Советқазы Нұрсила, ақын: «Жүрегін өлеңмен жауладым»

Oinet.kz 24-11-2014 1296

Жарыммен отау құрғаныма 30 жылдың жүзі болып қалыпты. Бір-бірімізді сонау мектеп оқушысы кезімізден танушы едік. Алғашқы  сезімдеріміз сол сыныптас шағымыздан бастап ояна бастаған секілді. Ай қарап жүргенде сүйген қызыңды өзге серілер қаратып алса өкініш өзегіңді өртейді емес пе? Мен қыздар қызығып қарайтындай көрікті жігіттердің қатарынан емес едім. Алайда соған қарамастан Әдияның жүрегін жаулап алдым. Достарым, таныстарым кезінде «оны мына түріңмен қалай өзіңе қаратып алдың?» деген секілді сұрақтарды жиі қоятын. Сонда оларға «адамның келбетіне емес, жүрегіне қарау керек» деп жауап беремін. Әдия да менің кіршіксіз көңіліме, ақ жүрегіме ғашық болды. Оның үстіне мектепте қабырға газеттерінің редакторы болдым. Мектепішілік жаңалықтарды жазып, суреттер салып тұрдым. Ақындық жолды да сол білім ұясынан бастағанмын. Газеттерге өлеңдерім жарияланды. Оның ішінде ата-анама және сүйген қызыма арналған өлеңдерді құрдастарым, ұстаздарым жылы қабылдап жүрді. Әрине, мен ұнатқан қыздың ол өлең жолдарын оқымауы мүмкін емес еді. 

Screenshot_4.jpg

Отан қорғайтын жасқа келгенде әскер қатарына қабылдандым. Тәртібі қатал ортада сүйгеніңнен келген хаттарды оқығанда керемет күйге бөленгенімді әлі ұмыта қойған жоқпын. Шыны керек әскерде жүргенде Әдиядан басқа да хат жолдаған  қыздар көп болды. Бірақ оның сағынышқа толы хаттарының орны бір бөлек. Сол қыздардың арасынан қолыма ақ құсым етіп Әдияны қондырып, екі ұл, бір қыз туып бергеніне  қазір Аллаға ризашылығымды білдіремін. 

Екеуміз 1979 жылы шаңырақ көтердік. Елдіңкі  секілді біздің де тойымыз ауылда палатканың ішінде өткен. Тура тойымыз өтетін күні ауылға Новосібірдің цирк ұжымы қойылым көрсетуге келіпті. Мүмкіндікті жіберіп алмайын дедім де цирк өнерпаздарын тойдың төріне шақырдым. Олар келісімін беріп, бүкіл ұжымдарымен келгенде қонақтар таңданыстарын жасыра алмады. Жиналған қауымның көптігі сонша отыратын орын таппай қалған едік. Алайда естен кетпес тойлардың бірі болды. Сөздің ашығы керек ол заманда қыздың артынан қалың мал бермейтін. Әкемнің жиған-терген 1000 рубльіне тойды атқарып алдық. Бүгінде барлығы бірінші кезекте адамның материалдық жағдайына қарайтын болды. Махаббат, сезім ешқашанда ақшамен, алтынмен өлшенбейтінін айтқым келеді. 

Отбасында сегіз ағайындымын. Бәрі ұлдар. Келіншегім босағаны аттаған күннен бастап сол абысындарының барлығымен тату-тәтті араласып кетті. Қазақта «абысын тату болса, ас көп болады» деген аталы сөз бар ғой. Ауылдың тәрбиесінде өскен жарым өзгені жатырқауды, бөтенсуді білмейді. Ұлттық тағамдарды керемет әзірлейді. Кейде жұмыстан шаршап, қабағың қатулы болып үйге келген сәтте дастарханға  дәмді тағамдарын жайнатып қойғанда ашуымды лезде ұмытып кетемін.  Аздап қызғанып қоятыны бар. Мереке күндері сыйлық беруді ұмытып кеткен кездерім болды. Соған қарамастан ол реніш білдірмей, «сенің және балаларымыздың аман жүргені мен үшін үлкен сыйлық»  деп жүреді. Бұл оның пейілінің, жүрегінің кеңдігі деп білемін. 

Өмір жақсы мен жаманнан, ақ пен қарадан тұрады. 2004 жылы Рахат Әлиев соңыма түсіп, бизнесімнің кұл талқанын шығарғанын ел жақсы біледі. Ай-күннің аманында «қуғынға» ұшырап, батысқа көшуге мәжбүр болдық. Ал отбасыма көзін алартқандардың кесірінен інім туған жерінен сонау Қытайдың Гуанджоу қаласына кетіп қалған еді. Осындай қиын-қыстау кезеңде өмірлік жарым маған тағдырдың тауқыметін жалғыз шектірген жоқ. Мен әрдайым өмірдің ыстығына сенімен бірге күйіп, суығына қоса тоңған жанды ешқашан ренжітуге болмайды, ондай асыл қасиетті адамды ренжітуге құқың да жоқ деп айтып жүремін.  

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын: «Ұрлықпен ұсталып таяқ жедім»
WhatsАpp үшін әйелінен ажырасты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу