Қораға кіріп итті байлаймын деп, өзімді байлаппын

Oinet.kz 11-10-2022 3541

- Балалық шақ... Ауыл дегенде көз алдыма түсініксіз жайттар, жылаған адамдар, жақынын жоғалтқан жандар елестейді. Себебі ауылда адам өлімі жиілеп кетті. Сап-сау, денсаулығында кінәраты жоқ адамдар ертесі күні ұйқысынан оянбай қалу мен бесікте жылап жатып мәңгіге үні өшкен сәбилердің шетінеп кеткен жағдайлары жиілеген. 

Screenshot_30.jpg

Ең сорақысы ауыл тұрғындарының басынан қандай қайғылы жағдай өтсе де Айжан оны алдын-ала түсінде көреді. Басында оған Айжан онша мән бермеген еді. Кейіннен түсінде құдықты айналған 4 қызды көрсе ауылда тағы бір түсініксіз жағдай орын алатынын байқады.

Әйел кейпіндегі шайтан

Айжан таң ертең жүрегіндегі ауырлық сезіммен оянды. Себебі түсінде қайта құдықты айналып, Айжанды алыстан қол бұлғап шақырған 4 қызды көрді. Төртеуі Айжанды мазақ қылғандай қарқылдап күледі. Айжан бұл түсті соңғы рет жаңа туылған сап-сау сәбидің бесікте жатып шетінеп кеткеннің алдында көрген еді. Енді қандай жағдай болады екен деп ойлады Айжан. Осы түсті көрсем бей саналы түрде қайғылы жағдай орын алады деп өзімді сендіретін болармын деп тек жақсы нәрселерді ойлауға бекінді. Расымен де кешке дейін барлығы тыныш, әдеттегідей ауыл өз тыныс-тіршілігімен өмір сүріп жатты. Алайда сол күні кешкісін ауыл тұрғындарын есеңгіретіп жіберген жағдай болды.

Кешқұрым шақта Ербол есімді ауыл тұрғыны жұмыстан үйге келсе, әйелі үйінде жоқ. Пеште ет қайнап жатыр, дастарханда толық жайылып бітпеген қамыр тұр. Теледидар қосулы. Ерболдың жүрегі әлденені сезгендей әйелін шарқ ұрып іздеді. Қораға кіріп келсе әйелі асылып тұр екен. Абырой болғанда Ербол дер кезінде жетті. Әйелін құтқарып ала алды. Ербол да әйелі Алма да есін жиғаннан кейін, Ербол әйелін сұрақтың астына алды. Екеуінің отбасын құрғанына көп уақыт болған жоқ. Екеуі шынайы махаббатпен үйленді. Жақында Алма жүкті екенін біліп, Ербол мен Алманың бақыттары еселене түскен еді. Сондықтан Алманың бүгінгі әрекеті Ербол үшін мүлде түсініксіз.

«Мүмкін мен қателік жіберген шығармын. Сені байқаусызда ренжітіп қойған болармын?» деді Алмаға.

Алма ұзақ уақыт үнсіз отырды да жылап жіберді.

— Ербол, жоқ сен мені ренжітпедің. Мен білмеймін...Білмеймін... Тіпті не айтарымды білмеймін. Бұл жағдайдың қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым, шын сөзім. Әдеттегідей кешкі ас дайындап жатқанмын. Бір уақытта үйге бейтаныс әйел кіріп келді. Далада ит босап кеткенін айтты. «Көшедегі адамдарға бас салып, көшеде ойнап жүрген балалардың әбден мазасын алды» деді әлгі әйел. Мен сыртқа шықсам расымен де ит босап кетіп адамдарға аларып тұрды. Қарғыбауы қорада екен. Қораға кіріп итті байлағандай болған едім. Сөйтсем...Сөйтсем... деп жылап жіберді Алма.

Белгісіз мақұлық

Осы жайттан кейін ауыл тұрғындарын қорқыныш басты. Кешқұрым шақта және түнде адамдар бет алды көшеде жүрмейтін болды. Өзге ауылдарға да болған жәйттер көп ұзамай түрленіп, болмаған жағдайлар қосылып жетіп жатты. Халық ол ауылды «Шайтан жайлаған жер» деп атап кетті. Ауыл тұрғындары басқа жерге көшейін десе ақшалары жоқ. Үйлерін сатқысы келсе де «Шайтан жайлаған жер» атанып кеткен ауылдан ешкімнің үй сатып алғысы жоқ еді. Ауыл тұрғындары қорқыныш пен ертеңгі күнге сенімсіздікпен ары қарай өмір сүріп жатты.

Түн... Дала жап-жарық. Айжан мен сіңлісі Салтанат көпке дейін ұйықтай алмады. Әр нәрсені сөз қылып жатқанда кенеттен терезені біреу қақты. Арғы бөлмеден «Ұйықтаңдар. Мән бермеңдер» деді әкесі. Себебі түнде далада тек маскүнемдер ғана жүретін еді. Бірақ әлгі адам терезені ұруды тоқтатпады. Бір уақытта терезенің түбінде жатқан Салтанат пердені ашып қалғанда терезеге жабысып тұрған бетін жүн басқан мақұлықты көрді. Екеуі қорыққаннан шыңғырып жіберді. Әлгі мақұлық бірден секіріп түсті. Бойы бір қарыс екен.

Әкесі сыртқа шығып үйді айналып шықты. Ешкім жоқ. Көшеде де тірі жан жоқ. Еміс-еміс иттің үргені ғана естіледі. Айман қыздарының жанына жатты. Айжан мен Салтанаттың көз алдына бетін жүн басқан мақұлықтың бет бейнесі келеді де тұрды. Екеуі таңды көзбен атырды.

Сиыр саууға шыққан Айман қыздарын дауыстап шақырды. Дауысынан әлденеге таңғалғандығын байқауға болады. Түнде болған жағдайдан кейін қорқып қалған Айжан мен Салтанат осы жолы не болуы мүмкін деген оймен атып тұрып анасына қарай жүгіріп барды.

Айжан мен Салтанат анасының қолындағы алып аяқ киімді байқады. Олар өмірінде мұндай үлкен аяқ киімді көрген емес. Себебі адамның аяғы мұншалықты үлкен болуы мүмкін емес еді. Айман «Мынаны қараңдар» деді таңғалып. Кеше түнде терезені ұрған белгісіз жан үйге кірмек болған көрінеді. Ол үшін есіктегі ілгекті аяқ киімімен ашпақ болған, бірақ ол үйге түсіп кетіп оны қайта ала алмаған сияқты. Себебі есік ілгегі жоғарыға қарай тартылып тұр. Айжанның отбасы осындай ұйғарымға келді. Әкесі түнде мақұлықты көргенін де, дәлізде жатқан аяқ киім туралы да ешкімге тіс жарып айтпауды бұйырды. Ауылдағы болып жатқан түсініксіз жағдайларға қарамастан әкесі халық оларды жынды деген ойлауы мүмкін деп қорықты. Ал аяқ киімді пешке жағып жіберді.

Ауыл ақсақалдары тұрғындарды жинап жиналыс ашты. Халық бір ауыздан құдай тамақ жасаймыз, ауылға мешіт салдырамыз деп шешім қабылдайды. Көңілдеріне кірбің түскен тұрғындарда үміт оты жылт еткендей болды. Ең алдымен құдай тамақ жасады, құран оқылды, жеті шелпек пісірілді. Ауыл тұрғындары ақша жинап кішігірім мешіт салды. Бұған дейін мешіттің табалдырығын аттап көрмегендер жұмадан қалмайтын болды. Ауылда бес уақыт азан шақырылып тұрды.

Жастарға ақыл айтып жол көрсетудің орнына олармен жарысып ішімдік ішетін ақсақалдар намазға жығылды. Жұмыссыздық жайлаған ауылда ері де әйелі де қолдары қалт етсе жиналып ішімдік ішетін. Бастан өткерген түрлі сұмдықтан кейін олар да жаман әдеттеріне арыла бастады. Көшеден қайта балалардың сыңғырлаған дауысы, адамдардың күлкісі естіле бастады. Ұзаққа созылған қара түннен кейін таң атқандай болды.

Айжан жаман хабардың жаршысы секілді түсін көрмегеніне біраз жыл болды. Енді ешқашан көрмеймін деп үміттенеді. Айжан отбасымен ауылдан көшіп кеткелі де біраз жыл өтті. "Жын шайтанның барлығы" ол ауылдан қоса көшіп кеткендей" деп қалжыңдайды тағы. Айжан отбасымен ауылдағы таныстарына барып тұрады. Ауыл тұрғындары бір үйдің баласындай тату-тәтті. Бұрынғыдай түсініксіз жағдайлар да болмайтынын айтады. 

Әсем Әлмұханбет

"Жын мен шайтан жайлаған жер"

Тамбурдағы бейтаныс қыз әлі күнге дейін үрейлендіреді
Анасының рухы ұлын үлкен қатерден құтқарып қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу