Әнуарбек Әуелбек: «Өмірде әйеліңе бір-ақ рет ғашық боласың...»

Oinet.kz 22-04-2019 1426

Бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде 3 курста оқитын кезіміз. Қазір «Қазақстан теміржолының» баспасөз қызметінде істейтін курстас досым Ескендір Ертаев екеуміз Бірінші Алматы жақта «Мехпоселек» аталатын жердегі жақсы бір  пәтерде тұратынбыз. «Біз де пәтерде тұрып көрейікші» деп, күзде сабақ басталғанда, қатарымызға үш курстасымыз келіп қосылды. Қазір Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Талғат Батырхан және Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Журналистика академиясының академигі Мұратбек Тоқтағазы – бәріміз ол кезде кәдімгі қарапайым студентпіз, бар ойымыз оқу, іздену, жазу еді. Пәтерде тұрып жүрсек те, арасында үйдің тамағын сағынатын кезіміз болады, ондайда таяу жердегі «Шұғыла» кинотеатрының жанында тұратын менің жақын бір нағашымның үйі бар. Кейде сол шаңыраққа бас сұғып шығамыз. Сол үйге барып-келіп жүрген күндердің бірінде нағашы ағамыздың үйіндегі Мәрия жеңгей мектепті енді бітірген бір қызбен таныстырды. Шынын айтсам, өзіміз таныстық, көршілерінің қызы екен. Бір қызығы – жерлес, қызылордалық, тіпті кейіннен біліп жатырмыз ғой, Бауыржан досымыздың қарындасы болып шықты.  Мұқағали, Қадыр, Төлеген, Мұхтар ақындарға еліктеп, айдарымыздан жел есіп жүрген шағымыз ғой. Қолымыздан домбыра түскен емес, гитара ала салып, баян ұстай салып та әндете жөнелеміз.  Ол кездері Алматыда қазақша ән айтпақ түгілі, көшеде қазақша сөйлесеңіз жеккөрінішті көрінетін уақыт. Ал біздің айналамызда қазақтың рухы от шашып тұрды. Жас кезімізде үнемі оқи жүріп, жұмыс істеп, ақша тауып та жүрдік. Баратын жеріміз – театр, кино, саябақтардағы мәдени демалыс орындары. Сондай-ақ қыз баланы төбемізге көтеріп сыйладық. Іштей «Бізді жақсы көрмегенде, кімді жақсы көреді» дейтін эгоистік ойымыз да болған шығар, кім білсін, батыл болатынбыз. Өмірге дайын болдық, ештеңеден аяқ тартып қорыққан емеспіз. 

Screenshot_12.jpg

Сонымен әлгі қызда алғашында ешқандай ойым болған жоқ, таныстық-білістік те қойдық. Ол менің нағашы қарындасым – Қанымкүлмен бірге дос болып алыпты. Қанымкүл ҚазПИ-дің студенті, осы ағаларының үйінде жатып оқитын. Сөйтіп, жиі кездесіп жүретінбіз, бір күні байқасам , соны үнемі іздеп тұратынды шығардым.  Ол жоқ болса, бірдеңем жоғалғандай, жер-көкке сыймай кететін болдым, тіпті. Ол жас еді. Екі көзі мөлдіреп, тұма бұлақтың таза суындай, қараған сайын қарай бергің келетін. Күлім қағып еркелеген кезінде іші-бауырың елжіреп, аузыңа салып жұтып қойғың келіп тұрады. Бірақ, үйлену туралы үш ұйықтасам ойыма кірген емес еді.  Бәрін «бүлдірген» қарындасым Гүлжан. 1984 жылды қарсы алатын Жаңа жылда – туған күніме қарсы Шымкенттен дос қызы Нұрлайым екеуі қыдырып келген болатын. Сол қарындасым «Тезірек үйленіп алсайшы. Онсыз да пәтерде тұрасың ғой, қинала қоймассың» деген ой қосты. Ойлана келе сүйген қызыма 8 ақпандағы туған күнінде ешкімде жоқ электронды сағат сыйлап, сөз айттым. Сол жылы көктем шыға, 29 сәуірде некеге тұрып, 1 мамырда тойымызды ауылда жасадық. Сөйтіп, таныса сала, айналдырған алты айдың айналасында  бәрін шешіп тастадық.   

Курстастар арасында ең алғаш үйленген мен болғасын ба, елдің бәрі маған қызыға қарайтындай көрінетін. Жап-жас әйелімді ертіп алып, сабаққа да бірге қатысып қайтатынбыз. Бір күні, бұл қулығымды Мырзатай Серғалиев ағайымыз біліп қойды. «Ағай, бұл Әнуарбектің қарындасы, туған қарындасы, ағай!» деп қояды курстасым Еркін Мақатаев. Ағайдың  «Мынау өзі жақсы нәрсе екен, ертең мен де үйге қонаққа келіп қалған нағашымды ертіп әкеліп отырмасам ба?» деген әзілінен кейін оны сабаққа әкелуді қойдым.        

Әйеліме, міне тура 30 жылдан асып барады сыйлық жасамаппын. Өйткені, бар тапқанымды соған беремін ғой, соның бәрін өзіне берілген сый деп білемін. Біз сияқты бірде – көл, бірде – шөл, бірде – дана, бірде – бала болып жүретін адамдарға екінің бірі шыдай алмайтын шығар. Әйелімнің сабырлылығын, шыдамдылығын, кеңдігін шынымен-ақ осы күнге дейін ұнатамын. Осы қасиеттер менің өзіме жетіспейтіндей көрінеді.    Жастау кезімде, журналистикаға әлі дендеп еніп кете алмай жүрген уақыттарда үйдегі балалардың шуынан қашып, жазу үшін үйдің жанындағы кітапханаға кетіп қалатынмын. Әйелім де шығармашылық адамдарын жақсы түсіне білді ғой, бірақ менің өзім өмір бойы үйленгенімді мойындамай жүрген адамдай күйде болдым. Еркін жүріп, еркін тұрдым. Мен де бір, бойдақ адам да бір сияқты сезімде жүрдім. Бұл да болса, өзіне деген ықыласымды жақсы білгендігінен шығар,  жүрген-тұрғанымды санап отырмайтын. 

Марқұм менің шешем Хатшагүл: «Үй деп неге қойған дейсің, үйе бер, үйе бер, үй!» дегеннен шыққан», – деп отырушы еді кейде. Әркімнің де баласына айтатын қатардағы сөзі болса да, осында үлкен мән бар. Отбасының басты құндылықтарына сезім, сенім, жауапкершілік, түсіністік, сыйластық деген қасиеттер жатса керек. Дегенмен, үй-ішіндегі жүріс-тұрыстан бастап, өзін-өзі ұстай білу, шаруаға деген икемділік, жанашырлық көзқарас – бәрі отбасы құндылықтарын толықтыра түседі.   Қыз кезінде әйеліңді бір-ақ рет сүйіп, ғашық болады екенсің, қалғанының бәрі соның өтеуі.

Оңайгүл Тұржанова, ақын: «Қыдыр мен шайтан»
Балгер отбасымның шырқын бұзды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу