Марат Қабанбай. Айгүлдің әңгімесі
Сіз ғой мені «көкем мен тәтемнің қызы» деп ойлайсыз. Шындығында, мен әжемнің баласымын.
Әжем:
– Сені көр де балауса қыз кезімдегі мені көр. Мен де кезінде сен сияқты ерке едім, – дейтін шашымды тарап отырып.
– Әжең кезінде бүкіл ауылға «ерке келін» атанған. «Бетің бар, жүзің бар» демей не ойласа, соны айтатын турашыл адам. Немере бауыр еті баладан гөрі ыстық. Көңілін қалдыра көрме, Айгүлжан! – дейтін көкем де.
Ой-ой, әжем зейнетақысын алған күні бір жырғап қалушы едік! Таңғы асты іше сала көйлектерімнің ең әдемісін өзі таңдап, қолыма ұстатады. Мені жасандырып болған соң, сары жезді сандықта сақтаулы жатқан бар асылы мен жасылын киіп алады. Көзілдірігін мұрнының үстіне іледі. Ақшасын орамалға түйіп, менің қалтама салады. Сөйтіп, екеуіміз іркесіп-тіркесіп
көшеге шығамыз. Ол кісі ғұмырында автобусқа отырмайды. Бір жүріп, екі тоқтап, әрең дегенде «Балалар әлеміне» жетеміз де ішке кіреміз.
– Ал не алушы ең? Айт, кәне! – дейді әжем.
Әжекем, қызық болғанда, мен нені нұсқасам, бәрі «Айгүлжанға өте, өте қажет» деп ойлайды. Бұл қасиетін мен де барынша пайдаланып бағамын.
Әрлі-берлі бұрылып, сөрелерге көз жіберіп тұрамын да:
– Қуыршақ сатып алайық! – деймін төбеден түскендей.
– Не дейді?
Әжем аң-таң.
– Міне, мынадай үлкенін!
Құшағымды жайып көрсетемін. Әжем маған біраз қарап тұрады.
Аздан соң түсі жыли бастайды.
– Е, айналайын-ай, сәби кезіңді сағынған екенсің! Ал, ала ғой. Айнымай маған тартқансың. Мен де «ерке-шора» атанған едім.
Жадырап сала беремін. Әжем аузынан «Айнымай маған тартқансың» деген сөз шықса, – бітті:қалағаныңды алады.
Екеуіміз дәу қуыршақ сатып аламыз. Айтса айтқандай, сәби кезімді сағынамын ба әлде өзіме серік іздеймін бе, – әйтеуір, ойыншыққа құмармын. Несін айтасыз, әлгі жерде «футбол, хоккей ойыншықтары» дейсіз бе – әйтеуір, бәрін құшақтап үйге қайтамыз. Ақшаның қақ жартысы «Балалар әлемінде» қалады. Оған қиналып жүрген біз жоқ. Екеуіміз де мәз-мейрам, разымыз өз-өзімізге.
Жатар кезде көкем, тәтем әлгі ойыншықтарды біртіндеп көріп отырып, ішек-сілелері қатып күледі. Әрине, онда да әжем жоқ кезде ғана.
Ал көзінше:
– Оhо, сауданы қатырған екенсіздер! Кілең керек заттар. Қуыршақты да, аюды да дұрыс алғансыздар. Айгүлжанның ойыншықтары тозып қалып еді. Жақсы болған екен, – дейді қауқалақтап.
Әжекем жымың-жымың етеді.
Марат Қабанбай