Төлебидің абызы

Титімдейінен тірлікке араласқан, қара жұмыстан, білім алудан қашпаған, ел мүддесін бәрінен биік қойған азаматтар аз емес. Солардың бірі – Төлеби ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан облысының Құрметті азаматы Әтірхан Шыңғысбаев. Ел-жұрт «Әтекеңнің батасы», «Әтірхан Шыңғысбаевтың батасы» деп айрықша атап, батасын алғандар басына бақ қонғандай қуанатынын жақсы білеміз. Қариялардың қазыналы болуы да сол ақ батасында болар.
Өнегелі өмірін елге қызмет етуге арнаған азамат бүгінде абыз ақсақалға айналған. Ізбасар інілеріне, замандас-құрдастарына, хабарласып, тұтас Оңтүстіктің абыройлы ақсақалына айналған ардагер туралы пікірлерін білген едік.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ, Ленгір қаласының әкімі:
Бізге айтқан ақылы – өсиет, әр ескертуі – тәрбие, әр батасы – рухани қуат
Қазақ қоғамында абырой атақпен емес, адал қызметпен, уақытпен сыналады. Өмірін елге арнаған, сөзі мен ісі қабысқан азаматтарды халық ешқашан ұмытпайды. Сол санаулы саңлақтардың бірі Түркістан облысы мен Төлеби ауданының Құрметті азаматы, елге сыйлы абыз ақсақал Әтірхан Шыңғысбаев көкеміз деп білемін.
Әтірхан көкеміз өмір бойы абыройлы қызмет етіп, колхоздың қарапайым қызметкерінен бастап, өз маңдай терімен басшы лауазымына дейін көтерілген азамат. Қай кезеңде де ел мүддесін биік қойған тұлға.
Көкеміз аудандық мәслихат хатшысы қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шыққаннан кейін он жылға жуық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, ардагерлердің ғана емес, тұтас аудан жұртшылығының ақылшысы, тірегіне айналды. Бұл лауазым үшін емес, халық сенімімен келген мәртебе. Ақсақалымыздың басты ерекшелігі сөздің салмағын білуінде. Ол кісінің бізге айтқан әр ақылы – өсиет, әр ескертуі – тәрбие, әр батасы – рухани қуат.
Ел ішіндегі дау-дамайда да, күрделі сәттерде де артық сөзге бармай, бір ауызбен жағдайды реттей білуі нағыз абызға тән қасиет. Ынтымақты – ырыс, бірлікті – береке деп білген азамат қана елдің шын тірегіне айналады. Көкеміз сондай тірегімізге айнала білді.
Мен Әтірхан көкеммен 2013 жылы, жеке кәсіппен айналысып жүрген кезімде, ауданымызда өткен «Алтын күз» мерекесінде алғаш рет жүздестім. Көкеміз ортаға шығып сөйлеген сәтте жүзінен төгілген нұрды, жүректен шыққан шынайы сөзді көріп, осындай ақсақалмен жүздесіп танысқаныма іштей қуандым. Кейін жиі жолығып, әңгімесін тыңдауға тырыстым. Кейде қатты шаршаған сәттерде көкемді арнайы іздеп барып, әңгімесін тыңдап, рухани азық алып, демалып, қуаттанып қайтатынмын. Уақыт өте келе ол кісі мен үшін туған атамдай болып кетті. «Абыз ақсақал» деген ұғымды мен ең алдымен Әтірхан көкемнің болмысымен байланыстырамын. Ол кісі тек бір әулеттің ғана емес, Төлеби өңірінің рухани қазынасы. Оның өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа дайын сабақ: елге адал болу, мансапқа мастанбау, сөз бен істің бірлігін сақтау. Осындай азаматтар барда қоғамның тамыры үзілмейді, рухы әлсірмейді.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген сөз бар. Бұл сөзді мақтау үшін емес, тағылым үшін айтып отырмын. Әтірхан көкеміздей абыздарды ардақтау өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпаққа бағыт-бағдар көрсету.
Өткен 2025 жылы қыркүйек-қазан айларында Әтірхан көкеміз біраз уақыт сырқаттанып қалды. Тіпті телефонмен байланысқа шыға алмай қалды. Көкеміздің менімен жақсы байланыста екенін білетін азаматтар маған тоқтаусыз хабарласып, жағдайын сұрап, біраз алаңдап қалды. Елге белгілі, ел тізгінін ұстап жүрген абыройлы азаматтардың бей-жай қалмай, үнемі хабарласып отыруы да Әтірхан көкеміздің халық арасындағы қадір-қасиетінің, орнының қаншалықты биік екенін айқын аңғартты.
Бұдан бөлек ел азаматтарының ұйымдастыруымен 13-ші ақпан күні болатын Әтірхан көкемізге құрмет көрсету іс-шарасы жайлы естіген елге танымал, сыйлы азаматтардың да хабарласып, қолдау көрсетіп жатқаны көкеміздің адал еңбегі мен елге сіңірген қызметінің шынайы жемісі болса керек. Мұның бәрі көкемізге деген халықтың ыстық ықыласы мен зор құрметінің белгісі деп білеміз.
Біз Әтірхан көкемізді қызметтен шығарып салып жатқан жоқпыз. Біз бір дәуірдің абыройлы өкілін, елдік сөздің иесін, татулықтың туын ұстаған азаматты құрметпен төрге оздырып отырмыз. Сексеннің сеңгіріне таяған шағында көкемізге көрсетіліп отырған бұл құрмет бір адамның ғана емес, тұтас халықтың ризашылығы.
Алла Тағала көкемізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасына амандық берсін. Елдің шырағы болған ақсақалдарымыз аман болсын. Әтірхан көкеміздей асыл азаматтар халқымыздың еңсесі, рухымыздың тірегі.

Нұрлан ҚОЙБАҒАРОВ, Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы:
Елдік мүддені бәрінен биік қойды
Үлкенге құрмет көрсету халқымыздың өшпес ұстанымы, ал ақсақалдарымызға тағзым ету елдігіміздің өлшемі. Өмірін елге арнап, жақсы сөздің де, жарасымды істің де жолын көрсете білген, даналығы дария, парасаты биік, көпке үлгі, жұртқа тірек бола білген ауданымыздың Құрметті азаматы, ардақты ардагер, абзал ақсақал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев ағамыз туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Ел үшін, біздің өңір үшін көп еңбектенді. Қай салада жүрсе де адалдықты ту етіп, халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамай, елдік мүддені бәрінен биік қойды. Жастарға ақылын айтып, үлкенге ізет көрсетіп, бірлік пен берекенің ұйытқысы бола білді.
Бүгінде ақсақалдың парасатты пікірі мен бай тәжірибесі ауданның қоғамдық өмірінде де ерекше орын алып отыр. Ардагерлер кеңесіне жетекшілік ете жүріп, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға, ел ішіндегі татулықты сақтауға өлшеусіз үлес қосты. Осындай абзал азаматтың ғибратты ғұмыры мен елге сіңірген еңбегі әрдайым құрметке лайық, кейінгі буынға бағыт-бағдар, темірқазық болып қала беретіндігіне сенеміз.
Ағамызды құрметті демалысқа шығарып салғалы отырмыз. Арнайы жиын ұйымдастырылуда. Ақсақалымызға арналған тағылымды іс-шараны «Даналық жолы» деп атауымыз да бекер емес. Өйткені Әтірхан Шыңғысбаев ағамыздың өнегелі өмірі тұнып тұрған тәлім мен тәрбие, парасат пен пайымның айқын көрінісі.
«Даналық жолы» бір адамның ғана өмір белесі емес, тұтас бір ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі жол. Елге адал қызмет ету, халыққа жанашыр болу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді асыл қасиеттердің барлығы да ағамыздың болмысынан, бойынан табылады. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ақсақалдың әрбір айтқан ақылы, әрбір жасаған ісі кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін шамшырақ іспетті. Осылайша қызметін қадірлеп, абыройлы азаматқа құрмет көрсетеміз деп ниеттеніп отырмыз. Бұл ағамыздың ел алдындағы еңбегіне берілген әділ баға, ақ тілектен өрілген алғысымыздың айғағы болса керек.
Қадірлі Әтірхан Шыңғысбаев ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз! Ақыл-парасаты ортаймай, абырой-беделі арта берсін. Көрген-түйгенін кейінгі ұрпаққа аманат етіп, ақ батамен, өнегелі сөзімен елге әлі талай жыл рухани тірек бола берсін. Ұрпағының қызығын көріп, отбасына береке-бірлік, шаттық пен тыныштық орнасын. Ел құрметіне бөленіп, ардақты ақсақал ретінде аман-есен, мерейі үстем болғай.

Тұрар ЖАҚЫПОВ, Төлеби ауданының Құрметті азаматы:
Оны бүкіл аудан халқы жақсы көреді
Әтекеңді 1973 жылдан бері танимын. Екеуміз құрдаспыз. Ол Алматы қаласындағы Зоовет институтының ветеринария факультетін бітірген. Ол кезде біз Ленгір ауданына қарасты едік. Оқуды аяқтаған соң «Совет» колхозына бас маман болып жұмысқа кірді. Жұбайы Зияда екеуі де сол жерге қызметке орналасты. Зияда мектепте мұғалім болды, ал Әтекең колхоздың бас ветеринар-дәрігері болды.
Ол жылдары шаруашылықта мал өте көп болатын, қазіргідей емес. Сол жерде абыроймен қызмет атқара жүріп, кейін «Қазығұрт» совхозына бас маман болып ауысты, ол жақта да бас ветеринар-дәрігер болды. Ал мен сол уақытта «Коммунизм» колхозында бас бухгалтер қызметін атқардым. Ай сайын ауыл шаруашылығы басқармасына мал шаруашылығының кіріс-шығысы жөнінде есеп тапсыратынбыз. Ол есепке міндетті түрде бас зоотехник пен бас малдәрігер қатысатын. Сол кездері жиі кездесіп жүрдік.
Әтекеңнің мінезі сол кездің өзінде-ақ ерекше болатын. Өте кішіпейіл, кеңпейілді. Адамдармен жақсы сыйласатын, артық ауыз сөз айтпайтын. Ішіне адам сыйып кететіндей кеңдігі бар, ашық-жарқын жан еді. Кейін «Қазығұрт» совхозына директор болып тағайындалды.
1997 жылы колхоздар тарай бастағанда мен Ақсу өндірістік кооперативіне төраға болып ауыстым. Оған дейін бас маман, басшының орынбасары қызметтерін атқардым. Көп жыл қызметте жүріп, Әтекеңмен тығыз араластым. Бір жағынан құрдас, бір жағынан сыйлас әріптес болдық. Оның жақсылығын көрген адам өте көп. Егемендік алғаннан кейін колхоз-совхоздар тарап жатқан күрделі кезеңде де екеуміз басшылық қызметте болдық. Ол директор, мен төраға едім. Сол уақытта да бір-бірімізге, әсіресе, мал шаруашылығы саласында, көп көмектесіп отырдық. Бұл салада Әтекеңнің білімі мен тәжірибесі өте мықты болатын.
Мен Ақсу кооперативінде 18 жыл еңбек етіп, кейін зейнетке шықтым. Ал Әтекең совхоздан кейін аудандық мәслихатқа хатшы болып келді. Көп жыл аудандық мәслихаттың депутаты болып, «Құрметті депутат» атағын алды. Сол кездің өзінде де ара-қатынасымыз үзілген жоқ, сессияларға қатысып, үнемі байланыста жүрдік. Кейін мен аудандық шаруа қожалықтары бірлестігінің төрағасы болып екі жылдай жұмыс істедім. Ол кезде де құрдасыммен тығыз қарым-қатынаста болдық.
Әтірхан Шыңғысбаев ауданымыздың бірнеше әкімімен бірге қызмет атқарып, барлығымен сыйласып, елге адал қызмет етті. Әтекеңдей азамат өте сирек. Қазір денсаулығы сәл сыр бергені болмаса, әлі де ел қызметінде жүре берер еді. Оны бүкіл аудан халқы жақсы көреді. Қарттарға жасаған қамқорлығының өзі бір төбе. 70-ке, 75-ке толған қарияларды бірнеше рет Түркістанға апарып, зиярат ұйымдастырды. Демеушілерді тауып, осындай игі істердің басы-қасында әрдайым өзі жүретін.
Ауданда Әтірхан Шыңғысбаев жайлы жаман пікір айтатын адам жоқ деп ойлаймын. Оның кең пейілі, мығым ұйымдастырушылық қабілеті, үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей сыйласа білетін қасиеті көпке үлгі. Баршаға қамқор болып жүреді. Өзі шыққан әулет те текті, ұл-қыздары да білімді, тәрбиелі азамат болып өсіп келеді. Ең бастысы, Әтекеңе зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.
Сауалнаманы жүргізген Аида Өтеп


