған естірткің келмегені.
Тасың өрге домалап, бағың мен бабың қатар шауып, ел қалаған азамат болсаң да – бала үшін. Себебі, жаман ата-ана болғың келмегені. Хош! Қандай қал кешсек те, біз бала үшін бәріне дайынбыз дейміз. Ал, осы сөзіміз қаншалықты рас? Қаншалықты өтірік?
Біз бала үшін перзентханадан бастап пара береміз. Мектепте де тоқтамаймыз.Үйлендіріп, қызметке тұрғызғанша бұл әдеттен әсте шаршамаймыз. Бірақ, бауыр етіміз–баламыз үшін біз шындап келгенде күресе алмаймыз ба?
Бір ғана мысал айтайын (мыңдап айтуға да болады). Аязды сенбі еді. Мектептің алды. Бірнеше бастауыш сыныптың оқушылары үлкен автобусқа сиятын емес. Мұғалімнің «бірің қалмай театрға барамыз» деген тапсырмасын ешбір ата-ана жерге тастай алмаған. Тап сол күні әр ата-ананың отбасылық жоспары болуы мүмкін, бала театр қойлымын бұған дейін көріп алған шығар немесе театрға баруға уақыты болмас дегендей жеке мәселелер мектеп директорын де, мұғалімін де алаңдатпағандықтан «театр жорығының» төркініне сөз шығындап әуре болмайық.
Ата-анасының «қатарынан кенде қалмасын» деген аяулы һәм жанашыр түсінігімен мектеп алдына аязды таңда жиналған бірнеше сыныптың кішкентай оқушылары үлкен автобусқа сиятын емес. Мұғалімдер амал тапқыш мұндайда. Бір орынға екі баладан отырғызып көрді. Қатарласқан екі орындықта төрт бала қысылып қалды. Бірақ, олар өзге сыныптастарына қарағанда бақытты еді. Себебі, оларға орындық бұйырды! Қалған «бақытсыз» оқушыны автобустың ішіне қой тиегендей сығылыстырып, кептеп, көгендеп қойды. Соның өзінде, ешқандай жазығы жоқ, ешкімге жамандық жасамаған жиырма шақты бала автобусқа симай далада қалды.
Осы көрініске сырттай көз салып тұрған бір қауым ата-анада үн жоқ. Олар үшін бұл кептеліс, әділетсіз бұл «базардың» бәрі заңдылық секілді. «Автобусқа деген 200 теңгені бердік, бала енді неге қысылып отыруы керек? Немесе жарты бала орындыққа отырып, жартысы неге тізе бүкпей түрегеп тұруы шарт? Аяқ-асты жол апаты болса, бала денсаулығына кім жауапты?» дегендей өте қарапайым, соншама ақылды қажет етпейтін оп-оңай сұрақты тарс еткізіп сұрай салуға бірде біреуінің дәті жетпеді. Театрға барар бала саны мектеп мұғаліміне де, директорына да белгілі яғни, әр оқушыдан жолақыға 200 теңге алынғандықтан автобуста бәріне неге орын жетпейді? Ал, көлікке симай жарым көңілде қалған баланың мұңын кім жазбақ? Оның не үшін өзгелерден бөлектеніп, не себепті далада қалғанын сәби жүрегіне кім түсіндірмек? Мұғалім бе, әлде, ата-ана ма? Дәл осындай жағдайда өз баласының қауіпсіздігі, оның ренжіп, ашуланып көңілін бұзбауын, қысылысқан құрбыларымен ренжіспеуін, дұрыс демалуын, жақсы серуендеуін мұғалімнен немесе шараны ұйымдастырушыдан талап ете алмаған ата-анадан не күтуге болады? Әлде, оның бала алдындағы тәрбиелік міндеті театрға деген 500, автобусқа деген 200 теңгесін дер кезінде жинап берумен шектеле ме?
Ақысы төленген соң баласына тиесілі орынды талап ету – майданға, шеруге шығу емес. Баланы автобусқа малша тиеуге ата-аналық қарсылығын білдіру, қауіпсіздігіне алаңдауы – саяси ұран емес. Балаға дұрыс білім, тәлім бере алмаған мұғалімге, мектепке сын айту – бүйректен сирақ шығарғандық емес. Өкінішке қарай, осындай олқылықты түзеуге, мәселе көтеруге келгенде біз тым жуас, момынбыз. Неге? Тағы да сол бала үшін бе? Шындығына келгенде баланың көңілі мен қауіпсіздігі, қалыптасар мінезі мен қасиетін ойласақ, біз басқаша шешімдерге, өзгеше әрекеттерге барар едік. Мектепте, балабақшада «жылу» жинау секілді жемқорлыққа жол бермес едік. Білімі таяз, ұйымдастыру қабілеті шамалы «ұстазды» мектеп және балабақша қабырғасында көп тұрғызбас едік. Демек, біздің бала үшін өмір сүріп жүргеніміз, соларды «ел қатарына қосып, адам жасасақ» деген ниетіміз де өтірік. Сол өтірікті біз өмір сүрудегі құндылығымыз бен сылтауымызға бойтұмар етіп алғанбыз. Мұны бала байқұс та біледі. Білсе де, ашық айтпайды. Себебі, өзі үшін, өзінің тәрбиесі үшін шын мәнінде күресе білмеген, күресе алмаған ата-анаға өз баласы қалай ғана шындығын айтсын?!.
Руслан Ербота