Жұмаш Кенебай, ақын: «Қазақты Маомен шатастырып...»
Балалық шаққа оралу үшін алдымен өзім шыққан әулет туралы бірер сөз айта кетейін. Менің атам - Кенебай Медетұлы әжем – Айсаман ( әжеміз - келін болып түскен жылы қораға шапқан көкжалды жалғыз өзі соғып алып, батыр ана атанып, төрт ұл өмірге әкеліп, оларды жұрт - «Төрт бөрі» атап кетіпті. Менің де оппозицияда жүргендегі лақап атымның «Көкбөрі» болуының себебі осында) өткен ХIХ-ХХ ғасырларда бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданы Ақшатау ауылының ғажайып бір бүйірі - Қалғұты деген орманды, тоғайлы, сансыз бұлақты жерді мекен етіпті. Кенебай - сол замандарда осы өңірдегі ауқатты адамдардың бірі болған. Атамның тұңғышы – Садық, көзі ашық, көкірегі ояу, өз заманының азаматы еді. Осы өңірге Кеңес өкіметі орнар алдында Садық атам, Мұсабай, Мұсағи деген інілерімен бірлесіп, Қалғұтыда тұңғыш мектеп ашады. Бұл мектептің ашылуына Семей Алашордасының серкелері, Садық атамның мақсаттас, мұраттас достары: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Айымауытов, туған жиеніміз Шәкәрім Құдайбердіұлына ілесіп келіп, ақ баталарын берген. Алаш серкелері Семейге қызылдар басып кіргенде, осы Қалғұтыдағы Садық атам мен Бишан әжемнің үйін біраз уақыт мекен еткен көрінеді. Небір қызыл қырғын, жан беріп, жан алған соғысты басынан кешкен Садық атамыз 1932 жылы амалсыз шекараның арғы бетіне Шығыс Түркістанға өтіп кетеді. Садық атам мен Бишан әжемнің сүйегі жат елде, Қарабура деген өзеннің бойында жатыр. Мен сол Шығыс Түркістанның Шәуешек аймағындағы Шағантоғай, Қарабура деген жерінде дүниеге келдім. Бұл кісілер мен шыр етіп, дүниеге келгеннен бауырларына алып, мені өз балаларындай санады. Өзімнің туған әкем мен анамды олар көз жұмғанша: «әке, ана» деп атамадым.
Олар «сені Қарабура өзеніне екі рет ағызып алғанбыз. Бірақ Алла жарылқап, аман қалдың» деп айтып отырушы еді. 1957 жылы Құлыстайдағы мектептің бірінші сыныбына бардым. Әлі есімде, мен оқитын мектепке бірде ауданнан комиссия келді. Неге екенін білмеймін, әлгі келген комиссияның қазақ бастығын Қытайдың көсемі Маоға қатты ұқсаттым. Бір кезде мектеп директоры: «Балалар, мына кісіні білесіңдер ме?»-деп сапта тұрған балалардан сұрады. Директорының сұрағына бір бала жауап берсеші. Ол кісі қайталап сұрағанда, мен қоярда-қоймай қол көтердім. «Ал, айта ғой, бұл кісі кім?-деді. Мен: «Бұл кісі, ұлы көсеміміз Мао», -деп салмасым бар ма? Директордың да, әлгі комиссияның да өңдері қашып, зыта жөнелді. Ол кезде Маоның қылышынан қаны тамып тұрған аса қиын кезең еді. Мен білгішсінем деп, керісінше, қатты бүлдіріп алғанымды кейіннен түсіндім. Қытайда мектепте Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен оқыдық. Шәкәрімнің, Мағжанның өлеңдерін жатқа білетінмін. «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» дастанын әкем Айтжұман таңнан таңға дейін жатқа айтатын. Сондай бір кеште мен жұлып алғандай «Мен өскенде Қозы болып, Баянды іздеп, Аягөзге барамын»,-дегенде атамекенін қатты сағынып жүрген әкем Айтжұман, анам Қайныш, әпкем Төлеуғайша, ағам Жұмағазылардың өксіп, өксіп жылағандары бүгінгідей көз алдымда...
Ол заманда теледидардан кілең соғыс киноларын көрсетуші еді ғой. Сондықтан да болар, балалардың негізгі ойыны - соғыс болатын. Ағаштан неше түрлі қарулар жасап алып, таңның атысы, күннің батысына дейін «қырғын соғыстың» ортасында жүрдік. 1961 жылы Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда, бар бала «ғарышкер!» боламыз деп арман еттік. Осы қиялдың жетегінде ғарышқа ұшуды өзімше елестетіп, ерлік жасағым келген. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын сүйіп оқыдым. Әсіресе, ондағы Асқар бейнесін қатты ұнатқаным бар. Асқардай білімді азамат болсам менен асқан бақытты жан жоқтай сезілетін.
1962 жылы атамекеніміз Аягөзге қайтып оралып, Ақшатау орта мектебінде білімімді жалғастырдым. Осында С. деген бір қызға қатты ғашық болдым. Махаббатым жауапсыз болмады. Қыз да мені жан тәнімен сүйді. 1970 жылы әскерге алынғанша, екеуміздің жұбымыз жазылмап еді. Әскерге кетерде Отан алдындағы борышты өтеп оралған соң екеуміз шаңырақ көтереміз деп қызбен өзара уағдаласқан едік. Оның мені күтетініне көзімді жеткізген сәтте өзімді сондай бақытты сезіндім. Екеуміздің отбасымыз бұл шешімімізге ешқандай қарсылық көрсетпеді. Бір күні мың күніңе татитын әскерге жүргенде бір жарым жыл үздіксіз сағынышқа толы хаттар келіп тұрды. Алайда Отан алдындағы борышымды аяқтауға жақын қалғанда сүйіктімнен бірде –бір хат, хабар келмеді. Сөйтсем, алғашқы махаббатымды Алматы қаласының маңында біреулер алып қашып кетіпті. Сондағы қатты өкінгенім-ай! Бірақ маңдайдағы тағдырың сол болса, көнеді екенсің... Жарты жылдан соң С-дан хоштасу хатын алдым. Хатта өзінің аяғы ауыр екенін де жазыпты. Міне, менің алғашқы махаббатым - осылай өзегімді өртеген. Ол жанды әлі күнге дейін сағына еске аламын. Бүгінге дейін бірде бір рет кездеспедік...