Періштем «тоқта» деп мені өлімнен құтқарып қалды

Oinet.kz 22-09-2022

Әр пенденiң қиын сәтте қол ұшын созып демеу беріп, тiптi өмiрiн де құтқарып қалатын перiштесi болады екен. Сондай бiр тылсым күш менi де ажал аузынан аман алып қалған болатын.

drunk-man-slumped-on-steering-wheel_13339-103115.jpg

Ол кезде бозбала жас кезім. Күн шықпай мені оятқан анам «Пески селосында тұратын әпкең алып кетіңдер деп қоңырау шалды, сен оны үйге алып кел», - деді. Менің жеңіл машинаммен досым екеуміз жолға шықтық. Пески селосы Есіл өзенінің арғы бетінде орналасқан қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы.

Ол селоға Есіл өзені арқылы салынған көпір арқылы өтесің. Көпірден өте бере мені МАИ-ның қызметкері тоқтатты. Ол машинамды әрі тексеріп, бері тексеріп, ешқандай мін таба алмаған соң жіберді. Әпкеме келсем, ол үйге кетуге буынып-түйініп дайын отыр екен, біз іле қайта жолға шықтық.

Пески селосынан шыға бере әпкеме: «тура айналма жол бар ма?», - деп сұрап едім «иә, бар, бірақ ол тас төселмеген жол», - деді. Содан тас жолдан түсіп, жер жолмен жүріп келемін. Жол жап-жақсы сияқты еді, біртіндеп ескіре бастады. «Мына жол көптен жүрілмеген ғой» деп ойласам да, ілгері жүре бердім. Ары қарай жолдың нобайы бар, бірақ жолмен жүрген машинаның іздері жоқ, жолды шөп басып кетіпті. Дегенмен жол әлі жақсарып кетер деген үмітпен ары қарай жылдамдығымды бояулатып алға жүре бердім. Күн қызарып көкжиекке батып бара жатты.

Бiр кезде құлағыма бiреу «тоқта, тоқта» деп сыбырлап жатқандай болды. Бiрақ, көз алдымда ештеңе көрiнбейдi. Тағы алға жүре беріп едім. Машинамның алдына қайдан келгенін білмеймін қыз тұра қалғанда сасқалақтап машинамды кілт тоқтаттым. Досым:

- Неге тоқтадың? - деп жатты.

- Машинаның алдында қыз тұр,- деп міңгірледім.

- Қайдағы қыз ешкім көрінбейді,- дейді. Мен таңғалып қалдым. Машинадан түстім. Қыз бір кезде артына кілт бұрылып алға жүріп бара жатып төменге түсіп кеткендей болды. Қыз жоқ болған жерге үш-төрт қадамдай жүріп барып сілейіп тұрып қалдым, себебі алдымда терең шыңырау құз жатты, бойымда қорқыныш пен қуаныш жайлап алғандай болды. Егер «елес қыз» машинаны тоқтатпағанда, шыңырауға құлап кетер ме едім.

«Алла шүкір» деп кері бұрылып қайтадан тас жолға түстім. Артынан Анама жолдағы уақиғаны айтып «елес қыз» туралы да айтып едім «Періштең сені ажалдан сақтаған ғой» деді.

Осы оқиғадан кейiн адамды тiл-көзден, оқыс жағдайдан сақтап жүретiн тылсым күштiң барына көз жеткiздiм, ол – перiште екен.

Алла перiштенi адамға бас-көз болу үшiн жiберген дейдi. Сол перiште адамды өмiр бойы қорғап, қажет жағдайда өлiмнен құтқарады, тек оның ниетін түсіне білу керек екен. Ал менi қатерден өзiмнiң перiштем аман алып қалды деп ойлаймын.

Ерсін Ерғалиев

el24kz

Қара айғырдың үстіндегі елес қыз
Атамның тыныштық таппаған жаны әулетіміздің берекесін ұшырып жіберді


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×