Тарбағатайда Кісікиікке кез болған жігіт бір өлімнен қалды
Атты жігіттер тілерсектен келетін қарды тілгілеп ауылға жақындай берген. Таудың теріскейіндегі Тарбағатай жайлауынан келе жатқан беттері. Есеттің бойындағы үрей тарқай қойған жоқ, әлі үнсіз.
Колхоздың дүркіреп тұрған кезі. Ауыл маңында шабындық жерлер аз. Ал Тарбағатайдағы жаздай әзірлеген мая-мая шөпті тау соқпақтарынан етекке түсіру қиынның қиыны. Таңбалықтар сол үшін де жылқыларын теріскейдегі қыстақта кезектесіп бағады. Баққандағы бар жұмыстары таңертең, кешке маядағы шөпті суырып, ат шанамен шашып шығу ғана. Түнде тұрып, түз тағысынан бір қорып қояды. Оның өзінде ит-құстың малға шабуы сирек мұнда.
Есет кешкілік пештегі отты шымшуырмен көсеп-көсеп қойды да, жігіттерге қарап: – Сендер ертең етекке түсіп, азық-түлік алып келіңдер. Жылқыларды өзім-ақ жайғаймын, – деп орнынан жер таяна тұрды.
– Жалғыз қайтып қаласыз аға? – деген Мәдидің дауысы көтеріңкі шықты.
– Мені құдай алар дейсің бе, барып келіңдер, – деп Есет қысқа қайырды да, есікті сықырлата ашып, тысқа шықты. Алтайдың жылы желі соғып тұр. Желмен теңселген анау Қабаның бойындағы самырсындардың сыбдыры ғана өлі тыныштықты бұзады.
Ертесінде екі жігіт түстік жердегі ауылдарына аттанды. Ақтөс те арсалаңдап, аттылардың ар жақ, бер жағына шығып ұзап барады. Есет жылқыларды шашпа қорадан шығарып, суатқа қарай бағыттаған. Содан кейін иек астындағы маядан шөп суырып, ат шанамен шашпа қораға дейін алып келуге шықты. Күнделікті ере шығатын жабағы иті де ауылға түсіп кеткен. Шананы маяға қарай жақындатып, істік темірмен шөп суыруға кірісті.
Бір кезде желке тұсынан әлдекім пыс-пыс демалып тұрғандай көрінді. Бұрылып қарауға жүрексінді. Әй, бірақ тапа-тал түсте үрейленіп не көрінді деген оймен ақырын ғана көз қиығын салды. Құбыжық па немене анау тұрған?! Үсті-басын түк басқан еңгезердей адам. Сабалақ жүндері буырыл тартқан. Есет көз қиығын салған күйі сіресті де қалды. Енді біраз тұрса, тарпа бас салайын деп тұрғандай жабайы неме. Не де болса қолындағы темірді тастай салып, жанталаса атына мінді. Мінді де қоныстарына қарай шу-шулеп шаба жөнелді.
Ауыз үйге жақындай бере атынан қарғып түсті де, ішке кіріп үлгерді. Есігін іліп алды да, ентігін баса алмай біраз отырды. Қол-аяғы дір-дір етеді. Бүйтіп қорқып көрген жоқ өмірі. Сырт жаққа құлақ түріп еді, бөгде бір дыбыс жоқ. Мүмкін елес шығар. Аяғын сүйрете басып, есіктің ілгегін көтере бергені сол, арғы жағынан тоқпақтай жөнелді. Кісікиік деген осы болар. Соққысы есікті қойып, үйдің өзін солқ-солқ еткізеді. Әй, бірақ қарағай есік оңайлықпен қирай қоймайды деп өзін жұбатты іштей. Тілін кәлимаға келтіріп, құдайға сыйынды. Қолынан келер басқа қайран жоқ.
Қар адамы ауыз үйді айналып жүріп алды. Есет от тұтатты да, бәкісін алып, төбеде қыстырылып тұрған қайың сапты ұштауға кірісті. Аяқасты кіріп келсе, түйрей салмақшы. Әр ойдың басын бір шалып отырып, қалай қараңғы түскенін де аңғармады. Пештің аузынан түскен жарық қана ауыз үй ішін алакөлеңкелейді. Сөйтіп отырып таңға жуық көзі ілініп кеткен.
Ауылдағылар ертесінде түске жуық жеткен. Есет көргенін айтып, ауыз үйдің айналасындағы алып іздерді көрсеткенде, ана екеуі де аттарын қайта ерттеуге кірісті.
Мерей Қайнарұлы
Дидар газеті