Еңбекақы көтеріліп, қаржылық жүктеме азайтылады – Премьер-министр

Oinet.kz 10-02-2026

Премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен отырыста үкімет халықтың табысын арттыру және қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған жаңа кешенді шараларды әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

534387678_1.jpg

Азаматтардың табысы экономиканың жалпы өсу қарқынына ілесе алмай отыр. Қазір еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 31%-ға тең. Орталық Азия елдері үшін салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш болғанымен, биліктің мақсаты оны әлемдік орташа деңгейге, яғни 41%-дан жоғары көтеру болып отыр. Сонымен қатар жалақының өсуі бизнес кірісінің, оның ішінде мемлекеттік қолдау арқылы және өз күшімен алынатын табыстың арту қарқынынан қалып келеді.

"Осыған орай үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеп жатыр. Соның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделіп отыр. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкіметтің 2026 жылға арналған негізгі басымдығы халықтың нақты табысының өсуі болып саналады. Бұған жаңа өндірістер құруға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралар кешені ықпал етеді.

"Цифрландыру мәселелеріне назар аударылды. Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру жылы аясында Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың барлық салаларына озық технологиялар мен ЖИ енгізу және цифрлық мемлекет құру міндеті қойылды. Алайда бұл бағытта жүзеге асыру жұмыстары тиісті деңгейге жеткен жоқ. Экономиканың нақты секторында цифрландыру процестері әлі де бастапқы сатыда. Осы күнге дейін салалық деректер қорлары толық қалыптаспай отыр", – деді үкімет басшысы.

Осы және басқа да мәселелердің барлығы үкімет әзірлеген "Digital Qazaqstan" стратегиясында өз шешімін табуға тиіс. Ол барлық цифрлық бастамаларды жалпыұлттық бағдарламаға біріктіреді.

Қазақстанға бекер келдің, Сабуров...
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу