Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Дінді берік ұстанатын Сауд Арабиясының 30 жастағы азаматы 2 жыл отандасқан жарымен ажырасуға бел байлағанын ғаламтордағы бір сайттан оқып қалған едім. Қазір екінің бірі ажырасып жатыр, сол да жаңалық болыпты ма деп отырған боларсыздар. Бірақ бір отбасының шырқын WhatsАpp (ұялы телефондағы хат алмасушы программа) бұзды дегенге сенесіздер ме? Әрине ғаламтордың қызығына батып, әлеуметтік желілердің шырмауына шырмалып, ұялы телефоннан бас алмайтын мына заманда бұған да таңырқамай қалдық. Әлгі азамат әйелінің қолынан телефонын тастамайтынын, көп уақытын сонымен өткізетінін айтыпты. Салдарынан, әйелі үйдегі өз міндеттерін дұрыс атқармай, тіптен бала күтіміне де дұрыс қарамайтын жағдайға жеткен.
Ал ажырасуға негізі себепші болған оқиға мынадай: Бір күні азамат әйеліне WhatsАpp арқылы хат жібереді, алайда, оны оқығанымен әйелі жауап жазбайды. Бұл жағдайға алаңдаған күйеуі жұмысынан тездетіп шығып, үйіне қарай асығады. Келсе, әйелі қонақ бөлмеде теледидар тамашалап отырады. Ал, жұбайы басқа құрбысымен сөйлесіп отырып, еріне жауап жазуды ұмытып кеткен болып шығады. Бұл жағдай ер азаматтың шыдамының шегіне жетіп, істің соңы ажырасуға арыз берумен аяқталыпты.
Арабтарға күлетін жағдайда емеспіз. Өйткені мұндай жағдай қазір әр қазақтың отбасында кездеседі десем қателеспеймін. Таңның атысынан түннің жарымына дейін ұялы телефоннан бас алмайтын әйелдер, келіндердің болашағын ойласам санамды қауіп басады. Себебі жарына, ата-енесіне, бала-шағасына бөлетін алтын уақыттарын виртуалды әлемге зая кетіріп жатқан қаракөздеріміз отбасылық кикілжіңдерге жол ашуда. Ұрыс-керіс көбейген соң ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы суып кетпей ме, ақыры мұның соңы ажырасуға алып келеді. Сондықтан қыз-келіншектер жақындарыңызға көбірек көңіл бөліп, аналық, келіндік парыздарыңызды ұмыт қалдырамасыңыздар екен.