Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жаздың ми солқылдатар ыстық күні. Бестің шайын ішкелі жатырғанбыз. Енем мен ерім есігіне тор ұсталған кішкене үйде, мен шай қамымен үлкен үйде едім. Манадан сыртта жүрген атамның кіріп келе жатқанын аңғарып, ығыстай бердім. Әшейінде "ау, балам- ау" дейтұғын әдетінен жаңылғандай, үндемей, тіпті, мені елемегендей боп ішке өтті.
Жүгіріп енеме бардым.
- Апа, папам келді, түрі жылаған сияқты, барыңызшы...- дедім үрке.
- Тәйт, жылағаны несі?!
- Қойшы, сен де! Түймедейді түйедей қылмасаң жүре алмайсың,- деді жарым да
- Шын... Шын айтамын, баршы сенбесең
Енем аударылып- төңкеріліп орнынан көтерілемін дегенше, Жақан екі аттап үлкен үйге жетті. Соңын ала біз де бардық. Атам басы салбырап диванда отыр. Жақан "не болды?" деп тізерлей жерге жайғасыпты.
- Шал-ау, айтсаңшы балаларды қорқытпай,- дейді апам.
- Әй, сен... сен бері кел. Отыр мында,- деп жанын ұрып қойды. Енем әліптің артын күтіп қасына жайғасты.
- Мен осы уақытқа дейін саған... сені... саған жылы сөз айтпаппын. Бірінші -Алла, екінші- өсіп- өніп, шаңырағым жайма- шуақ жылылыққа толып, айрандай ұйып отырғаны сенің арқаң. Біз, еркектер, мұндай сөзге әуелде жоқпыз ғой. Айтайын... саған ризамын.
- Әй, не болды, сонша?- дейді апам енді шын қорқып,- мұндайың жоқ еді
Атам сөзін жалғап:
- Алладан жалғыз тілегім бар: сенің алдыңда алсын, соңыңда қалдырмасын. Балалар мен сенің жамандығыңды көрсетіп, жер бастырмай- ақ қойсын,- деп қалтасынан ұқыптап бүктелген бет орамалын алып, көзін сүртті.
Үшеуміз де үнсізбіз.
Үнсіздікті атам өзі бұзды:
-Осы бетте Омардікінен келемін
- Ойбууй, тірі ма? Аман ба?
-Тірі. Тірі болғаны құрысын...
- Тәйт, оның қалай?
- Әй-ә-әй, кемпір, сен не білесің... Сендер не білесіңдер? Оның күйін ешкімге бермесін...
Атамның досы жайлы енемнен біраз жайға қанықпын.
Омар ата мен атам құрдас, дос, замандас, сыныптас. Биіктеу қызметте де бәйге атындай қатар болды. Ол кісінің де біз секілді екі ұл, бір қызы бар. Үлкені үйленген, әуелден бөлек тұрады. Кенже ұл отбасымен қара шаңырақта. Қыз әлі тұрмыс құрмады. Анасы тірісінде "қарағым-ау, жасың келді, күйеуге шықсаңшы" десе, "мені алатын еркек әлі туылған жоқ" деп, әкенің атағына, барлықтың буына балқып жүріңкіреп қалды. Бетіне ешкім жел боп тимей, өз айтқанымен жүріп үйренген бұлаң бойжеткен шаңырақтағы келінмен кикілжісіп қалатын. Сайып келгенде, анасы қызын жақтап, келінге "шаңыраққа қара, әліңді біл" дейді екен.
Зәуре апа дүние салған кейін төрт - бес жылдан соң жолдастары өзі қатарлы әйелмен таныстырады. "Жасым келгенде күйеуге тигені несі?!" десе де, Омар атамен сөйлесе, білісе келе:
- Әуелі балалармен танысайын, ризашылықтарын алайық,- депті. Бұл ақылға Омар ата да келісе кетеді. Жақын бір- екі досын әйелдерімен жинап, дастархан басында әңгіменің басын ашады.
Сол кезде үш баласы үш жақтан атылып, сөз бермей шуласып, әйелді де, қонақтарды да үйден қуып шығады.
Құрдастары "балаларда қызғаныш болады. Ол- заңдылық. Дегенмен, адам ертеңін де ойлағаны абзал. Бұлай қылшылдап тұра бермейсің. Қартайғанда жаныңа серік болар, тым құрыса, әңгімелесіп шай ішетін, ішкі сыр- құсаңмен бөлісетін де адам керек. Балалар бүгін болмаса ертең көнер, түсінер, мойындар" деп атаға ой тастаса да, ол кісі:
- Әйелімнен өлідей айрылдым, жасым келгенде балаларымның теріс айналғанын көтере алмаспын,- деп соңғы шешімін айтады. Сонымен, әңгіме тоқтап, жабулы қазан жабуымен қалады.
Ай артынан ай, жыл соңынан жыл өтіп, Омар ата да қартая бастайды. Жылдан жылға қатарларының да тобы азайып, баяғыдай емес ұлғайған жастарын сылтауратып бас қосулары да сирей түседі.
Қолында билік тұрғанда екі дүкен мен екі май құю бекетін ашып алған. Бір дүкен мен бір бекетті сол жылдары институт бітіріп келген, үйленген ұлдың атына, екінші дүкен мен май бекетін жұбайы Зәуре апаның атына жазады. Апа көз жұмған соң істі екінші ұл жүргізеді. Жүргізеді деген аты болмаса, бәріне әкесі басшылық етті
Күндердің күнінде қызы тіксініп:
- Папа, маған үй сатып әпер. Күйеуге шықсам шықтым, шықпасам оны көремін. Сенің балаң емеспін бе, менің атымда неге ештеңе жоқ?- дейді. Негізі қыз бен келін арасындағы алакөзділікті көрген сайын жаны ауырып, қызына үй әперу ойында жүрген. Бірақ бизнесін сату емес, өзіндік есеп - жоспары бар еді. Қызының өктемдігі өңменінен өтсе де, үндемеді. Мәселені тез шешпесе жазылмас өкпеге ұласарын сезіп, май бекетін сатып пәтер әперді. Әкесінің бұл қылығы, әрине, ұл мен келінге ұнамады. Байқайды келін мен баланың өкпелері қара қазандай. Кейде сөздерімен, кейде іс әрекеттерімен білдіріп қояды. Бірін көрмегенсіп, бірін естімеген боп, жаба тоқып жүре берді.
Әкесінің үйленем деуі сыныққа сылтау табылғандай, өкпенің отын үрлеп, тереңдете түсті. Оны өршіткісі келмей үйленуден бас тартты. Әйтпесе, Жәмилә өте жақсы кісі еді. Мінезі де жайлы, түсінігі де мол.
Ертеректе мұның "әй!" дегені балаларына өтетін, ол кезде жас еді, алымды- қарымды еді, бүгіндері одан айрылған. Ұрпағы өсті, өз қолдары өз ауыздарына жетті. Енді ешкімнің ақылына зәру емес, өз ақылдары өздеріне жетеді.
Көңілі ортайып, бейне бір демеу іздегендей, пана іздеген торғайдай бірде үлкен ұлдікіне де барып көрген. Дана қазақ "келін түскен соң біраз уақыт ата- енемен тұрғаны дұрыс" деп бекер айтпаса керек. Өзге елге тез сіңу оңай емес. Сол бірер жылда енеден біраз нәрсе үйреніп пысиды, от басындағыларымен өз туыс- бауырындай жақын араласып, бала сүйіп, ана болып, әйел, келін, жар болудың, отбасылық өмірдің қыр- сырына төселеді. Келген еліне жақындық, жанашырлық, сыйластық, түсіністік, тілеулестік сезім қалыптасады.
Бұлар болса өйтпеді. Бала мен келінді оқуларын аяқтасын деп Алматыға қоя берді. Өздері би, өздері қожа. Әуелде жастықпен білмеді, бертін келе жандары соған үйренді. Әлемде екеуінен басқа адам жоқтай, тапқан таянғандарын бауырларына басты. Олар институт бітіретін жылдары екінші келін түсіп, алдыңғылардың көктен тілегендері же1рден табылып, саяқ кетті. Әуелден бөлек тұрғандықтан ба бұл жаққа бөтен.
-Папа, неше күнге келдіңіз?- депті келін бірнеше күн қонақ болған атасына. Бұл сөз жүрегіне инедей қадалған.
Бұл оқиғаны әрмен қарай өз атамның әңгімесімен жалғастырайын.
- Ой, несін айтайын, Қалдеке-ау! Қазіргі ермегім - мына таңылған керуетте жатып төрт қабырғамен сөйлесу, тілдесу.
Ол біраз үнсіз қалды. Дір- дір еткен, икемге келер оң қолын әзер көтеріп, суланған езуін сүрткен болды. Қатқан терідей еті қашып қураған саусақтары тебіндеп, өсіңкіреген сақал- мұртына тигенде сықырлаған үн шықты.
- Алладан не тілейтінімді білесің бе?- деді шалқалай жатқан басын зорға бұрып
- ...
- Көзім жұмылған қалпы тәңертең оянбай қалсам деймін
- О не дегенің, Омеке, құдай сақтасын, олай...
- Аллаға өкпем жоқ, ол маған бәрін берді,- деп тағы тоқтады,- ия, бәрін берді: қызмет, дәулет, ұрпақ. Бірақ баянсыз болды, ақыры оңбады.
- Қойыңыз, олай демеңіз, Омеке
- Солай, солай. "Ақырын бер" деп неге айтқан бұрынғылар? Жас кездегі дәуренің емес, қартайғандағы өміріңнің күйі мәндірек. Дүниенің буына елтіп, қызметтің қызығына түсіп... әлде... бәрін өзім өткізіп алдым ба? Қалай ойлайсың?
- Жоқ, ә
- Әйелім кеткен соң да біраз нәрсенің байыбына бармаппын. Зайыбыңды алдым, енді ойланарсың деген екен- ау бұл тағдыр. Жәмилаға үйленбегеніме, сендердің айтқандарыңа құлақ аспағаныма өкінемін. Неге екенін білесің бе?
Жауап күткендей маған көз қиығын салды. Оған үнсіз сұраулы қарадым.
- Өз дәретіңді өзің төгуге жарамай жатырғаныңда әуретіңді ұрпағыңа көрсетуден қымсынғаннан асқан азап жоқ екен. Келіндерді былай қойғанда, екі ұлдың өзіне көрсеткім келмейді, ұшынып қалар ма, жиіркеніп қалар ма деген де ой болады. Ал... ол екеуі сырттай жиіркеніп өздері- ақ қашты, жоламады. Сосын күтуші жалдады. Бар болғыр бала тамағымды береді, асты- үстімді тазалайды. Бірақ ол да өрімдей жас. Мені аударғанда, тазалағанда ол да өзім де қиналмайын деп тамақты да тарта ішемін. Араным сау ғой, қалай ішпей тұрарсың. Жата берген соң ішің де қатады. Қазір жамбасым ойылып қалды, ашиды, аурады.
- Жумай ма?
- Жуады, жуады. Әнебір майлы ма, сулы ма шүберекпен сүртеді, обалына не керек. Ол үстімдегі жайманы ашқан сайын қысыламын.
- Сен оған жас деп емес, дәрігер деп қара
- Е-е-е, құрдас, айту, ақыл беру- оңай. Менің халімді басына түскен ғана біледі. Жәмилаға үйленгенімде тым құрыса осы күйімді түсінер еді, жаныма жалау болар ма еді, әңгімелесер ме еді, жалғыз қоймай көңіл бөлер ме еді деймін да. Адам көңілден жүдейді. Балалар жанымнан алшақтамасын деп Жәмиләні қолымнан жіберіп алдым. Мұным бекер болды. Сайып келгенде, ұл да, қыз да өз жағдайын жасап кетті. Бір шаңырақта тұрып бас сұқпаулары, "папа, қалайсың?" демеулері... Мүмкін сасып жатырған шығармын, мүмкін түрім қорқынышты шығар... Әлде жүк болдым ба екен?
- Бала ғой, жас қой, өкпелеме...
- Өкпеле, өкпелеме, бар жағдай осы.
"Мені әйелімнің алдында ал" деп біліп айтыпты шалдар. Ауру әйелге болсын, ерге болсын оңай емес. "Ауру кірді, әлек кірді" деген. Е-е,- деп көзін сулап алды. Сосын тез өзін жинап:
- Айып етпе,- деді кінәлі адамдай жаутаңдап,- босап кеттім бе? Адам мықты болудан да шаршайды, қажиды екен. Кейде оңашада осылай ... сәл...
Сасып қалдым.
- Омеке, мүмкін, сақал- мұртыңды алып берермін,- дедім әңгімені басқа арнаға бұрып.
- Өсіп кетіп пе? Әрине, әрине,- деді күліп.
Күлді дегенім өтірік, күлудің ырымын жасады.
- Міні, енді жігіт болдың,- деп әзілдедім сақал- мұртын алып болып.
- Шыныңды айтшы, осы бөлменің іші сасық па?
- Жоқ, неге олай дейсің?
- Қайдам, келгендер кеткенше асығады. Немерелер, тіпті, кірмейді.
Қанша ақ төсекке жатқызып, күтуші жалдаса да, терезе ашып желдетсе де бөлме ішіне сіңіп қалған жағымсыз иістің бары рас еді. Өтірігімді кәні көз досым сезіп қойғандай:
- Әрине, иіс болады ғой енді,- деп қойды жай ғана. Сосын әңгіме төркінін күрт бұрып:
- Денемді жансыз ғып, тек тілімді сайратып қойғанша, тілімді алып, мылқау ғып, денемді неге сау етпедің деп Аллаға кейде наз айтамын,- деді ол тағы да.
- Қой, күпірлік етпе. Әлі де айығып кетесің. Сынақ қой, сынақ, - деп алдарқатамын
- Олай болмасын екеуміз де білеміз. Ия, сынақ, сынақ... Көнбеске амал бар ма? Кеудеңнен жаның шықпаған соң бәріне көнесің, көнбей пенде қайда барады. Бұл дүниеде сынағы болса, о дүниемде жұмағы болар Жаратқанның маған деген.
- Сондықтан, сен шал, күпірлік етпе.
- Күнде келіп бес- он минут жанымда отырып кетсеңші дейін десем, сен де жас емессің, үй арасы да алыс. Марқайып қаламын сен келгенде,- деп жымиды.
- ...
- Барыңды бағала. Кемпіріңнің амандығын тіле
Келіскенімді білдіріп, басымды изеймін.
- Алла ер мен әйелді бекер егіз етпеген. Балаң- ұрпағың, ол да керек. Әйтсе де, ең жақының- жарың. Зәуре дұрыс істемеді, мені тастап кетті.
- Алланың ісі ғой.
- И-и-ия, Зәуре болғанда бұлай болмас па еді? Шаңырағымда шырай болар ма еді, балалар да басқаша болар ма еді. Ауруым да жеңілдеу болар ма еді деген сандырақ қой менікі... Жамбасым ойылмас па еді. Әңгімелесіп қасымда отырар еді. Ұрысар ма едік, оның күңкілдеп ұрысқанын да сағындым мен бейбақ...
- ...
- Пенде ғаріп болғанда ненің болсын қадірін түсінеді. Бәрі кеш. Бірінші мен кетуім керек еді. Мүмкін менің қиналғанымды көрмегені де дұрыс шығар. Оған да оңай болмас еді. Алла адамды қор қылмасын. Кейде қай пейілімнен таптым деп қаламын. Жас шақта көз сүзген керім келіншектерге желікпедім. Некенің ақ төсегін былғамадым. Бұл ақталғандығым емес, табиғатым әуелден лас затты сүймейтін. Балалар деп өмір сүрдім. Керуетке таңылып жатқаныңда ойлануға уақыт кө- өп. Мені алжыды демегін.
- Жоқ, ә, о несі?
- Балаларға неге сүйкімсіз болдым, Қалдеке? Беттерінен қақпадым, жаман әдетпен жүректерін жараламадым. Алысқанмен алыстым, жарысқанмен жарыстым. Әкелік міндеттерімді атқардым деуші едім. Қай жерден қате кеттім? Нені ұқпадым екен? Маңдайларына жел боп тимедім, қатты айтып, қабақ шытпадым. Неге менің қадірім қалмады?
- Қой енді, таусылма. Жас қой, түсінер...
- Ол кезде кеш болмай ма? Осы ауыр жүкпен аттанғым келмейді. Қай жерде мүлт кеттім, нені ескермедім, айтшы.
- Қой, енді, қой. Қателескен жоқсың...
- Балалар неге өзімшіл, неге қатігез? Ойланам да, жауабын іздеймін.
- Қой енді, шаршап қаласың
- Тым құрыса, саған айтып ішімді босатайыншы.
-....
- Әуелгіде балаларыма ренжідім, өкпеледім. Сосын өкпені қойып, іштей өзіме есеп бердім. Кіммін? Не бітірдім? Не деп кетіп барамын? Отағасымын, еркекпін, асыраушымын. Ол деген не? Асырадым, ештеңеден кенде етпедім. Отағасы боп отау көтердім, сонымен болды ма? Сол отаудың ірге тасын қалай қаладым, қалай қаланып жатыр? Кірпіші қалай өріліп жатыр? Оған мән бермеппін. Сырттан табыс тапқаныма мәз болыппын. Ал ішкі табысым мен өнімім қандай? Қызымды қуыршақтай киіндіріп, ұлымды сұлтандай сұлулағанша неге білектерінен ұстап, қолдарынан жетектеп ақсақалдардың ақылын тыңдатпадым, көргенділердің көлеңкесіне саялатпадым? Еткен еңбек пен төгілген тердің құны мен қадірін білуге неге үйретпедім. Бұл- бірінші қателігім.
Екінші- не бітірдім? Бітіргенім- ұрпақ әкелдім, ішіндірдім, киіндірдім. Бары сол ма? Ұрпақты ит те өрбітеді. Ұл мен қыздың жанына неге ізгіліктің ізін, мейірімнің мәйегін себуге көңіл бөлмедім? "Дайын асқа тік қасық" болуды өзім үйретіп, енді әр ауыз өз қарнын толтыруды ойласа, неге ренжуім керек? Ата- ананың қадірін, бауырдың бағасын, татулықтың тағлымын, тәубешілдіктің тәлімін үйретпесем неге, кімге өкпелеймін?
Үшіншіден- ал енді бір аяғым көрде тұр, не деп кетіп барамын?
Ірге тасы осал үй тұрғыздым, өзімшіл, ойсыз ұрпақ өрбіттім. Баянсыз боқ- дүние жинадым. Алла берген екі үлкен нығмет: уақыт пен денсаулықты бағаламадым. Уақытты өтпестей көрдім, денсаулықты кетпестей көрдім деп кетіп барамын.
Бар денемді байлап, ойым мен тілімді бос қойды. Алла мені ойлансын және оны сендерге (балалардың тыңдамасын білемін ғой) айтсын, іштегі өкініш- өксігін шығарсын деген болар. Сен қалай ойлайсың?
Мен тек тыңдап, басым салбырап отырғанмын. "Қалай ойлайсың?" дегендегі дауысы өзгеріп, бейне бір алыстап кеткен кісінің үніндей естілді. Жалт қарадым. Қарадым да шошып кеттім. Әлсіреп, талықсып барады екен. Ұшып тұрып, бетіне үңілдім. Көзінің қиығынан жас тамшылары сырғып самайына жетіп, әрі қарай жастыққа түсті.
Дәрігер шақырдық. "Тынышталдыратын дәрі ектік. Енді біраз уақыт тынықсын, мазаламаңыздар" деді. Біраз отырып, мен үйге кеттім. Кішкентайдан бірге өскен қимасым ғой, жаным ашыды, жүрегім ауырды. Еріксіз көзімнен жас шықты, ие бола алмадым, жас балаша еңіредім жолай. Саған жеткенше асықтым, кемпір.
Ертеңімді Алла біледі. Ұлдарымның өрелі, қыздарымның өнегелі болғаны, көңілімнің күйі болғаны, ұрпағымның сыйы болғаны, отауымның шуақты болғаны, жылуының қуатты болғаны сенің арқаң.
Қазыналы әке болдым ба, қазымыр әке болдым ба білмеймін, ұлым. Бірақ мына отырған анаң жақсы жар, жақсы әйел, жақсы ана, жақсы адам екендігіне кәмілмін. Аналарың аман болсын!- деді.
- Сіз де аман болыңыз, папа,- деді ұлы. Сіз айтқан өрелі ұл, өнегелі ұрпақ бола алдым ба, білмеймін. Бірақ сіздердей әке- шешемді мақтан тұтамын. Жыламаңыз, көзіңізден тамған бір тамшы жасыңызға жаным садақа,- деп әкесін құшақтап, маңдайына маңдайын тіреді ұлы.
Еріксіз жанарым жасқа толды. Апама қарасам, жаулығының ұшымен көзін сүртіп отыр екен……………
Аймаханның Сақыпжаны