Ақан сері Қорамсаұлы. «Жастық шақтар»

Oinet.kz 16-09-2018 885

dc1428c8fff47843b1f1291fb1075ca3.jpg

Туған соң анаңыздан шықсаң бірге,

Еңбектеп екі жаста жүрдің төрде.

Үш жаста талпындыңыз үй ішінде,

Төрт жаста қадам асып жүрдің жерде.

Бес өтіп сонда шықтың алты жасқа,

Лайық баққа біткен қиғаш қасқа.

Жетіде талпындыңыз жүйрік аттай,

Сегізде үкілі шоқты тақтың басқа.

Тоғызда толықсыдың туған айдай,

Ләззатті сөзің тәтті шекер балдай.

Оныңда сан құрбыңнан озып шығып,

Он бірде жайтаңдайсың тұрымтайдай.

Он екіде екпіндедің жүйрік аттай,

Он үште ешнәрсеге жүрдің батпай.

Он төртте алтын тудай айқындалып,

Әлемге мәшhүр болдың жазған хаттай.

Он бес пен он алтыға бастың аяқ,

Он жеті о да тұр ғой жақын таяп.

Уә, шіркін, қыздың күні он сегіз ғой,

Жанымды қияр едім аямай - ақ.

Он тоғыз, жиырмаға бастың қадам,

Күн шалар көк орай басын күзге таман.

Жиырма бір, жиырма екі қалса кейін,

Ілгері сол жасыңнан ұшпас бағаң.

Келетін мұнан соңғы жиырма үш,

Жиырма төрт қалса кейін ол бір таныс.

Немене айтып - айтпай пани жалған,

Артында қала берсе жиырма бес.

Құтқармай жиырма алты о да келер,

Кемуге күн - күн сайын пенде күтер.

Құрысын жиырма жеті, жиырма сегіз,

Жүйрік ат одан асса табады өнер.

Жиырма тоғыз, отыз о да жаман,

Келмейді қайта айналып өткен заман.

Қызықты жас күндерді айтып өттім,

Аяғы осыменен болсын тамам.

Ақан сері Қорамсаұлы. «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы»
Ақан сері Қорамсаұлы. «Жігіт сипаты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу