Айболат Тілеубайұлы. Туыңды ұста құлатпай
Біз, қазақ – елміз ежелден құрмет көрсеткен ата-анаға,
Сан ғасыр ғұмыр өткізген байтақ сағымды сайын далада.
Аманат еттім: еліңнің сақта дәстүрін, дінін, қарағым,
Атадан мұра - өсиет осы өзіңдей кенже балама.
Тәуелсіздіктің таңы - түсініп, тани алғанға таралғы,
Ата-бабалар мұраты еді, елжанды ұлдың арманы.
Алланың түскен назары - нығмет қазақтай ұлы халыққа,
Еркіндік – бақыт!
Күйбең тіршілік, пендеуи пәни – қалғаны.
Тұрарды оқы, еліңе балам жүрегің, жаның селт етсе,
Егемендігің – ерлік жемісі, түсінер адам тер төксе.
Аштықты көрдік, «халық жау» болдық, қарадай қарап қырылдық...
Кейінгі ұрпақ, оқыңдар терең, болмаңдар қуыс, бос өкпе.
Айтарым тағы, көп еркелетпе, балаңа қатал бол деймін,
Артыңнан қалар ізіңе сақ бол, көрсетер үлгі жол деймін.
Атына қазақ кір келмеу керек, ізгі ұлды, балам, өсіргін,
Өйткені, сенің ертеңгі бейнең, өнегең, өрең - сол деймін.
Тәуелсіз елдің самғауға биік сай болу керек қыраны,
Бөрілі байрақ – жүрегі Алаш деп соққан ердің ұраны.
Жүрегің - қазақ, тілегің – қазақ!
Саңқылдай шықсын өр үнің,
Қазақстан елі - атадан мирас, батыр халықтың тұрағы.
Қалғанын, балам, өзің шеш, енді келмеске кетіп барамын,
Бойыңды түзе, кердеңдеп алып кетпесін түзу қадамың.
Қайтейін, әркез ойыңа ой сап, беруші ем ақыл-кеңесті,
Еліңе, балам, көпшіл бол, терең парасатпенен қарағын.
Тәуелсіз елдің тұғыры биік, туыңды ұста құлатпай,
Көшіңнен қалма, көтеріл көкке елтаңбамдағы пырақтай.
Әнұран сөзі жігерді жанып, әуелеп жетсін әлемге,
Тіршілік көзі - сарылдап аққан әуезді мөлдір бұлақтай
***
Тәуелсіз елдің тәртібін сақтар сақшысы,
Отанға қызмет етеді жігіт жақсысы.
Ел үшін ері, ер үшін елі жан берсе
Ел менен ердің бірлігі болар бақ құсы.
Қазаққа бастау – бұйырған нәсіп, Алашым,
Желбіреп туы елімнің, көкте самғасын.
Мәңгілік елдің егемен елдің ұл-қызы,
Әнұран айтып, ақ жолын елдің жалғасын.
Арманның құсы қиялап шыңға өрлеген,
Қызығын көрер еңбекпен тыңда терлеген.
Тыныштық ойлап, қауіпті жойған полиция,
Халқы үшін еңбек етеді ерлер «ел» деген.
***
Биікте - байрақ, ұстаған қолың талмасын,
Желбіреп Туы елімнің, көкте самғасын.
Елтаңба - елдің, егемендіктің белгісі,
Әнұран айтып, ақ жолын ұрпақ жалғасын.
Отандай қорға, сақтай біл, елім, қадірле,
Рәмізің – арың, түсіне білгін бәрің де.
Қасиеті үлкен халықтың қазақ таңбасы,
Білгенің сыйла, білмегенге дәріпте.
Рәміздің сыры көрсеткен өмір салтыңды,
Бейнесін қарап, көреді қазақ халқымды.
Солардың үстем, солардың биік тұруын
Армандап өссін, шақырам соған жалпыңды.
Қазағым - халқым оянған бүгін,
Ел емес басты бұғатын.
Талғамы таудай, жігері жалын,
Ерлері берік тұратын.
Айболат Тілеубайұлы,
Ішкі істер министрлігі Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі