Тоқтарәлі Таңжарық, ақын: «Ұрлықпен ұсталып таяқ жедім»
Мен тағдырдың жазуымен Қытайдың Шығыс Түркістан өлкесінде туып өстім. Сол өлкедегі Күнес ауылында қара шаңырағым қалды. Қазір елдің аузында жүрген «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейілхан ағамыз да Күнестің жеріне арнап «Күнес-ай» әнін жазған. Ақындар жырға қосқан осы кішкене ғана ауылда қызықты бал күндерім өтті. Ауыл көшелерінде балалармен асық ойнап жүргенім әлі есімде. Қыстың күні дөң басына шығып, сырғанақ жасап алушы едік. Балалардың қолыннан шыққан «мұз айдынында» үйдегілер елтіріден тігіп берген ішікке жеті-сегіз бала отырып алып, қиядан төмен қарай сырғанағанда әрқайсымыз әр жерде ұмар-жұмар болып жатуды қызық көрдік. Бір күні ішікке отырып сырғанап жүргенімді ағам көріп қойып, анама айтып бергені бар. Ойынның қызығына әбден тойып, үйге келсем анам есіктен қарсы алып: «Сен неге тігіп берген ішікті елдің астына саласың? Киімді тоздыратын болдың ғой» деп біраз ұрысқан. Жаздың күні бар уақытымыз жайлауда өтетін. Аттың ролін таңқурайдың шыбығы атқаратын. «Балам қашанғы шыбық мініп жүре берсін» деп әкем бірде ағаштан жонып, жылқы жасап берген. Әлгі жылқы мен үшін досымнан да, басқасынан да артықтай болып көрінетін. Өзгелерден қызғанып, тіпті ұстатпайтынмын. Онымен тірі жандай сөйлесіп, әңгіме айтып отыратынымды қазір есіме алсам күлкім келеді.
Мектепте аздап тентектігім болмаса жақсы бағаға оқыдым. Әдебиеттен бөлек физика, геометрия секілді пәндерге де жүйрік болдым. Бастауышта сынып жетекшім туған нағашы ағам болды. Оның қызық мінезі болатын. Кейде еркеліктен, кейде анама үй шаруаларына қолғабыс ету үшін сабақтан қалып қоятынмын. Кешкісін нағашы ағам үйге келіп: «Сабаққа неге келмедің?» деп сұрайды. Мен жөнімді айтам. Ол «ә, дұрыс болыпты, ештеңе етпейді» деп сыпайы түрде кетіп қалатын. Ал ертеңіне сабаққа келгенде бірінші кезекте мені тақтаға шығарып, үй тапсырмасын сұрайтын. Тура мен сабаққа келмеген күні өткен тақырыпты сұрап тұрған соң, менен қандай мардымды жауап ала алсын. Сосын ол сыныптастарымның көзінше тағы да «сабаққа неге келмедің?» деп ұрысып алатын әдеті бар еді. Ол аз болғандай сыныпта қандай да бір тәртіпсіздік немесе ұлдар арасында төбелес бола қалса он адамның арасынан мені шығарып, сазайымды беретін. Бірде балалармен мектептен қайтып келе жатқанбыз. Көктемнің кезі. Өрік ағаштарының түйін тастап қалған кезі. Көршіміздің бақшасына қарасақ көк өріктер көздің жауып алып тұр екен. Ащы жеміске құмартқанымыз сонша бәріміз сөмкемізді жолдың жиегіне тастай сала бақшаға «ұрлыққа» түстік. Біріміз ағаштың үстінде, енді біріміз астында көк өрік жеп жүрміз. Сөйтсек бізді сыртымыздан үй егесінің ересек ұлы байқап қалып, жол жиегіндегі сөмкелерімізді алып, мектепке сынып жетекшісімізге апарып беріпті. Осылай бізді жазалайын деген болса керек. Ұрлыққа түскен бәріміз болсақ та сол күні ағамнан «таяқ жеген» тағы да мен болдым.
Бала болған соң ісі шала болмай тұрмайды. Менің балалығымдағы шалалығым деп күшік ұрлағанымды айтуға болар. Айт мерекесінде болу керек достарымызбен сыныптасымыздың үйіне бардық. Дастарханнан дәм ауыз тиген соң ол бізге анасының құшағында жатқан бірнеше күшікті көрсетті. Сөйтсек иті күшіктеген екен. Мен сүйкімді күшіктерді көргенде қызығып, біреуін сұрадым. Досым ит десе ішкен асын жерге қоятын, аздап аңшылыққа құмарлығы бар жігіт еді. Беруден бас тартты. Сол күні күшік ойымнан кетпей қоймасы бар ма. Ақыры болмағасын даланы қараңғылық басқанда досымның үйіне бардым да, бір күшігін ұрлап кеттім. Артымша досым үйге жетіп келіпті. Менің ұрлағанымды іші сезген болу керек. Бұл жағдайды үйдегілер біліп қойып, әбден ұрысты. Осы оқиғадан кейін мен де «досымның күшігін ұрлап мені не қара басты?» деп өз-өзімді іштей азаптап біраз жүрдім.
Бала кезде адам еш қоспасыз шынайы ғашық болады екен ғой. Мектепке сол сары қызды көруге асығып, ынтығып барушы едім. Ал жаздың үш ай демалысы мен үшін үш ғасырдай көрінетін. Өйткені оны күн сайын көру бақытынан қол үзіп қаласың. Кездейсоқ жолығысып қалсаң тіл қата алмай әуреге түсесің. Сары қыз да іштей сезеді ғой, мені алыстан көрсе теріс бұрылып кететін, жолығысып қалсақ төмен қарап ұялып қалушы еді. Мұның өзі сол кезеңнің романтикалық сәттері екен. Менің алғашқы махаббатым сол тәтті естелік күйінше жүрегімде қалып қойды.
Бала күнімде ұшқыш болуды армандадым. Алтыншы сыныпта Н.Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» деген кітабын оқып, оның ұшқыш боламын деген бала қиялына мен де қатты қызықтым. Мектепті аяқтап, Алматыға оқуға түсуге келгенде алғаш таңдаған мамандығым астрономия болатын. Ұшқыш болу үшін қай оқу орнын, қай мамандыққа түсетінімді білмегендіктен астрономия саласы жақынырақ деген оймен құжаттарымды тапсырған едім. Алайда оқуымды аяқтай алмадым.
2000 жылы отбасымызбен қара шаңырағымызды тастап ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жер Қазақстанға көшіп келдік. Туып өскен жеріміз шекараның арғы бетінде қалса да қазақ жеріне оралғанымызға қатты қуандық. Естуімше бұрынғы үйіміз қолдан-қолға сатылып, қазір қараусыз қалыпты. Қаңқасы бар ма жоқ па оны білмедім. Қара шаңырағыма арнап «Ұйқассыздық» деген өлең де жазғанмын. «Қара шаңырақ» әр қазақ үшін қастерлі, киелі ұғым емес пе?! Әкеміз өз қолымен тұрғызған сол шаңырақты әрине аңсаймын. Онда бармағалы он жылдан асып қалыпты. Алғаш қадамымды аттаған, білім алып, асыр салып ойнаған сол ауылға, сол үйге барып, көзбен көріп кетуді армандап жүрмін. Жолым түсіп жатса «Қара шаңырағыма» міндетті түрде барып қайтармын.