Жазира Сәрсенбиева. Мен - өлеңмін!
Жақында халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жазира Сәрсенбиеваның «Мен -Өлеңмін» атты албьбомының тұсаукесері өтіп, бүгінде оңтүстік журналистерінің көшін бастаған Байдулла Қонысбек пен белгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова бастаған басқа да бір топ тілеулестері автордың жүрегін жарып шыққан жырлары оқырмандарын, тыңдармандарын әдемі әсерге бөлеуіне тілектестіктерін білдірді. Авторды қуанышымен құттықтай отырып оқырманға шығармашылығын таныстыруды ұйғардық.
Мен – өлеңмін!
Мен - Өлеңмін, шашы толқын өрілген,
Мен - Өлеңмін, қасы қияқ керілген.
Мен - Өлеңмін, Музама ынтық берілген,
Өрнегімнен маржандарым терілген.
Өлеңмін Мен, орамалы желпіген,
Бейбіт күнде есен жүрсін ел түгел.
Гүл көктемнің бір ғажабы болса егер,
Раушан ерін жұпарымен елтіген.
Өлеңмін Мен, жол жіңішке сызылған,
Сезінуде ереже жоқ бұзылған.
Жыр көктемнің ұсынарын күтейік,
Құс қанаты хат әкелер біз ұғар.
Мен- Әйелмін! Табиғатпын! Нағызбын!
Жібек, Жамал, Баяндайын ар- ізбін!
Көктемім де Көктен ғана берілер,
Маңдайында жұлдызы бар тәріздім!
Мен - Өлеңмін!
Таңнан таңға жазылар
Көбі оқып, азы ұғар...
Ар
Мұңайсам егер, сыртымнан көрген ел не дер?!
Жан дертіңіз де дауасын тапса, емделер.
Күлгенмен көңіл табиғатынан аттамас,
Ұғынса, шіркін, пенделер!
Пенденің күйі абайлап басар қадамды әр,
/ Сағыныш тұнса жанарда, жайлар санамда ар/.
Алдаусырауды жиып қойып - ақ шынайы,
Ғұмыр кешсе ғой, адамдар!
Адами болмыс жылылық көрсе күлімдер,
Анаңдай жұмсақ алақанымен күнім дер.
Бөлісер сәтте қуаныш пенен қайғыны,
Кіршіксіз көңіл сыйлай алады мүміндер!
Мүміннің жаны, ары да таза, сын етпе!
Тазалығы сол, Тәңірі тосар тілекте.
Ақынның ары, жаны да мөлдір бұлақтай,
Мұңы да мөлдір көрінер шіркін, жыр етсе.
Адамның ары- жазу сызумен өлшенбес,
Түйсігі терең, ізгілігі мол жүректе.
Көктемдеріңмен, арулар!
(Анар Аспан, Ажар Түзелбекқызына арналады)
Аспан жақта алаңдай ма , Анар қыз?
«Бәріміз де жас іркілген жанармыз,
Алақанда аялана алмасақ,
Бір ұяға самғап- самғап қонармыз»
Деп айтушы ед, Анар қыз.
Аспан жақта ұшып жүр ме, Анар қыз?!
«Өлеңге де , өмірге де жарармыз.»
Жігіттерше шаш қайырып саусақпен,
Қасқаюшы ед, Анар қыз.
Ия, ия, жас іркілген жанармыз,
Бұл уақыттың тілін қайдан табармыз?
Бір ғажаптын болатынын күтумен,
Сағынысып, сағаттарды санармыз.
Беу, Анар қыз!
Бәріміз де жазылмаған Ғазалмыз!
Сізде кеткен сырлар қанша көп болса,
Соншалықты гүл сыйлар ем, Жазар қыз!
Топырағың гүл өсіріп қойсыншы,
Мейрамыңмен, Анар қыз!
Айдынға аққу қаз оралып,
Қаншама жүректер тоналып,
Бұл уақыт тоқтамайды екен ғой,
Нүктедей әр кезең жоғалып,
Сағындым сені, Ажартай!
Аңғалым әрнеге сенетін,
Тағдырға әдемі көнетін,
Сағынып ән айтып келетін,
Бұл сенің көктемің ғой, Ажартай!
Құлыншақ қосыңды құлатпай,
Бұл өмір сүрінтпей, жылатпай,
Ұл қызың мұратқа жетерін,
Уақыт та көрсетер сынаптай,
8 – Мартыңмен, Ажар!