Петропавлда оқушы мектепке тапанша алып барған
Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушысы сабаққа тапанша алып келген. Бұл ақпаратты Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті растады, деп хабарлайды Оinet.kz.

Ведомствоның мәліметінше, оқушы алып келген зат атыс қаруы емес, пневматикалық тапанша болып шыққан. Оқиға кезінде ешкім зардап шекпеген.
Тексеру нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның заңды өкілі бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа алынды.
Сондай-ақ білім беру органдарына осыған ұқсас жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс енгізілді. Тексеру толық аяқталған соң мектеп әкімшілігіне және оқу орнындағы қауіпсіздікке жауапты күзет ұйымының қызметкерлеріне қатысты да шешім қабылданады.
Айта кетейік, аталған оқиға 5 ақпанда Петропавл қаласында болған. Ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін мектепте қауіпсіздік бақылауы күшейтілді.


