Әзімхан ИСАБЕК: Шымкентте Абайдың төрт бірдей үрім-бұтағы жерленген
Әзімхан Исабек – жас ғалым, Абайтанушы. 1996 жылы, 24 шілдеде Шымкент қаласында туған. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің доктаранты. Сонымен қатар «Мұхтартану» ғылыми орталығының білікті қызметкері. Шымкент қаласы әкімінің «Үздік жас жазушы – 2019», «Үздік жас ғалым - 2020» номинацияларының иегері. «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Абай. Китаб Тасдиқ» атты Абай мұраларын зерттеу еңбектерінің авторы.
– Осыдан 3 жыл бұрын берген сұқбатыңызда «Мен ғалым емеспін, жазушы да емеспін. Мен ізденушімін» деген екенсіз. Бүгінде республикаға «жас ғалым» ретінде танылып кеттіңіз. Өз ойыңыз әлі өзгермеді ме?
– Иә, әрине! Әлі сол ойдамын. Өйткені, адам пісіп-жетілдім, болдым-толдым деген сәтте бірден тоқырауға ұшырайды. Хадисте: «ілімді бесіктен қабірстанға дейін үйрен» деген. Сондықтан, өзіңіз айтқандай мен әлі білім ізденушімін...
– Әдебиеттанудың өзегінде қауызы жарылмаған талай ғылыми сала бар. Абайтану ілімін таңдауыңызға не түрткі болды?
– Үшінші сынып оқып жүргенде сынып жетекшіміз Абайдың «Күз» өлеңін жаттауға берді. Қазан айы болатын. Сол өлеңді маған алғаш анам жаттатып еді. Содан бермен қарай мектептегі жылдарымыз өтіп жатты. Кейіннен 8-сыныпта оқып жүргенде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ беретін апайымыз 3 күннен кейін аудандық «Абай оқуларына» баратынымды айтты. Оған қоса ол байқауда өлең санының көп болуы аса маңызды. Қобалжығаным жасырын емес. Мұғалім айтты, тәуекел деп кірісіп кеттік. 3 күн бойы бар уақытымды Абайдың өлеңін жаттауға арнадым. Үйде жаттап жүріп, анама айтып беремін. Содан сол 3 күн ішінде 25 өлеңді жаттап шықтым. Аудандық байқауда бір жерден мүдірмей жатқа оқып, нәтижесінде жүлделі 3-ші орынға ие болдым. Егер 2-3 ай кіріссем бас бәйгені оп-оңай алатыныма сонда көзім жетті. Сол байқауда шынайы қуаныштың дәмін таттым. Оның үстіне бұл жүлде «Абай оқулары» бойынша мектеп тарихындағы ең алғашқы жеңіс болды. Онан кейін жыл сайын пәндік олимпиадалар, неше түрлі ғылыми жобалар байқауында бақ сынап, республика көлемінде бірнеше рет жүлдегер атандым. 9-сыныпта «Абай жолын» 3 рет оқып шықтым. Алдыма Абайдың қара сөздерін жаттаймын деген мақсат қойдым, әсіресе, «отыз сегізінші қара сөзіне» қатты көз тіктім. Оқып отырғанда, «отыз сегізінші қара сөздің» мәтінінде қиыспайтын, байланыспайтын тұстары байқалушы еді. Кейіннен мектеп бітіріп, ЖОО-на түскен соң, ол ойымыз ақиқатқа айналып, данышпанның «отыз сегізінші қара сөзіне» іргелі зерттеу қажет екендігін анық ұғындық. 1-2 курс оқып жүргенде Құнанбайды зерттегім келді. Осы кезеңдерде «Өмірдің мәні неде? Не үшін тудық?», деген ойлар мені мазалайтын. Соның жауаптарын Абайдан тауып отырған соң, оған салмақты көзбен қарай бастадым. «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» өлеңін бала шақта судыратып жаттаған бір бөлек екен де, өмірлік ойлардың жетегіне кеткенде ашып оқығанның жөні бір бөлек екен. Содан бастап, мықты ұстаздарым мен осындай өмірден мағына іздеген көкейдегі сан сауалдардың арқасында Абайға деген қызығушылық мүлде еселей түсті.
– «Қарама-қайшылық қана ғылымның дамуына ықпал етеді» дейді ғой. Бүгінде Абайға, оны тануға деген қарсылықтар, агрессиялы көзқарастар көбейіп жатыр. Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз...
– Дұрыс айтасыз! Өзіңіз білетіндей, соңғы кезде Абайдың тарихи тұлғасы жайында неше түрлі дақпырт әңгімелер белең алып кетті. Әлеуметтік желіде осы төңіректегі қаншама посттарды оқып жатырмыз. Шынымды айтсам, мән бермей өте шыуға тырысамын. Оларға жауап жазып отыруды ар санаймын. Неге? Өйткені, Абайды һәм оның мұрасын жоққа шығару мүмкін емес. Оны жоққа шығаруға өміріңізді арнасаңыз да, том-том кітап жазсаңыз да бекершілік. Абай оған көнбейді.
Кейде, біз Абайды қаншалықты қадірлеп жүрміз деген ой маза таптырмайды. Тіпті Шәкәрімнің өзі де кезінде күйініп айтпап еді: «Иб¬ра¬һим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, ғұлама, философ кісі еді. Қор елде туып, қор болып өтті», деп. Шәкәрім айтқандай, қор елде туып, қор болып өткен Абайды енді келіп тағы қорламайықшы...
Сіз айтқандай, Абайды тануға деген қарсылықтар, агрессиялы көзқарастар көбейіп кеткенінің бірден бір себебі, ондағы ақтаңдақтардың әлі де ашылмай жатқандығы, текстологиясындағы проблемалардың шаш етектен екендігін көрсетіп берді. Байқайсыз ба, күн өткен сайын Абайдың төңірегіндегі ғылыми мәселелер толастар емес. Бұл Абайдың өте күрделі тұлға екендігін көрсетеді. Абайдың мықты болуының сыры мен себебі өте тереңде жатыр. Бұл тұжырымды түрліше пайымдауға болады. Бірақ бұл мәселеге М. Әуезовтен асырып ешкім жауап бере алмайды. Мұхаң былай дейді: «Абай өз ойын ешбір күшке табындырғысы келмеген данышпан адам». Абай феномені дегеніміз осы, міне. Тағы бір айта кетерлігі, Хакімді зерттеуде, оның жұмбағын шешуде, абайтанудағы алыптардың бірі, бірегейі Мүрсейіт Бікіұлының тұлғасын тасада қалдырмау керек. Абай мен Мүрсейіт қатар зерттелуі керек. Неге десеңіз, біз нағыз Абайға тек Мүрсейіт арқылы ғана бара аламыз.
– «Ақжол Батырұлы – менің ғылымдағы әкем, Мекемтас Мырзахметұлы – ғылымдағы атам» деп ұстаздарыңызды үнемі айтып жүресіз. Осы бір әдемі ұрпақ сабақтастығы үшін, өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп жүрген боларсыз? Немесе ойыңызда жүрген болар?
– Әлбетте, өзіңіз айтқандай: «Ақжол Батырұлы – менің ғылымдағы әкем, Мекемтас Мырзахметұлы – менің ғылымдағы атам». Мен оны мақтанышпен айтып жүрем. Оған қоса бұл үлкен жауапкершілік. Сондай тұлғалардың артып отырған үмітін ақтау үшін еңбектенгеннің үстіне еңбектене түсу керек. Әйткенмен, шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жеттім деп әлі айта алмаймын. Бірақ, ұстаз үшін шәкірт тәрбиелеудің қаншылықты маңызды екенін жүрегіммен ұғынып, бар жаныммен сезініп жүрмін.
– Жақында әжеңіз дүниеден озды, «менің өмір жолымдағы алғашқы ұстазым – әжем», деп айтқаныңыз бар екен. Жалпы әжеңіз туралы не айтар едіңіз.
– Әжемнің бақиға қайтқанына 1 жылдан асып қалыпты. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт. Әжемнің есімі – Қанткүл. Көп балалы отбасында, соғыстың өрті қаулап тұрған 1941 жылдың күзінде дүниеге келген. Көзімді ашқан сәттен бастап, әжемнің тағылымын алып, тәрбиесін көріп өстім. Мен үшін дүниедегі ең кемеңгер, ең дана тұлға ол әрине – әжем. Әліппені алғаш судыратып оқуыма сол кісі себепкер болды. Жазған кітаптарымды, газет-журнал бетіне жарық көрген мақалаларымды шұқшиып, ерінбей оқып отырушы еді жарықтық. Кітап-газетке жаны құмар болды. Жұмыстан үйге қайтқанымда, үйдің төбесі көрінсе, оның ішінде әжем бар, Алатауым бар деп рухтанып, елпілдеп барушы едім. Уақыт өткен сайын сағынады екенсің. Амал қанша? Орны ойсырап қалды. Дүниеден өтерінен 2-3 күн бұрын разылығын берген еді. Мен үшін мына тіршіліктегі ең ұлы бақыт, ең үлкен нығмет сол кісінің разылығын алғаным. Үлкеннің алғысы мен ризашылығын алудан артық дүниеде еш сый жоқ екен. Алла әжемді мейіріміне бөлесін!
– Олжас Сүлейменов: «Шынайы ғылымда атақ пен дәреже дәлелге жүре алмайды. Ал қателік пен надандық кейде қол ұстасып кетуі мүмкін» дейді ғой. Біз әдеби байқауларда болып тұратын әділетсіздіктер туралы естіп жатамыз. Ал ғылыми ортада мұндай әділетсіздіктер қаншалықты жиін орын алады?
– Иә, кез келген қоғамда, ортада әділеттілік пен әділетсіздіктің таласы, күресі болатыны заңды. Бұл күрес ғылымда да бар. Қазіргі қоғамда бір-екі кітап оқып алып, бір нәрсе шатпақтаса болды бәріне пікір айта берем, бәрін біліп алдым дейтін адамдардың бары жасырын емес. Дегенмен, ақиқатқа ешкім көлеңке түсіре алмайды, ақиқат ол бәрінен биік. Кезі келгенде жарып шығатынына кәдігім мен күдігім жоқ.
– Абайтанушы болам деген адам, алдымен әдебиеттанушы болары даусыз. Бүгінгі қазақ әдебиетінің даму қарқыны туралы не айтасыз?
– Бүгінгі әдебиеттің қарқыны, беталысы бұрынғыға қарағанда жоғары. Біз адамдар кітап оқымайды, деп сөге береміз. Бір адам оқымаса, мың адам оқымайды деп көптің атынан үкім шығаруды доғару керек. Адам өзі қандай болса, жұртты солай көреді. Құдайға шүкір, әдебиетімізде де, тарихымызда да ілгерілеу бар. Ләйім тек дами түссе екен дейміз!
– Сіздің бір кездері өлең, әңгіме жазғаныңыздан хабарымыз бар. Бүгінде жеке шығармашылығыңыздың ахуалы қалай?
– Жеке шығармашылықтың жағдайы жаман емес деп ойлаймын. Іздену үстіндеміз. Абай ұрпақтарына, оның мұраларына қатысты тың деректерді жарыққа шығарсақ деген үлкен жоспарлар бар. Өзіңіз білетін де шығарсыз, мына шырайлы Шымкентте данышпан Абайдың 4 бірдей үрім-бұтағы жерленгенін анықтап отырмыз. Осы күнге дейін баласы Турағұл Құнанбаевтың сүйегі «Химфармның» астында қалып кетіпті деген дерекпен өмір сүріп келдік. Мәкен Абайнемересі жасатқан мәрмәртастың арқасында үлкен ғылыми жаңалыққа кез болдық. Сол бойынша да арнайы зерттеулер жүргізіп жатырмыз.
Мұзбалақ Мұқағалидың сөзі бар ғой:
Болашақ деп аталған өлмес-өшпес,
Жақсылықтан жаралған тағдырың бар.
Қыз-қырқын, жігіт-желең, шалдарың бар
Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар!
...Тірі жетсең, Болашақ өзі айтады,
Қайсыңның қанша пұттық салмағың бар, –
деп. Сол айтылғандай болашақ үшін өмір сүру керек қой. Біз де қартаямыз. Артымыздан ерген буын сол кезде бізді тексереді ғой, бұлар не істеді, не бітірді деп. Жоғарыда Мұқаңның өлеңінде айтылғандай, қанша пұттық салмағымыздың бар екені сол кезде белгілі болады.
– Сұқбат соңында көңіліңізге алаң салатын қоғамдағы ең өзекті мәселелер туралы айтып өтсеңіз...
– Біздің қоғамда өз саласында қажырлы еңбек етіп жүрген жандар көп. Техникада болсын, ғылымда болсын, өнерде болсын, әдебиетте т.с.с. Өкінішке орай кей жағдайларда сондай еңбекқор, білімді, талантты жандардың тасада қалып қоятындығына қынжыламын.
Тағы бір айтатыным, жан-жаққа жалтақтай бермей, қазақы қалпымызды сақтап қалу, Құдай берген табиғатымыздан ажырамау, сол біз үшін бірінші орында болу керек.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Сезім МЕРГЕНБАЙ