Оңайгүл Тұржанова, ақын: «Қыдыр мен шайтан»
Мектеп бітірген жылы анам «Сен есепке жүйріксің, сондықтан бухгалтердің оқуына барасың» деп мені біраз үгіттеген болатын. Ал менің арманым журналистикаға түсу еді. Содан «биыл түсе алмай қалсам, келесі жылы бухгалтердің оқуына-ақ барайын» деп біраз жалындым. Ана емес пе, менің көңілімді жыққысы келмеді, ақыры келісті. Сонымен алып-ұшып Алматыға келіп, КазМУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Өкінішке қарай, конкурстың талаптарын орындай алмағандықтан жолым болмай ауылға қайттым. Бір жылдан кейін анам былтырғы әңгімесін тағы бастады. «Осы жолы журналистикаға түсе алмасам, өмір бойы бухгалтер болып өтейін» деп жата қап тағы да жалындым. Анам бұл жолы да қалауыма қарсы келмеді. Құжаттарымды алып сол баяғы Алматыға, ҚазМУ-ға қайта келдім. Байқасам талапкерлер өте көп екен. Түсе алмай қалсам, өмір бойы есеп-шот қағып, бір шаң-шаң кеңседе бухгалтер болып отыратыным көз алдыма елестеген кезде, «қой, бұл КазМУ маған бұйырмаған шығар, мен ең болмаса, филфакқа ілігуім керек» деген шешім қабылдадым. Сөйтіп құжаттарымды құшақтап конкурс аздау болады деген ЖенПИ-ге келдім. Емтихандардан сүрінбей өтіп, әйтеуір бухгалтер болудан аман қалдым.
Әлі есімде № 4 жатақханада тұрдық. 100-ші бөлмеде. Студенттік өміріміз басталып жатыр. Әрқайсысымыздың қабілет деңгейімізді білгісі келген болуы керек, қазақ әдебиетінен өзіміз бастан өткерген бір оқиға туралы эссе жазуға тапсырма берілді. Менің жазған оқиғам мынау еді: оқуға қабылданғандығымыз туралы бұйрық шыққаннан кейін бір аптаға ауылға барып келгенмін. Сол барғанымда Балия деген сыныптасымыздың туған күні болды. Ол бір ғажап, көңілді кеш еді. Түн ортасы. Балияның мамасы пісірген керемет дәмнен кейін бір топ қыз сол үйге таяу тұрған төбенің басына шығып, әңгіме айтып тұрғанбыз. Сол төбені, неге екені белгісіз, ауылдағылар «Шайтан төбе» деп атайтын. Түн тып-тымық. Аспандағы жұлдыздар қол жетім жерде тұр. Анау жақта ошақта жанған оттың сәулесі де өзінше бір әдемілік еді. Кенет алыстан шауып келе жатқан аттың дүбірі естілді. Әп-сәтте таяп қалды. Дыбыс шыққан жаққа қараймын. Қараңғы түнде ештеңе көріне қоймады. Басқа қыздарға ат дүбірі естілмеді ме, әйтеуір, әңгімелерін айтып тұра берді. Енді бір кезде тіпті, дәл жанымызға келіп қалды. Мен шошып кеттім. Өйткені әлгі аттың тұяғының дүбірінің қаттылығы соншалық, құлағымды жарып жібере жаздады. Және сол бойда алыстай жөнелді. Менің тілім байланды да қалды. Тек сәлден кейін дауысым дірілдеп:
- Біреуіңді қағып кеткен жоқ па?,-- дедім. Қыздар:
- Не дейсің?,- деді.
- Жаңағы ат біреуіңді қағып кеткен жоқ па деймін?
- Қайдағы ат?
- Ау, осы қазір ғана шауып өтті ғой жанымыздан, не, дауысын естіген жоқсыңдар ма?
- Сен не деп кеттің?,- деді қыздар таңырқап.
Сол кезде бір қыз «шайта-а-ан!» деп айқай салды. Тұра-а-а қаштық. Бұл төбенің «Шайтан төбе» деген аты бары да енді есімізге түскендей еді. Сүріне-қабына, таласа үйге кіріп келдік. Балияның әжесі шошынған кейіппен «не болды, түн ішінде улап-шулап?» деді. Қыздар не болғанын баяндап жатыр. Мен тұрмын сілейіп. Тіл жоқ. Әжей мені оңаша бөлмеге кіргізіп алды да:
- Қалай естілді, ішінде адамның дауысы жоқ па?» деді.
- Адам дауысы жоқ,- дедім.
- Көзіңе ештеңе көрінбеді ме?
- Жоқ, көрінген жоқ...
Әжей одан әрі «үпәйт-сүпәйт» деп бірдеңелерді айтып, қолымен аластағандай әлдеқандай қимылдар жасады. «Көзіңе көрінбегені жақсы болған екен. Бұл Қыдыр шығар. Шайтан болса, көзіңе көрінер еді. Бірақ мұны ешкімге айтпай-ақ қой және қорықпа» деді.
Осы оқиғаны эссе етіп жазып шықтым. Барымша әспеттеп жазып, үстел басында шоқиып отырған қатал ағайдың қолына тапсырдым. Бар арманым – «5» алу. Ертеңіне ағай кіріп келді де, «Тұржанова деген қайсың?» деді. Түрі ашулы. «Мен» деп орнымнан тұрдым. Ағай маған дүрсе қоя берді. «Сен не жазғансың өзі? Қайдағы Қыдыр, қайдағы шайтан? Жап-жас болып алып, ауылдағы бір алжыған кемпір айтты екен деп, жоққа сеніп... . Комсомолсың ба өзің?» деп, не керек, жер-жеберіме жеткізіп ұрысты. Менде үн жоқ. «Қай жақтан келдің?» деп маған жақындай түсті. «Маңғыстаудан» дедім даусым әзер шығып. «Бәсе, ол жақтағылардың әдеті жоққа сеніп жүретін» деді де, дәптерімді алдыма әкеліп шарт еткізді. Селк ете қалдым. Біраздан кейін жәйлап ашып қарасам, кішкента-а-ай «3» қойыпты. Байғұс тіпті сүмірейіп тұр. Бұл студенттік өмір басталған кездегі ең алғашқы бағам болатын. Өзімде енді қайтып Қыдыр мен шайтанды ауызға алмастай болдым-ау!
Арада біраз уақыт өтті. Бірінші сессия басталды. Сол «3»-тік бағадан кейін мен тіпті «4» алған жоқпын. Ылғи «5-ке» оқып келе жатқанмын. «КПСС тарихы» деген сабақтан емтиханға дайындалып жатырмыз. Бар арманым, баяғы сол «5» алу. Бүкіл тақырыпты жатқа білем десем болады. Тек 3-билеттің үшінші сұрағын ғана білмеймін. Ол сұрақ – Лениннің «Материализм және эмпириокритицизм» деген еңбегінің мазмұнын айту. Имандай шыным, сауалдың жауабын еш кітапханадан іздеп таба ала алмадым. Өйткені бұл – сессияның кезі. Алматыдағы бүкіл студенттер қия-шабуыл дайындық үстінде. Кітаптар қолға тимейтін кез. Кешке жатақханадағы қыздардан «қайсың оқыдыңдар, кім біледі?» деп сұрап та шықтым. Ешкім білмейді. Сонымен ертеңіне «үшінші билеттен сақтасын» деп емтиханға кірдік. Билет алдым. О, сұмдық-ай! Үшінші билет!!! Сара Сәбиқызы – өте қатал апай. Алдыңғы екі сұрақты тәптіштеп тұрып айтып бердім. Сосын үшінші сұрақты «білмеймін» деп шынымды айттым. Сонда апай «Лениннің «Материализм және эмпириокритицизмін» білмесең, емтиханға несіне келіп отырсың?» деді. Мен не дерімді білмей қалдым. «Апай, басқа сұрақ қойыңызшы!» деп жалындым. «Жоқ!» деді қатқыл дауыспен. Көзімнің қырымен зачеткама неше қояр екен деп қарап тұрмын. Сүмірейтіп «3» қойды. Басым айналып кеткендей болды. Тез-тез басып, есікті сарт еткізіп жауып шығып кеттім. Апай жүгіріп шығып «Тұржанова!» деп айқайлады. Алайда мен қараған жоқпын. «КПСС тарихын» жаттап ала жаздаған қайран еңбегім сөйтіп босқа кеткен. Сол «КПСС тарихы» бізге білім болып жарытқан да жоқ қой.
Филфакты бітірсем де, мектепте мұғалім болып жұмыс істеген жоқпын. Диплом қолыма тиісімен, бірден журналистика саласына кеттім. Осы күнге дейін осы саланың пұшпағын илеп келемін. Қазір журналистика факультетінде ұстаздық етіп жүрген жайым бар. Журналистік өмірім – менің өмір университетім.
Жазып алған: Айнұр Оңғарбай