Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» бірінші кітап. Қайтқанда
1
Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды.
Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста өзі оятып тұрғызып еді.
Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзіне таныс Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады.
Арттағылар – Байтас пен жорға Жұмабай:
– Мына баланың ауылға асығуын-ай!
– Сорлы бала қыстай ішқұса болып қалған-ау, – деседі. Бала шәкірт ұзап кеткенде, бұлар да еріксіз желе шоқырақтап шауып отырып, қуып жетеді. Жорға Жұмабайдың тақымында қара шоқпары бар. Байтастың да аяғының басына ілген ұзын қайың сойылы бар-ды. Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар баланы жеке шабудан тежеп:
– Енді бізден ұзап кетпе! Анау Есембайдың жырасын білесің ғой!.. Ұры жатады… – деді.
– Сені мен бізді манадан көріп отыр! «Қоқырақтап жалғыз шабатын неме екен, түсіріп, атын әпкел өзінің!» дейді де, сені төбеден бір-ақ нұқып, мына бәйге бестіңді алады да, кете барады, – деді Жұмабай да.
– Е, сендер ше? Сендер беріп жібересіңдер ме?
– Ойбай, бізде не қауқар бар? Біз екеу-ақ…
– Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман, – деп Жұмабай шошыта сөйлегісі келеді.
Баланың қытығына тиетіні осы жері.
– Әйтеуір, сендерден дәрмен жоқ екен. Ендеше бірге жүрдім не, жеке жүрдім не? Ал кеттім! – деп соқтырта жөнелді. Бұл Тақырбұлақтан өте бергенде бастағаны еді.
Содан жаңағы қауіпті деген Есембайға жеткенше, артына бірде-бір қараған жоқ. Көз ұшына кетіп ұзап алып, ылғи жапа-жалғыз шауып отырған.
Жолдың бұл тұстары ылғи белес-белес болатын. Осы қазіргідей боп жұрт Шыңғысқа, жайлауға қарай көшкенде елсіз боп қалатын жер. Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. Тақ иек артпадан, өкпе тұстан жүргіншіге жауды қоян-қолтық, құшақтастыра түсіретін ұры сай, жасырын жыралары да бар.
Бұдан бұрынғы екі күндік жолда үлкендер жылдам жүрмей, баланың шыдамын әбден тауысқан-ды. Ол сондықтан бүгін, ауылға жететін күні үлкендерді еріксіз қатты жүргізудің айласын тапқанына дән ырза. Күні бойы осылай етуге байлаған.
– Бала деген қорқар болар еді. Ес бар ма өзінде, пәруәрдігер, – деп Байтас бабын таба алмай басын шайқайды.
Жұмабай әбден болмаған соң:
– Қап, мынаның баласы!.. «Мен бөрінің бөлтірігімін» деп келеді-ау! Қой, не де болса, қалмайық енді. Байтас, жүр! – деп шаба жөнелді. Екеуі де жарыса бастады.
…Бала шәкірт ауылға асыққан, лепірген күйіне қайта келіп, тағы да тебіне жөнелді.
– Уа, қой деймін, бала! Ат зорықтырасың!
– Жапа-жалғыз ұзап кетіп, жауға жем боласың! – деп екі жолдасы тағы тежей бергісі келді.
Бірақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, енді үйіне, ауылға жетуге асыққан бала шәкірт ол сөздерді тыңдайын деп ойысқан жоқ.
Үлкендер қорыққан Есембай да, тіпті ұрылар да Абайға сондайлық жат, суық боп көріне алмады. Ұры десе, осы елдің өздеріндей қазақтары. Көп болса, киімдері, ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті сарытоқым ұры болған – ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері де ұмытылмайтын. Қайта бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем деген іште жүрген ынтықтығы да болатын…
Қорықтан шыққалы таңертеңнен бері бөгелместен тартқан үш салт атты аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкі екінді кезінде Көлқайнардағы Құнанбай ауылына, Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған ауылына кеп жетіп еді.
Көлқайнар суы мөлдір, мол бұлақ болғанмен, кең қоныс емес. Жайлауға қарай, Шыңғыс асқалы беттеп келе жатқан елдің үш-төрт ауылы қоныпты.
Бұның бәрі «Құнанбай ауылы» деп аталады. Өзінің ауылы мен жақын туысқандарының ауылдары.
Көлемі аз бұлақтың айналасына жиі қонған ауылдардың үйлері де, шұбыртқан малы да, адамдары да кешкі мезгілде ыю-қию араласып жатқан сияқты. Жерошақтардан шыққан түтіндері де біріне-бірі қосылып ұласып, тұтасқан көкшіл мұнардай тарайды. Үрген иттер, мал қайырған айғайлар, маңыраған қой, қозы шулары араласып жатыр. Кешкі суға келе жатқан қалың жылқының кісіней шапқан дүбірі, шаң-тозаңы болсын немесе оқта-текте азынай кісінеп, үйірін іздеп шапқан, мінуден босаған жас айғырлар дауыстары болсын – барлығы да осы отырған ауылдардың осы кештегі тіршілік тынысын білдірген сияқты. Баланың барынша сағынған көрінісі. Қазір жүрегін аттай тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі. Жүргіншілер бұлақтың дәл қасына ең жақын қонған ауылға келе жатыр. Ортасында бес үлкен ақ үй бар, көп үйлі ауыл – Абайдың екі шешесі Ұлжан мен Айғыздың ауылы.
Осы ауылдың шеткі үйлерін сырттап, кешкі жайылымға, батыс жаққа қарай жаңа өріп бара жатқан бойдақ қойдың ішін аралап, ортадағы үлкен үйлерге қарай беттеп келе жатқан үш аттыны бұл ауыл тез таныды. Әсіресе қораның ортасында қосақталған қойды сауып отырған қатындар бұрын көрген екен. Етектерін белдеріне қайырып түріп алған, алжапқыш тартқан қалыптарымен, қолдарына шелектерін ұстасып, жүргіншілерге қарап:
– Қалашылар, қалашылар келеді!
– Анау Абай, Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы, – деді…
– Бәсе, Телғара ғой… жаным-ау, мынау… Телғара! Әпкеме айтайыншы, – деп жеңге де үлкен үйге қарай ұмтылысқан.
Сағынған баласының келер мөлшерін Байтас кеткеннен бері шешесі Ұлжан да есептеп, осы бүгінге ұйғарып жүр еді. Қырықтың ішіне жаңа кіріп, семіз тартып қалған сары-қызыл бәйбіше жаңағы дауыстарды түгел естіді. Өз үйінен шығарда, төрде отырған енесі Зерені де хабарландырып, сүйемелдеп ерте шықты.
Құлағы көптен мүкіс тартқан кәрі әжесінің ең бір жақсы көретін немересі – Абай-ды. Оны есінен шығармай, дұғасына кіргізіп, тілеуін тілеп отыратын.
Аттылар үйдің сыртына келе бергенде алдарында, сол үлкен үй мен күншығыс жағына тігілген қонақ үйдің екі арасында бұларды күткен бір топ жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көрші үйлердің қатындары, бірен-саран тыста жүрген шал-кемпір, онан соң осы ауылдың барлық үйлерінен шығып, жүгірісіп келіп жатқан балалар бар. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендері де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келіп жатыр.
Осы жиынға қараған бетімен, екі жолдасынан озып кеп бұрын түскен Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:
– Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер! – деді.
Абай жалт қарап барып, жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар – әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан аттарынан түсіп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес. Батыс жақтан 4–5 атты жолаушы келеді екен. Арты Қыдырдан шыққан жолаушылар тәрізді. Өздері өңшең толық денелі, үлкендер сияқты. Құнанбайдың бүгін әдейі тосып отырған адамдары болу керек. Ол соларға қарап тұр.
Байтас пен Жұмабай тақай бергенде, Абай да қасына кеп қалып еді. Үшеуі бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:
– Балам, бойың өсіп, ержетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп білімің де өсті ме? – деді. Кекету ме, жоқ, күдік пе? Немесе шынымен жай білгісі келгені ме?
Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай сезгіштігін өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:
– Шүкірлік, әке, – деп біраз тұрды да, – ат барған соң, дәріс тамам болмаса да, хазіреттің рұқсатын, фатихасын алып қайттым, – деді.
Тіпті, ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзірлеген жауабы еді.
…Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:
– Өзі, тіпті көшелі кісі боп қапты! – дей беріп еді, Құнанбай оның сөзін аяқтатпастан Абайға:
– Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам! – деді.
Абайдың күткені де сол еді. Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда, Абай қайтадан өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды…
Барлық үлкеннің құшағына амалсыз кезек-кезек кіріп болып, енді сытылып, шешесіне қарай баса берді. Абайдың өз шешесі Ұлжан мен екінші шешесі, сұлу жүзді Айғыз қатар тұр екен.
Бала топтан шыға бергенде, Айғыз күліп:
– Пай, баламыздың бетінен сүйер жер де қалдырмады-ау, – деп паңдана күлді де, Абайды көзінен сүйді.
Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бергі мінез болған. Бала осыдан арғыны күтпеуші еді. Бірақ бауырына басқанның өзінде де Абайдың жүрегін қатты-қатты соқтырған аса бір өзгеше жақындық білінді. Ана құшағы!.. Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки! – деп үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере бәйбіше таяғына сүйеніп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! – дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан лезде: – Қарашығым, қоңыр қозым… Абайжаным… – деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті.
Әжесін құшақтаған бойында үлкен үйге кірген Абай ымырт жабылғанша осында болды. Шешелері бұған біресе қымыз, біресе тоңазыған ет, біресе шай ұсынып тықпалай берсе де, баланың бойына ас батпады. Жөндеп ішкен де жоқ. Күні бойғы аштығы да ұмытылған сияқты.
2
Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес.
Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазірде қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозшылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. О да ауырғандық пен күн көзінде болмағандық белгісі.
Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше үйлесті. Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек, бір дос тапты. Онысы, әсіресе әжесі. Одан қала берсе шешесі. Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі біртүрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда ол ойланып отырып:
– Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп кішкене тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесін тізесінен ақырын қағып:
– Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді.
Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ–Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды.
Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. … Кейде әжесі шаршап, айтпай қойса, өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Және ол көбінесе өлеңді сөзді жиі айтады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей сақтап жүрген зейініне таңғалады. Нелер ескі заман жырларын, айтыс, өсиет, әзілдерін де көп айтып береді. Екі анасын көңілдендіріп тағы айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен «Жүсіп–Зылиқа» сияқты қиссаларды оқып береді. Әндетіп, мақамдап қояды. Шешелеріне ұғымсыз болған түрік тілінің жеке сөздерін жолшыбай қазақшалап отырады. Осымен қайта көңілдендіріп алып, ескі әңгімелерді тағы айтқызады.
…Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл үйге екі бөгде қонақ келіп қонды. Бірі – қартаң, бірі – жас қонақ. Жасын Абай біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауда келіп, осы үйде үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш–Баянды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенмен, шешесі әбден таниды екен.
Қонақтармен жай сұрасып, амандасып болған соң, Ұлжан Абайға қарап жымиып:
– Ал, балам, әжең екеуімізді қажай беруші едің, әңгіме-жырдың дүкені, міне, жаңа келді. Мына кісі – Барлас деген ақын! – деді.
Шоқшалау ғана ақ сақалы бар келбетті келген, зор дауысты, ақ сары кісі Барлас Абайға салғаннан ұнады. Білгенін ішіне бүгіп, үндемей отырған өзге үлкендердей емес. Барлас іле сөйлеп кететін жарқылдақ, ашық. Осы үйде талай күннен жатып жүрген, ауыл адамы сияқты.
– Е, балам, «шешенің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген» дегендей, сөйлеуді де, тыңдауды да сүйген ел – ел дағы. Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға Байкөкше жалықпас! – деп жас жолдасына қарап, күліп қойды.
Жайлауға келіп қонғалы бөгде қонақтар келгіш еді. Барлас Сыбан болатын. Жайлауға қоныстары жақындаған соң, жылдағы дағдысы бойынша осы ауылдарға амандаса келген екен. Жолшыбай Мамай ішінен Байкөкше қосылыпты. Ол – Барластың ақын шәкірті. Жылда осылайша қасына еріп, бірнеше айды бірге өткізуші еді.
Үй іші тегіс қош алған соң, екі ақын да оңай шешілді. Осы түнде ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу, ең бір әсерлі, күшті жыры осы еді. Барлас жырын бітіріп, қол жуғалы қамданған уақытта Абай:
– Мұны айтқан кім? Осы өлеңді шығарған кім екен? – деп бағанадан бері өзін сүйіндірген ақынның атын білмек еді.
– Әріден келе жатқан деседі-ау, балам, бұның түбін… – деді.
Қобыландының қоштасқаны, Тайбурылдың шабысы, Қазан мен Қобыландының жекпе-жегі Абайды әсіресе елтіткендей болатын. Жатқанда көпке дейін алағызып ұйықтай алмады.
Ертеңіне Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді.
– Жүрмеңдер. Асықпай әлі біраз күн қонақ боп жатып кетіңдер, – деді. Бұл – Абайдың тілегі. Абай бұрын тағылым, үлгі – кітапта; білім, өнер – медреседе ғана деп түсінетін. Оған дастан шебері – Низами, Науаи, Физулиде; мұң нәзігі – Шайх-Сағди, Хожа-Хафизде, батыр жыры Фердаусиде көрінетін.
Қазақта нелер «Баян–Көрпеш», талай «Ақбала–Боздақтар» барын анық білмеуші еді.
Тілі ұғымды, өмірі таныс болғаннан ба немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектесіп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе? Бебеу қаққан қоңыр, майда баяу домбырадан ба? Қалайда болса, Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты болды. Күндіз де, түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Екі ақын Ұлжан үйін барлық осы үлкен ауылға қанбазардай қалың жиын үйі қып жіберді.
Бие байлап болғаннан кейін, түске жақын ауыл қымызға жиылады. Қыза отырып, жыр тыңдайды. Күндіз ылғи ұзақ жырлар жырланады. Немесе әредікте шешендер, ділмарлар айтқан тақпақ, тартыс, билік, даулар айтылады.
Ал ел айығып оңаша қалғанда, Барлас өз жырларына Асанқайғы, Бұқар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын – бәрін қоса, өзі құрбы өзге ақындар айтқан жырларды термелеп кетеді.
Бұлардың ішінен заман зарын, көп мұңын шертетін сөздерді, әсіресе бөліп айтады. Барлас біреуді мақтап, біреуден сұрап жырлайтын ақын емес.
Абай мен шешелерінің кешкі уақытта тыңдаған жырларының көбі – Барластың өзі сүйген құлақ күйі сияқты термелер болады. Мұндай кезде Барлас Абайға күндізгі Барластан тіпті басқа боп көрінеді. Қызықты, қызуды, қыздырманы ғана айтатын күлкіші, сауықшыл Барлас емес. Кешкі кездерде ол бір үлкен өсиетші, кейде шерлі қарт сияқтанады.
Сондай-сондай кездерде өзінің де ішін ашып:
…– Әйтеуір үлкен қасиеті – болымсызды дардай ғып мақтай беретін әдеті жоқ екен. Ел ақтаған ақын емес қой. Сөзін ұғып ал осының! – деп қоюшы еді Ұлжан.
Тыңдай келе Абай Барластан тағы бір соны сөздер есітті. Ол осы заманның ұлығы мен бегін айтқан, сынап-мінеп айтқан сөздер. Бір терменің ішінде Барлас:
– Аға сұлтан ұлық бар,
Елге мәлім қылықтар,
«Өл» дегенде өлмесең,
«Жүр» дегенде жүрмесең,
Малы құрым құрықтар,
Кісен салып құлыптар! –
деп бір кетті.
Абай әкесінің үйде жоғын еске алып, «келмей-ақ қоя тұрса екен», «қыдыра түссе екен» деуші еді. Шынында да, Барластар келгелі Құнанбай бұл үйіне кеп қонған емес. Ол бір топ үлкендермен ел аралап, жолаушылап кеткен. Ұлжанның Барласты жібермегені де сол. Ақын мен әнші Құнанбай жоқта болмаса, мұның ауылына онша үйір боп, бой жазып жата алмайтын.
Барлас «ұлық пен бек» дегенде кімді айтады? Онысын ашпайды. Бірақ Абай оның мұндай жырларын ылғи өзінше ұғады. Мысалдың көбін жақыннан іздейді. Бірақ бұл бала да сырын, ойын ешкімге ашпайды.
Старшын дейтін әкім бар,
Пайдасын көрер жақындар.
Қалың елі тек жемі
Боранды күн тиіскен
Аш қасқырдай тақымдар…
«Бұл – старшын Майбасар» деп ойлайды Абай.
…Жарлы, зарлы демейді,
Кеңінен ашып көмейді,
Түгіменен түйесін
Жұтам десе, қай сорлы
Қалтқы болып бөгейді?
Соны көріп ақынның
Аса түсіп ағы да
Әжімі де көбейді, –
деп «аһ ұрғандай» боп кеткенде, Абай Барластың қайғысын да танығандай болады. «Ел ұйытқысы шайқалды» дейді. Бұрын Абайдың естімеген заршері сияқты.
Беті-түсі айқын болмаса да, әр заманда, әр жерде күңіреніп, қайғы шеруін тартып жатқан кәрі әжесі сияқты, көп жасаған, көп қайғыны көрген, үлкен бір шері бар. «Ол кім?..» – дәлін, барын Абай біле алмайды.
Осы жолы Абай әрі өзі ысылып, әрі шешесі арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшені дәл бір айдай жібермеді. Бұл уақыттарда жас бала Барлас, Байкөкшемен біржолата дос, жақын боп алды. Бертін келе түнде ол Барластың қойнына кіріп те жатады. Күндіз барынша күтеді. Мұның ұғымтал зеректігіне қатты ырза боп, шын сүйсінген Барлас бір оңашада, жай ғана тақпақтап:
– Шырағым, ержетерсің,
Ержетсең, сірә, не етерсің,
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң, шыңға жетерсің, –
деп кеп Абайға домбыраны ұсынды.
– Міне, балам, осы менің батам болсын. Тіпті шынымен мейірім түсіп, айтқызып отыр, – деді. Абай ыңғайсызданып қысылды да, үндемеді. Бұл «Барластар ертең жүреді» деген түнде, ас алдында болған сөз еді.
Ертеңінде ақындар аттарын ерттеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесін тысқа шығарып алып:
– Апа, екеуіне де жақсы қып тұрып сый беріп аттандыршы! – деді. Ұлжан үндеген жоқ.
Қонақтар қымыз ішіп болып, енді қоштасарға келгенде Ұлжан Барласқа қарап, бір сөз айтатындай пішін білдірді. Қонақтар іркіліп қалған еді.
– Мынау балам оқудан қайтқалы сүле науқас боп, арыла алмай қойып еді. Сендер келгелі жақсы сөздеріңмен ем әкелгендей болдыңдар. Қадамы құтты қонақ болдыңдар! – деді.
Абай шынында да дәл осы кезде өзін-өзі бар сырқаттан құлан-таза боп арылғандай, нық бір қайрат жиып алғандай сезді. Шешесі үндемесе де, ашып айтпаса да, «білгіш, танығыш, сыншы» сияқты көрінді. Ол бөгелсе де, сөзін бітірген жоқ-ты. – …Тағы да келе жүріңдер. Анау кәрі әжесі мен бізді де көп сейілттіңдер. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер… Риза, қош боп аттаныңдар! – деді.
3
… Абай Қарқаралы қаласын жапа-жалғыз аралап кетті. Кейде бір іші пысып, жүдеу тартса немесе бір нәрсеге ырза боп, көңілі өрбісе, осылайша жалғыз кетіп қалушы еді… Күн кешкіргенмен әлі батқан жоқ екен. Қала желкесіндегі әсем таудың қарағайлы жотасында қызыл арай сәуле бар. Тау басында жел тұрды білем. Тоғайсыз ашық жондарда сырғақ көрінеді. Жаяу борасындап, ұйтқи түсіп қызғылт құйын ұшқындайды.
Қала ішінде желсіз шыңылтыр аяз білінеді. Жайсыз суық емес. Бойды ширықтырып, жинақы ұстататын жеңіл мезгіл.
Таудың қалаға қараған бетін кеш көлеңкесі басқан. Жақын жердегі жақпар тастардың өзі де қазір көкшіл көлеңке ішінде көгілдірленіп, алыстай түсіп, түнге бейімдеп барады…
Абай өз пәтерлерінен екі-үш көше ұзап кетіп еді… Бір уақытта пұшпақ айналып, даурыға сөйлеп келе жатқан жаяу топты көрді… Көп адам болса да, ішінен Абайға таныс кісі білінбеді. Күлісіп, дабырласып сөйлеп келе жатқан ылғи жұпыны киімді жатақтар… Жаяу жүрістерінен де қаладағы қарекет адамдары екені танылып тұр.
…Бір пұшпаққа жақындап қалған екен. Дәл бұрыштан бұрылып, бұған қарсы шыққан үш аттыға көзі түсті.
Аңырып тұра қалды да, тез таныды. Келе жатқан Бөжей, Байсал, Байдалы екен. Ортадағы түлкі тымақты, күрең төбел атты Бөжей. Ақ сұр жүзі жабыңқы. Қоңырқай мұрты менен сақалына кешкі аяз қылау салыпты.
Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп, тосып тұрды. Аттылар мұның қозғалысын оқыс көрді ме немесе таныды ма, аттарын баяу бастыра бастап еді, жақындап тұстас келді.
Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:
– Ассалаумағалайкүм!.. – деп сәлем берді.
Медреседе жүргенде: «Көшеде хазіретті көрсең, осылайша тағзым ету керек» деп халфелер үйретуші еді.
Абай көптен бері ешкімге бүйтіп сәлем беріп көрген жоқ. Қарқаралыға келгелі Бөжейдің көрінгені осы. Шешесінің жүрердегі сөзі есіне түсті ме, болмаса қазіргі көңіл күйіне сай келді ме?.. Қалайша бүйтіп әдеп шығарғанын Абайдың өзі де байқамай қалған-ды.
Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды білем… атының басын тежей беріп:
– Уағалайкүмассалам, балам!.. – деп тоқырай қалды.
Байсал Абайды жаңа таныған еді. Жақтырмай, мұрнын тыржитып:
– Өй, мынау екен ғой, жә, жүрші! – деп атын қозғай беріп еді, Бөжей:
– Тоқташы! – деді.
– Ей, сол антұрғанның баласының сәлемін алушы ма ем?.. – деп Байсал Абайға қабағын түйе қарады.
Абайдың екі беті ду етті. Оқыс жалын беті емес, ішін де шарпып өткендей. Кінәлап, ренжіген жазықсыз баланың отты көздері жарқ етіп, Байсалға қадала қарады.
Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып:
– Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе? – деді.
– Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..
Абай болса, күндізгі өзін көңілдендірген күйін ұмытпаған болатын. Қарқаралының кейбір көше қазағы естіген татулық жайын Бөжей, Байсалдар әлі естіген жоқ-ты. Жаңа, кешке жақын ғана Алшынбай бұл үшеуіне кісі жіберіп, өз пәтеріне асқа шақырған екен. Не сөз барын білмесе де, соған аттанып бара жатқан беті осы еді.
Абай жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да:
– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!.. – деді.
Байсал бұл сөзді де жақтырмай сырт қарай беріп еді, Бөжей оның қозғалысын танып:
– Ей, Байсал, сен бата бермегенмен, мынау болайын деп тұрған бала ғой, – деді де, Абайға бұрылып:
– Ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын!.. Жалғыз-ақ өзгені берсе де, әкеңнің қаттылығын бермесін! – деп бетін сипады. Абай да Бөжейге қадала қарап тұрған қалпында бата қылып, бетін сипап еді…
Аттылар жүріп кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге қарап:
– Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің… – деді.
Абай тұрып-тұрып барып қана қозғалды.
Шын ба? Шын айтты ма? Жоқ әлде Байсалдың қаттылық, аямастық мінезі балаға ауыр тимесін деп, жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай жақсы бата берді? Ойда жоқтан, оп-оңайдан, осындай таудай үлкен сый бола ма?.. Мырзалық па? Жоқ әлде Абайды аз білсе де, тез танығаны ма?
Үлкендер көреген, танығыш, сыншы ғой! Шынымен-ақ танып айтқаны ма?.. Олай болса, Абай жаман кісі емес, жақсы кісі болмақ қой!..
Бұл жайды ойлаған сайын балалық өзімшілдігі қатты ырза болды. Абайдың іші ала қызып, біртүрлі қуана серпіліп, тез-тез құлаш сермегісі келгендей. Әлдеқандай өріс іздегендей.
Енді асыға жүріп келеді. Күн қазір ымырт бопты, оны да жаңа байқады. Екі көше адасып, пәтерінен асып кетіпті. Мұны да жаңа білді. Қайта жүрді.
Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді…
Бұл ой Абайға ең алғаш келген ой еді де… және тіпті өз ойы сияқты көрінді. Анығында: «ақыл, қайрат…», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердің өзара дауы, таласы деген «парсы, түрік» тіліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл әңгімесі бар-ды.
Қазірде Абай соны өмірден тапқанына да дән ырза… Өз ақылымен тапты… Тапты да: «Осының бәрі бір жерде, бір кеудеде, бір адамның ішінде болмаққа лазым…» деп, өзгеше бір сенімді байлау жасады. Осы оймен қатар, өзін осы Қарқаралыға келгелі қатты өсіп, ұлғайып қалған кісі сияқты көрді. Талай жанды көріп, талай сөздерді ұқты…