Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
- Бала кезімде жеке бөлмеде ұйықтаймын,- деп бастады әңгімесін Еркін, - бөлмемде орыс пеші болатын. Сол орыс пешінде анам иісі мұрынды жаратын тәті тоқаш пісіруші еді.
Бірде түн ортасында ұйқымды бөліп, есімімді атаған дауыстан оянып кеттім. Қарасам төсегімнің жанында өзіммен жасты қыз бала тұр.
- Сен кімсің?,- дедім оқыстан пайда болған қызға таңғалып.
- Есімім Райхан. Сенімен достасып ойнауға келдім,- деген соң, бөлмені шуға бөлеп ойнап жүргеніме келген анамның үрейлі жүзін көрдім. Ол мені қапсыра құшақтап:
- Ұйықтамай жеті түнде ойнап жүргенің не?,- дегенге:
- Ана қызбен ойнап жүрмін, - деп пештің қасында монтиып тұрған қызды көрсеттім. Анам еркелете:
- Ол қызға да төсек салып ұйықтатамын, ал сен ұйықта,- деп мені төсегіме жатқызды. Ұйықтап бара жатқанда байқағаным қыз орыс пешінің үстінде отыр еді. Сол түннен бастап қыз маған күнде келетін болды...
Бара-бара әкем мені жеке бөлмеге жатқызбай қасына алып жататын болды. Ал анам мені молданың алдына апарып үшкірткені бар. Содан ба екен «елес қыз» мені мазалауын қойғандай болған.
Бертін жаңа үйге көштік. Бірақ «елес қыздың» да бізбен бірге еріп келетінін білмеппін...
10 сыныпты тәмәмдаған соң жоғарғы оқу орнына түстім. Оқуымның бірінші курсын аяқтап үйге демалысқа келген кезім, әдетімше жолдастарыммен қыдырып, түн ауа үйге келдім де, төсегіме қисая кетіп едім, ұйықтап кетіппін. Шырт ұйқыда жатқан мені «Еркін» деген әйел дауысы оятып жіберді. Оянсам үйдің іші бозамық, ал керуетімнің жанында қазақтың бүрмелі көйлегі мен оюлы камзолын киген, қос бұрымы тобығына жеткен, қара торы, қыр мұрынды, бота көз, қою қара қасты сұлу қыз бетіме тесіле қарап тұр екен. Түн ішінде қазақы болмысымен ғайыптан пайда болған қызға аң-таң боп қарап қалдым.
«Сіз кімсіз?»,- деймін, қызда үн жоқ. «Мүмкін қарындастарыма қонаққа келген бикеш болар, қарындастарымның бөлмесіне апарайын»,- деп ойланып қалдым.
Қыздың алдында жата бергенім дұрыс болмас деп керуеттен көтеріліп едім, ол керуеттен бір қадам кері шегінді.
- Сіз кімсіз? - дедім тағы да.
- Сіз мені танымай тұрсыз ба? - деді бейтаныс қыз.
- Сізді танитын әулие емеспін ғой. Есімімді біледі екенсіз, өзіңізді таныстырыңыз, - дедім.
- Есімім Райхан. Біз осы үйдің нақты иесіміз. Бұл үйді әкем тұрғызған. Бірақ, тағдыр тауқіметімен ауылдан кеттік. Жүріңіз далаға шығып сөйлесейік, - деп ол маған қиыла қарады. Расында қыз сұлу еді, бірақ «ұят болар, қарындасымның құрбысымен далаға қыдырғаным, әйтсе де қыз осы үйдің иесімін дейді, соның сырын білейін, - деп ойладым да, - жүріңіз сөйлессек сөйлесейік», - деп орындықта ілулі тұрған киімдерімді киіп, бойымды тіктеп едім, қыздың бойы менен аласа екен.
«Жүріңіз», - деп Райханды соңымнан ертіп бөлмемнен шыға беріп едім, анам бөлмеме беттеп келе жатыр екен:
- Балам-ау, жеті түнде кіммен сөйлесіп жүрсің?
- Қонақ қыз бөлмесін таба алмай жүр екен.
- Құлыным-ау, қайдағы қонақ қыз, - деді таң-тамаша болған анам. Мен анама қызды мегзеп көрсеттім.
- Балам-ау, мен ешкімді көріп тұрған жоқпын, - деді анам.
Енді амалсыз Райханды анама таныстырайын деп оны қолынан ұстап анамның алдына апарайын десем оның қолын ұстай алар емеспін бір етсіз – сүйексіз жаратылған бейне. Мен Райханға аңтарыла қарадым, ол менің таңданысыма жымия қарап, шегіне берді, мен де оның соңынан ілесе жүрдім. Осы кезде қыз үйдің қабырғасына соғылды да, қас-қағым сәтте ғайып болғаны. Жүрегім өрекпіп кетті. Сонда ғана қыздың физикалық денемен емес, астралды денемен жүрген «елес бейне» екенін түсіндім. Демек Анамның қызды көре алмау себебі оның астралды бейнеде болуы екен ғой.
Менің алаңдаған кейпімді көрген анам:
- Не болды, балам?
- Келген қыз «тылсым дүние» өкілі екен, ол көз алдымда ғайып болды.
- Әй, балам-ай, «елестерді» көруің қайта басталды ма? Үнемі «Биссимиллаһ» деп айтып жүр, жаныңа жын-пері үйір болмайды дегенім қайда, - деп анам маған кейіп жатты.
«Шынында Анам дер кезінде келген екен, әйтпесе «тылсым қыздың» жетегінде кетіп қалар ма едім» деген ауыр оймен ұйықтап кетіппін.
Шырт ұйқыда жатқан мені тағы да Еркін деген қыз дауысы оятып жіберді. Көзімді ашсам алдымда «елес Райхан» тұр.
- Сіз кімсіз? Мені мазалап неге келе бересің, - дедім кейіп.
- Сенімен тілдескім келеді.
- «Елес» пен адамның арасында қандай әңгіме болуы мүмкін, өз мекеніңе бар да, маған тыныштық бер.
- Тыңдашы Еркін, менің есімім Райхан. Мен осы ауылдың тумасымын. Соңғы рет Ресейде оқитын балама барғанда қатты ауырып ауруханаға түстім. Диагнозым обыр екен. Ота сәтсіз болып... енді жер бетінде менің рухым ғана жүр.
Ұлым менің сүйегімді Ресейде жерледі. О, дүниеге өткен кезде жадымнан айрылыппын. Бірде зиратыма таныс тілде сөйлеген кісілер келіп гүл шоқтарын қойғанда, өзімнің Қазақ елінен келгенімді білдім. Сол кезде есіме өткен өмірлерім біртіндеп еске түсіп, солармен ілесіп ауылға келдім. Бұл үйде сендер тұрып жатыр екенсіңдер. Мен осы үйде орын тептім. Ол кезде сен кішкене бала болатынсың, бірақ сен біздерді көретін қасиетіңді байқадым. Есіңде болса сенімен түнде келіп ойнайтын жас қыз бала мен болатынмын, - дегенде, есіме бала кезімде түн ішінде бірге ойнайтын қыз бала есіме түсіп, жүрегім шым ете түсті:
- Сіз сонда менімен ойнаған «Райхан» болдыңыз ғой? – дедім даусым тұншыға шығып.
- Иә, менің дүниемде біз әр түрлі кейіпке түсе береміз, сен сәби болғанда, мен де сәби болдым, енді сен бозбаласың, мен бойжеткен қыз болып келіп тұрмын, - деді маған.
Мен ойланып қалдым. Осы кезде анамның менің бөлмеме кіріп келе жатқанын көріп, Райхан сағымданып барып жоқ болып кетті. Мен ұйықтаған болып жата қалдым. Анам жаныма келіп, қысқа дұғаларды оқып мені үшкірді де, шығып кетті, мен ұйықтап кеттім.
Бірақ, сол күннен бастап Райхан түн жамылып келетін. Бірақ ол мені қанша оятса да, күні бойы жұмыстан қалжыраған мен ұйқымды қимай оянбайтынмын. Бірақ сонда да, қыздың оятатын әдетіне үйреніп қалдым, кейде келмей қалса «неге келмеді екен?» деп оны іштей іздейтін де болдым.
Дегенмен «Тылсым Райханның» жұмбағын білуге талпындым және оның шешімін қездейсоқ таптым. Мен тұрған үй 1895 жылы салынған ескі үй еді, бірде шатырдың ішін тәртіпке келтіріп жүріп, бұрынғы қожайындардан қалған ескі фотоальбомды тауып алдым. Альбомдағы көмескі тартқан ескі суреттер қызығушылық тудырмаған соң альбомды жаба берейін деп едім, көзім фотодағы қазақша киінген, қос бұрымы тізесіне түскен, қара торы, ботакөз қызға түсті.
Фотоның төменгі жағында «1912 жыл, 15 маусым, Райхан, Петроваловск қаласы» деп орыстың ескі калиграфиялық тәсілімен жазылған жазуды оқып аңтарылып қалдым. Өйткені маған елес болып келген қыз бен мына суреттегі қыз қатты ұқсас еді. Сонда маған келген «елес Райхан», мына суреттегі тірі Райханның рухы екен ғой.
Бір кезде біреу Еркін дегендей болды. Қарасам - Райхан. Ол менің қасыма келіп, қолымдағы фотоны көріп «иә, бұл мен, 1912 жылы медучилищені бітірген кезім, - деді дауысы дірілдей, - Еркін, Тәңірлер мекеніне кететін уақытым келді. Түбінде сен әкем және менің отағасым туралы жазатыныңды білемін мұқият тыңда. Әкем Омбының медучилищесін аяқтаған соң ел жаққа келіп қызмет атқарды ол білікті дәрігер еді, оны осы өңір «Доктор ұстаз» деп атады. Ол сонымен қатар ауылда мектеп ашып қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан адамның бірі еді...»,- деп әңгімесін бастап кетті. Мен оны үнсіз тыңдадым.
- Ал енді саған тек сәттілік тілеймін, - деп аспаннан төгіле түскен ақ нұрға сіңіп Райхан ғайып болды.
1995 жылы алғаш рет аудандық газетке «Ұстаз-Доктор» деген шағын мақалам шықты. Сол түні Еркін деген әйел даусынан оянып кеттім. Қарасам қараңғы үйдің ішін сүттей ақ нұрға бөлеп тұрған Райханды көрдім. Райхан оянғанымды көріп, маған жымия қарап басын иіп, түн құшағына сіңіп жоқ болды. Мен Райхан ризалығын білдіруге келгені ғой деп ойладым.
Ерсін Ерғалиев