Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Биыл отызға толдым. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде отызға келгенде бір-ақ үйленем деуші едім. Сіз де басқа көпшілік сияқты «Жігіт! Бірінші үй салып, машина алып, банктен топ-томпақ шот ашып қойғысы келген екен ғой», - деп ойлаған шығарсыз. Жоқ. Менің пиғылым мұндай емес еді. Шындап келгенде, ол кезде материалдық қамсыздық туралы ойланбаған да сияқтымын. Менің бар көздегенім - отызға дейін өмір көріп, ел мен жер аралап, әбден қыдырып алу еді. Бірақ, бірақ... Бұл оймен 21 жасқа толғанға дейін жүрдім. Яғни жиырманың біріне келгенде шаңырақ көтеріп, бойдақтық дәуренге қош бол деп айттым.
Дұрысы, басынан баяндап берейін. 2001 жылдың қыркүйек айы. Екінші курс студентімін. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің екінші корпусында дебат клубына келген «перваштармен» танысып жатырмыз. Сонда Самалды алғаш рет көрдім. Жасырып нем бар, болашақ келіншегіме бірден құлай ғашық болдым дей алмаймын. Бірақ, арада қаншама жыл өткеннен кейін топ қыздың ішіндегі дөңгелек көзілдірік пен жасыл түсті жемпір киген соның бейнесі ғана есімде қалыпты.
Осындай жиындардың бірінен соң үйіне шығарып салғаным болмаса, көп араласқан да жоқпыз. Мен ұзамай жұмысқа тұрып кеттім. Университетке анда-санда бір соғам. Байланыс тіпті үзіліп қалды. Бірақ, қызықтың көкесі әлі алда еді.
2003 жылы көктемде университеттің атынан қазақ тіліндегі дебаттың жеңімпазы атандым. Дөңгелек көзілдірікті қыз ағылшын тілінен бірінші орын алды. Бұл екеуміз де Алматыда өтетін Ұлттық турнирге жолдама алдық деген сөз еді. Сапарымыз он шақты күнге созылды. Осы он күн, жайсаң мамыр, ару Алматы мен асқақ Алатау... Айтып, айтпай не керек, іште бір түсініксіз сезім пайда болды. Алматыдан оралған соң үш күн кездесуге бата алмай жүрдім. Білесіз бе, «жоқ» деген сөзді естігенше, сырттай ғашық болып жүрген мың есе артық сияқты көрінді. Бірақ, көрмей шыдау да мүмкін емес еді...
Екі жыл бұрын шығарып салғаным естеріңізде шығар, пәтерін білмесем де, тауып алармын деп үйіне қарай беттедім. Үйіне жеткенім де жоқ. Көшеде кездесіп қалдық. «Мәңгілік алау» алаңын жағалай қыдырдық. Іштегі сыр айтылды. Ұғыныстық. Бір-бірімізді таптық. 2004 жылдың мамырында тағы да Алматыға бірге аттандық. Самал жарысқа қатысу үшін, ал мен жай қыдырып бардым. Осылай жолымыз түйісіп, 2005 жылдың 17 қыркүйегінде отбасын құрдық. Араға үш жыл салып Жігеріміз дүниеге келді.
Барлығыңыз мына баланың баяғы жоспары жайына қалды деп отырған боларсыз? Бала күнгі жоспарыма отбасы еш кедергісін келтірген жоқ. Керісінше, сүйгеніңмен бірге қыдырып, жер бетін шарлаған әлдеқайда қызығырақ екен. Алатау бөктерінде бірге бәйшешек теріп, мұздай тау өзенінен су ішу, Лондон көшелерінде аққуларға жем беріп, қарақат теріп жеу, Түркияның Памуккалесіне тамсанып, теңіз жағасында ұйықтау, туған жеріңдегі ешкім білмесе де, өзіңе қымбат кішкентай көлдерді көрсетіп, балық аулаудан асқан бақыт жоқ екен. Ең бастысы - біз біргеміз. Саяхат пен шытырман оқиғалардың басым көпшілігі әлі алда деп сенемін.