БАӘ-де 4 апартамент, 6 көлік: «Актив Ломбард» иесі Сергей Койновтың мүлкі тәркіленді

Oinet.kz 09-02-2026

Қаржылық мониторинг агенттігі блогер Сергей Койнов пен өзге де тұлғаларға қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызмет және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Бұл туралы ведомствоның ресми Telegram-арнасында хабарланды деп жазады Оinet.kz порталы.

image.png

Тергеу деректеріне сәйкес, «Актив Ломбард» желісінің иесі Сергей Койнов жеке тұлғаларға комиссиялық қызмет көрсету түрінде микронесие беру схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

Агенттік мәліметінше, қызметке заңды сипат беру мақсатында Койнов өзіне бағынысты «Актив Ломбард» ЖШС-ін, сондай-ақ сенімді тұлғалардың атына тіркелген «One Billion Sales», «The Best Seller» және «Shark in Sales» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін пайдаланған. Аталған компаниялар формалды түрде комиссиялық саудамен айналысқанымен, іс жүзінде мүлікті кепілге алып, жоғары пайызбен микрокредиттер берген.

Көрсетілген заңды тұлғалар «Актив Маркет» бірыңғай брендімен жұмыс істеп, олардың комиссиялық бөлімшелері «Актив Ломбард» филиалдарымен бір ғимаратта орналасқан. Клиенттерге қызмет көрсетуді де бір қызметкерлер атқарған.

ҚМА мәліметінше, клиенттермен жасалған комиссия шарттары формалды әрі жалған сипатта болған. Сыйақының орташа мөлшерлемесі тәулігіне 1,73–2,07 пайызды құрап, белгіленген шекті мөлшерден (0,3 пайыз) бес есеге жуық асып түскен. Бұл азаматтардың құқықтарының елеулі түрде бұзылуына әкелген.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған схема аясында 1,9 миллионнан астам шарт жасалып, қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 19 млрд теңгеден асқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық кірістердің шығу тегін жасыру мақсатында Сергей Койнов оларды заңдастырудың көпдеңгейлі тетігін әзірлеп, іске асырған. Ол үшін аффилирленген компаниялармен жасалған жалған шарттар пайдаланылып, қаражаттар банктік шоттар арқылы бірнеше рет аударылған. Кейіннен 5 млрд теңгеден астам сома дивиденд ретінде шығарылған.

Сонымен қатар тергеу барысында Сергей Койновтың бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеу саласында қызмет көрсететін «Zeus Co» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тіркегені анықталған. Аталған компания формалды түрде IT-қызметтермен айналысқан.

ҚМА мәліметінше, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу қызметтерін көрсету сылтауымен аффилирленген компаниялармен құны негізсіз жоғары шарттар жасалған. Нәтижесінде «Zeus Co» ЖШС-нің есепшоттарына 2,5 млрд теңге түскен, оның 2,2 млрд теңгесі Сергей Койновқа дивиденд ретінде аударылған.

Сот санкциясымен ықтимал тәркілеу мақсатында жалпы құны 8,9 млрд теңгені құрайтын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке, жарғылық капиталдағы үлестерге, сондай-ақ зергерлік бұйымдарға тыйым салынды.

Тыйым салынған мүліктер қатарында елордада орналасқан 4 пәтер мен 2 тұрғын үй, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі 4 апартамент, сондай-ақ Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8 және Land Rover Range Rover Sport маркалы автокөліктерді қоса алғанда 6 автокөлік бар. Бұдан бөлек, депозиттердегі 2,7 млрд теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа да шектеу қойылған.

Сергей Койнов қамауға алынды. Оның төрт сыбайласына қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйек айында интернет кеңістігінде кәсіпкер әрі блогер Сергей Койновтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Instagram желісінде 684 мыңға жуық жазылушысы бар Койновқа қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан аумағында комиссиялық дүкен ретінде бүркемеленген ломбардтар желісі арқылы заңсыз микронесиелеудің ауқымды схемасы әшкереленгенін хабарлаған.

Ведомствоның мәліметінше, елдің әртүрлі өңірлерінде шамамен 200 филиал жұмыс істеген. Тергеу барысында аталған нысандарда тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Нобель сыйлығының иегері Наргиз Мохаммади түрмеге тоғытылды
Атырау әуежайында жарылғыш заттың кесірінен жолаушылар эвакуацияланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу