Қорқынышпен өткен 5 түн
Біздің команда Рубцовкаға жарысқа барғанда «Юбилейны» деген қонақүйіне орналасты. Онда біздің команда екі блокқа жайғасты. Әр блокта төрт төсектен бар. Бізбен командалас төрт адамға сапасы тәуір блок бұйырса, ал бізге жиһаздары ескі, қабырғалары ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген блок тиді.
Төсектерінің ескі болғаны соншалық өзіңді жындыханада жатқандай сезінеді екенсің.. Ұзақ жолдан шаршағандықтан ба кешкі асымызды ішуге де шамамыз келмей бірден жатып қалдық.
Түннің бір уағында неге екенін білмеймін ұйқым шайдай ашылды. Оянған бойда көзімді бірден ашып қарасам, тура менің қарсы алдымда қара көйлек киген әйел тұр екен. Арада 4-5 секунд өткенде әлгі әйел маған қол созбасы бар ма?! Сол уақытта мен қатты шошып кетіп, бар күшімді жинағандай болып айқайладым. Сол сәтте менімен бірге бір бөлмеде жатқан Настя ол әйелді көрген бойда шыңғырып жібереді.
Кейін естісем Настя менің дауысымнан емес, түрлі дыбыс шығарып қиналып жатқанымды естігеннен кейін оянып кеткен екен. Настяның шыңғырығы қатты болғаны соншалық көрші блокта жатқан достарымыздың барлығы ұйқылы-ояу біздің блокқа жүгіріп келіп, жарықты қосқанда ғана әлгі қара киімді әйел жоқ болып кетті.
Әйел екінші күні де көрінді. Ол күні бірақ ол балконда тұрып, әлденеге разы екенін білдіріп, қос қолын қайта қайта көкке созып тұрған бойы көзге көрінбей кетті.
Бөтен қалада, бөтен төсекте жату қаншалықты қиын, әрі ауыр екенін сонда ұқтым. Құдай сақтап үшінші, төртінші күндері тыныш ұйықтадық.
Кейін білдік. Ол қонақүй өткен ғасырдың 90-шы жылдары қараусыз қалғандықтан бірнеше рет тоналғаны былай тұрсын, ішінде кісі өлімі де болған екен. Алайда қонақүй иелері 1-2-ші қабатты іске қосқанымен 3-4-ші қабатты жөндеуге шамалары келмепті. Қонақүйдің сол кездегі қожайындары жағдайды біле тұра біздің есебімізден ақша жасап қалмақ болыпты.
Ең қорқыныштысы бесінші күні болды. Сол түні әлгі «әйел» асхана мен ваннаны ішінен жауып алып жарты сағат бойы ыдыс-аяқтарды қабырғаға соққылап, үстелдерді ұрғылады, орындықтарды бұрыш бұрышқа лақтырып әбден зәремізді ұшырды. Осының барлығын өз құлақтарымен естіген баскетболшы сегіз қыз бір бөлмеге жатсақ та, әлгі әйелге жақындауға дәтіміз де, күш-жігерімізде жетпеді.
Айтпағым ұйқың тыныш болмағанда спорттың қай түрі болмасын жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайды екенсің. Сондықтан болар біздің команда Рубцовкадағы турнирде ең соңғы орында болдық. Содан бері біздің қыздар барған жерлерінде қонақүйлердің таза, әрі жарық болғанын алдын ала талап ететін болған.
Марина,
Вологда, 11 сынып оқушысы