Мұхтар Әуезов. «Абай жолы». Өрде (жалғасы)

Oinet.kz 20-10-2020 2273

  Нағашы тобы мен артқы аттылардың бәріне жататын үйлерін көрсетпек боп Ызғұтты, Сүйіндік алға түсті.

  Нағашылар жақындасып келгенде, Абайлар барлық жігіттермен сәлем беріп, түсіріп алысты. Ақсақал нағашыға Сүйіндік Абайды таныс етіп, Құнанбайдың баласы екенін айтты.

  Абай «Қош келдіңіз, нағашы» деп қол қусырып, тағзыммен қарсы алған. Барлық мол үйлерден мынау он үй өзгеше, оқшау тұрғанын қонақ атаулы аттарынан түспей тұрып, ерте таныған еді. Бұл үйлерге өздері түспей, басқа жерлерге орналасқан қонақтар «Анау бөлек үйлер кімге арналған? Онда кім қабылдайды екен?» десіп, сұраса бастаған-ды. Сол ретте ол үйлер Құнанбай баласы тіккізген, Бөжейдің нағашы жұртына арнап тіктірген үйлер екенін де білісіп қалған.

  Ақсақал нағашыны қасындағы үлкенірек кісілермен іріктеп отырып, Абайлар дәл ортадағы, ең жасаулы үйге кіргізді. Өзге топтарын да дамыл көрмей қарсы алысып, қатар үйлерге кіргізіп жатқан.

  Нағашылар бәйгеге қосқалы бір баран, екі қылаң жүйріктерін әкепті. Құйрық-жалы сүзулі, үстеріне бала мінгізген, үкілі-тұмарлы аттар оқшау байланды.

  Алыс-жақыннан келген қалың топтардың бәрі-бәрі де әзірше осылай бәйгелерін жұтындырып, көлбек қақтырып келіп жатыр.

  Алғашқы топ келісімен өзге қонақтар да іркілген жоқ. Көз байланғанша он үйдің алтауы толып қалды. Әзірге Жетісудың алыс руының бәрі аталып жатыр. Енді ымырт жабылар кезде Қазбалаға төгіліп жатқан топтардың киім үлгілерін болжау қиын. Қай рулар екендері мәлім емес. Тек қана кейбірінің қылаң аттысы көп, кейбірінің баран аттылары көп – үлкен шоғыр боп көрінеді. Сам жаққа қарай бұрылса, күміс ер-тұрман жарқылдайды. Өлкедегі қалың нөпірді көргелі жаңада мінілген үйірсек аттар кісінейді. Абай үйлеріне келушілер саябырлап, азғана толас болды. «Ендігі кісілер ертең келер» десіп, Абайлар алдыңғы үйлерге қымыз тарта бастаған. Осы уақытта Ербол Абайға келіп:

  – Тағы бір қалың топ келді! – деп ақырын хабар берді. Бұл жиын Найманның Тобықтыға жақын отыратын руы – Сыбан екен. Арғы шеті – Аягөз, Қоңыршәулі, Ақшәулі де, бергі жағы осы Шыңғыстың сілемінде болады. Тобықтымен сырмінез. Бірақ бәсекесі де көп, тайталас ру.

  Абай жылдам басып, тысқа шығып, бар жігіттерін топтап тұрып, тағы да жақсы қарсы алды. Жері жақын болғандықтан, өзге Жетісу елінің бәрінен Сыбандар мол келген екен. Абайға тиген қонақтың арты осылар. Бос тұрған үш-төрт үйге соларды түсіріп, Абай барлық қонақтарын жайғастырды да, енді тамам жігіттермен өзі қоса, сарп ұрып жүріп сыйлауға кірісті. Әуелі қымыз. Содан соң шай… Содан әрі атпен тартқызған табақ-табақ ет! Алыс жолдан шалдығып келген, қарны ашып келген қонақтарды тыңайтып күйлендіріп жатты.

  Ет желінгеннен кейін, шаршап келген қонақтардың алды жата бастады.

  Бүгінгі жүріске мұқалмаған Сыбандар екен. Олардың үйлеріне еттен соң, тағы да қымыз сапырылып еді.

  Кеш бойы, көбінесе, нағашы жағының үйлеріне айналып жүрген Абай Сыбан қонақтарға енді оралып келді. Сыбан жиынының бұл келістегі үлкені Қадырбай екен. Ол – ақын Қадырбай. Жас күнінде әйгілі Садақ ақынмен айтысып, «Бала ақын» деген ат алып, сол Садақты өлең сөзде мүдірткен осы Қадырбай болатын. Оның көп өлеңіне Абай қанық. Бірқатарын жатқа біледі. Өз қонағының ішінде Қадырбай болғанына Абай дән ырза болды.

  Қадырбай болса, бағана түсер жерден-ақ бұларға арналған үй – Құнанбай үйлері екенін білген-ді. Арысы Тобықты, берісі Ырғызбай ішінің қатын-баласына дейін білетін Сыбанның бірнеше сөзуар кісілері тек отырған жоқ. Бағана кештен бері тысқа шығып, қастарындағы күтуші Ерболдармен сөйлесіп, осы он үйдің жай-жапсарын, күтуші иелерін де Қадырбайларға мәлім еткен.

  Қадырбай өзі де келгеннен бергі сары қымыздан, дастарқан мен ыдыс-аяқтан, шай үстіндегі тәтті-дәмдінің молдығынан әр жайды топшылап отырған. Әсіресе түрілген жас қазының қатарында жүрген үйіткен қойдың етін – мынау үйдің сыйын өзге үйлердің сыйынан басқаша деп бағалаған. Ас атаулының бәрінде болатын жалпы құрғақ сыйдан бөлек жатыр.

  Енді осы сыйды басқарып жүрген Құнанбайдың бір жас баласы деген соң, Қадырбай сол бала өз қастарына келгенде ілтифат жасады. Абайға:

  – Бері кел! Отыр, балам! – деп шақырып ап, өз қолынан қымыз ұсынды.

  Қызғылт қоңыр сақалы бар, келбетті, ақсары Қадырбай Абайға аса бір келісті кісі көрінді. Бұл қонақ Абайдан әке-шешелерінің саушылығын сұрастырды. Көрсетіп жатқан сый-құрметіне алғыс айтты.

  Абай өздігімен сөйлемей, тек қана Қадырбайдың сұраған сөздеріне жауап беріп отыр еді. Жауапты қысқа болса да, байыпты, орнықты ғып айтады. Жас жігіттің түс-тұлғасын Қадырбай ұнатты білем, тағы да сөйлеткісі кеп:

  – Осы Барлас ақын маған бір әңгіме айтып еді. Құнекеңнің оқудан қайтқан бір жас баласы бар екен. Өзі өлеңқұмар екен. Ұлжаннан туған, Зеренің қолындағы баласы десе керек еді. Сол әлде сенбісің? – деді. Абай ұялыңқырап күлді де:

  – Барлас ақынның біздің үйге кеп азырақ қонақ боп кеткені бар еді, – деп Қадырбайдың жүзіне тура қарады.

  Қадырбай күлімсіреп қойып:

  – Балам, ендеше, сен көңіліңе алма, әкеңмен мен құрдаспын. Сондықтан еркін сөйлей берем. Айтпағым: өлең дегенді аса бір сүймейтін кісі сенің әкең еді. Сен неғып өлең сүйгіш боп жүрсің? Осының жөнін айтшы? – деді.

  Үй іші Қадырбайдың қалжыңына күле бастады. Абай өзі үй иесі болғандықтан, сыпайылық жасап, аз сөйлермін деген. Бірақ мына Сыбандар шет елдің адамдары сияқты емес, Тобықтының өз ауылдарының адамындай кең отыр. Жауап айтқысы да келеді. Айтар сөзі де даяр сияқты. «Тек қонаққа кеп отырған үлкен кісімен жауаптасса, әдепсіздік болар ма екен?» деп екі ойлы болды. Өзі байқамастан тамсанып, басын шайқап еді. Қадырбай шалып қалған екен.

  – Кәне, бірдеме айтқалы отырсың ғой. Ұялма, айт! – деді.

  – Ендеше, Қадеке! «Әкесі құрдастың баласы құрдас» дейді ғой. Оғат айтсам, ғафу етіңіз! Бірақ аса бір көңілі керең кісі болмаса, өлеңді сүймейтін жан бола ма? Менің әкемнің де сүйетін өлеңі болар. Жалғыз-ақ сіздің есіңізде қалғаны, әлгі бір «Шұбарым, арғымағым, кер маралым, өз заңынша бөлкендік жандаралым!» деген өлеңді жақтырмай, сынап сөйлеген сөзі болмаса! – деді де, ақырын күліп қойды.

  Үйдің іші тегіс елең етіп, Абай жауабын баққан Қадырбай қатты қарқылдап күліп жіберді.

  – Япыр-ай, мына баланың өзіме соғуын қарай гөр. Сен бұл әңгімені естіген екенсің-ау, ә? – деп, үй ішіне жағалай қарады. – Мынаның айтып отырғанын көрдіңдер ме? Бұл менің Солтабайға айтқан өлеңімді нұсқап отыр. Құнекең соны естігенде, маған: «Несіне жалына бергенсің?» деп сын айтып еді. Балам, сен дауыңды тауып айттың! – деп тағы күлді.

  Абай осыдан әрі үндеген жоқ. Тегінде, соңғы кезде барлық үлкендерге талас сөзде соқтығыңқырап сөйлегенді қатты ұнатушы еді. Өзі қоймай сөйлеткен соң, Қадырбайға айтқанына да өкінген жоқ. Қайта мұндайдағы қатқыл көңілі бір ырзалық тапқандай болды.

  Бұл үйдегі қонақтар ұзақ отырып, кеш жатты. Орындарын жайластырып, тегіс жатқызып болып, түңліктерін жапқызып, Абайлар ас ошағына қарай қайтқанда, жаздың қысқа таңы сарғайып атып келеді екен.

  Абай, Ербол, Ызғұттылар ас үйлерге жақындай беріп, өзара күңкілдесіп:

  – Қазір таң атады. Бүгін ұйқы бола қоймас!

  – Ұйқыны қояйық! Отын-су ерте қамдалсын!

  – Қымыз! Қымыз кешікпесін! Бар үйдің де сабалары сарқылып қалды!

  – Ұйқыны қойып, тез қам қылайық! – десіп, келесі күннің қамына жұмылды.

  Келер күн ең ауыр күннің өзі болды. Астың дәл үлкен күні – осы. Абайға тиісті қонақтар бұл күні түске шейін кешегі үйлерінен қозғалған жоқ. Таңертеңнен бері шай, қымызбен сыйлап келіп, дәл түске тақай бергенде, барлық он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолы жасаған тәртібі қонақтарды да, көлденең елді де, ас иелерін де қатты сүйсіндірді.

  Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Нағашыларға арналған күтімнің қапысы жоқ, оқшау сый болды.

  Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен ақ боз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолына үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін деген белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ. Астың қалың думан, қызу ордасы қайнады. Әңгіме-дүкен қарақшыайналасында болады. Байсалдың хабарын құлақтана салысымен, барлық жұрт аттарына ұмтылды. Жал-құйрығы сүзілген бәйгелер де киікше басып, ойқастап шықты. Аз уақытта қалың ел ат үстінде әзір болды.

  Жиынын Абай тегіс болжай алмады. Ол атқа мінбеген, мінбекші де емес. Өйткені мұның сыбағасына тиген қонақтар алыс елдің адамдары болғандықтан, бүгін тарамайды. Ендеше, кешкі сыйына тағы әзірленіп тұру керек. Сол себепті Абай мен Ызғұттылар өз шаруасының қарбаласында жүр. Маңындағы жігіттері де тапжылмай, қастарында қалған. Абай ешқайсысын босатқан жоқ. Тек жалғыз Ербол ғана көптің қызуына елігіп, шыдай алмай:

  – Тым құрыса, сендерге хабаршы болайын. Не боп жатқанын айтып келейін, – деп тұра жөнеліп, шапқылап кетет те, тез оралып келіп, тың хабарлар айтады. Кешеден бері жиылған жұрттың сан мөлшерін білген кісі жоқ еді. Ербол «талай мың бар екен» деп келді.

  Абайдың қонақтары аттарына мініп, белгі күтіп тұрғанда, Байсал ұран салып, қарақшысын аспандата көтеріп, Тезектің Қарашоқысына қарай шапты. Соның ар жағы – кең жазық. Істің бәрі сонда болмақ.

  Қарақшы жөнелісімен, соның бетін бағып тұрған барлық топ-топ аттылар да дүркірей шауып, қаптай жөнелді. Абайлар енді көрді, көлденең өтіп, селдей ағып жатқан халықтың саны ұшан-теңіз екен. Бұл кезде ас үйлерден Ұлжан, Айғыздар да шығып, барлық күтуші, қызметші атаулының баршасы тамашалап, қарап қалысты.

Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» бірінші кітап. Қайтқанда
Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» бірінші бөлім. Қияда (жалғасы)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу