Ашық сабақ. Қазақ тілі. Кәсіби қазақ тілі сабағындағы пәнаралық байланыс

Oinet.kz 06-10-2019 867

Мақала “Кәсіби қазақ тілі сабағындағы пәнаралық байланыс”

  oquzaman  0 Comments

Екібастұз қаласы политехникалық колледжінің оқытушысы

Ташенева Карлыгаш Крыкбаевна


Педагогика тарихында пәнаралық байланыс ертеден зерттеліп келе жатқан педагогика ғылымының негізгі мәселелерінің бірі. Пәнаралық байланыс туралы ғылыми әдебиеттерде 30-дан астам анықтамалар берілген. Мәселен солардың бірі, педагогикалық сөздікте: «пәнаралық байланыс оқу бағадарламаларының өзара үйлесімділігі» деп анықталған.

Бұған дейін де тәжірибедегі пәнаралық байланыс проблемасы көптеген ағартушы педагогтарды толғандырған. Мысалға ерте заманнан-ақ Әл-Фараби, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоци қазақ ағартушылары мен педагогтары Ш.Уалиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин еңбектерінде пәнаралық идеялардың берілгендерін көруге болады. Мысалы: Ы.Алтынсарин: «Орыс тілін оқытуда біз оқушыларға белгілі сабақты, грамматикалық ережелерді нақты мысалдармен қазақ тілімен салыстыра отырып, әбден меңгертіп алмай алға жылжи алмаймыз. Орыс тілін үйретуде де бала ол сөзді дұрыс айтуға әбден дағдыланғанша үйретуден жалықпау керек» – деп пәнаралық байланыстың маңызын ашып айтып кеткен.

Нақты пәнаралық байланысты зерттеп, пәнаралық байланыс мәселесін жүйелі ғылыми негізде құру керектігін талап еткен Н.К.Крупская болған. Ол: «Әр пәнді оқып үйренуде әдебиет болсын, тіл болсын, қоғамтану, тарих, география, математика, тағы басқалары болсын – пәнді барлық жағынан бірдей алып зерттеп оқып-үйрену үшін диалектикалық тұрғыдан келу өте-мөте маңызды» деп жазған.

Қазіргі таңда білім беру жүйесі барлық пәндерді өзара байланыстыра, кіріктіре, сабақтастыра отырып оқыту арқылы білім беріп, оқушыларды шығармашылық іс-әрекетке үйрету, жекебас дербестігін дамыту, бойларына жауапкершілік, орнықтылық қалыптастыру мәселелерін шешу мақсатын көздеп отыр. Пәнаралық байланыс білім беруді ұйымдастыру, жеке пәндер мазмұнының, мәтіннің бір-бірімен өзара жымдасуын қамтамасыз ететіндей белгілі бір жүйелілікті керек етеді. Осыған орай оқу процесі оқушылардың мақсатты-бағдарлы іс-әрекетпен шұғылдануымен қатар  танымдық іс-әрекетін қалыптастырады. Осы іс-әрекет нәтижесінде оқушыда пәнаралық іскерлігі қалыптасады. Пәнаралық іскерлік оқушының бір пәннен меңгерген білім-іскерлік дағдыларын, екінші жақын пәндерді меңгеруде пайдалана білу қабілетінен көрінеді. Пәнаралық байланыс оқушылардың танымдық іс-әрекетімен қатар, басқа пәндерден алған білімдерін еске түсіру арқылы ойлау қабілеттерін де дамытады. Мысалы, бір тақырып бірнеше пәнде кездесуі пәнаралық байланыстың дамуына және оқушының тәжірибелік іскерлігін қалыптастырып дамытуға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеке пәндерден алған білімі күрделеніп жинақталып, бір пән аясымен шектелмей, өзге пәндермен сабақтаса байланысады.

Пәнаралық байланыстың ең негізгі дидактикалық міндеті – ол оқыту процесінің білім беру, тәрбие беру, дамытушылық сипатының арасындағы байланысты құру болып есептеледі. Осыған орай кәсіби қазақ тілін оқытуда оқу материалдарын мамандыққа байланысты арнайы  пәндермен байланыстыра оқыту өте тиімді. Пәнаралық байланысты сабақтың кез келген этапында қолдануға болады.  Сабақ жоспарын құруда оқытушы  пәнаралық байланысты нақты көрсете білуі керек. Сонымен қатар оқушыға қызықты деген сұрақтарды таңдай білуі де шарт. Пәнаралық байланыс барысында шығармашылық тапсырмаларды, прблемалық сұрақтарды іріктеп ұсыну, оқушылардың логикалық ойлауын, кез келген жерде алдына қойған мақсатқа жету үшін керекті жолды таңдауға, сөйле дағдыларының дамуына өз ықпалын тигізеді. Шебер оқытушы пәндердің арасындағы байланысты үндестікті оңай қолдана алады.

Негізінен қазақ тілі пәні – басқа пәндерді өзіне икемдеп байланыстырумен қатар оқушының ой-өрісін дамытуға, жан-жақты дамуына ықпал ететін басты сабақтардың бірі. Егер қазақ тілінен беретін білімді жүйелі ұйымдастырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырса  белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Мысалға 3002002 – “Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету,  жөндеу және пайдалану”  мамандығы бойынша жаңа тақырыптарды өткен кезде міндетті түрде техник-механик мамандығына байланысты өткізілетін “Техникалық қызмет көрсету”, “Автомобильдерді жөндеу”, “Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау”, “Өндірісті автоматтандыру” және қазақ әдебиеті, тарих, құқық, халық педагогикасы, психология  сияқты пәндермен байланыстыра оқыту керек. Мысалға «Автомобиль тарихы» деген мәтінді өту арқылы оқытушы:

  • Қазақ тілі пәнімен – сөйлемдердің дұрыс құрастырылуы;

Жоғарыда айтылған пәндердің арасындағы байланысты айта отырып, қай пәнмен байланыста екенін баса көрсету оқушының қызығушылығын оятып, ой-өрісін дамытады, пәндерге деген қызығушылығын арттырады. Тіл пәнінен мүмкіндігі төмен оқушы осы пәндердің бірі болмаса, біріне қызығушылығы болып, сабаққа белсене араласып, өз ойын айтып тілге деген сүйіспеншілігі артуы мүмкін. Ал айтып кеткен пәндердер арасындағы байланысты ұтымды пайдалану тілді ынтамен игерудің кепілі болады.

Осыған орай орта және жоғары оқу орындарындағы тіл мамандары бағдарлама жасауда, күнделікті сабақ жоспарын құруда, мәтін құрастыруда осы арнайы пәндерге сүйенсе сабақтары тартымды, мазмұнды болады. Негізінен, мәтін құрастыруда немесе дайын арнай пәндерге арналған оқулықтардағы мәтінді аударуда пәнаралық байланыстың жігі жымдасып кетеді. Соның ара жігін ашып қай пәнмен байланысып тұрғанын студенттерге баса айтып отыру керек. Сондай-ақ, қазақ тілінің грамматикасын меңгертуде салғыстырмалы грамматикаға сүйеніп, арнайы пәндердің оқытушыларынан  ақыл-кеңес алып, өз білім-біліктіліктерін арттырып отыруы қажет. Кәсіби қазақ тілі сабақтарын көбіне әдебиет сабақтарынмен де байланыста ұстау оқушылардың эстетикалық сезімін қалыптастыруға бірден бір себін тигізеді. Ал эстетикалық талғамы жоғары, білімді, жан-жақты дамыған оқушы – қазіргі таңдағы Қазақстанның болашағы деп мол сеніммен айта аламыз.

Сабақ көңілге қонымды болу үшін тек пәнаралық байланысқа сүйену дұрыс емес. Әр сабақ сайын тақырыпқа байланысты түрлі суреттерді, кестелерді т.б. көрнекі құралдарды қолдану әр оқытушының өзінің шеберлік деңгейіне байланысты. Және де шебер білікті оқытушы сабақтың әдіс-тәсілдерін де өзгертіп студенттерді қызықтыра білуі керек.

Қорыта айтқанда пәнаралық байланысты ұтымды қолдану оқушылардың танымдық іс-әрекетін, іскерлігін, дүние танымын, шығармашылығын, қабілетін, ең бастысы кәсіби тілін дамытады. Пәнаралық байланыс оқушылардың ғылыми дүниетанымын, көзқарасын қалыптастыруда, білім беруде қазіргі кездегі елеулі мәселелердің бірі болып табылады.     Негізінен пәнаралық байланыс арқылы оқыту пәндерімен ғана емес, тіл дамыту ғылымының барлық саласымен байланыста болғанда оқытушы өз мақсатына жетеді. Бұл үшін әр оқытушы өзінің дүниетанымын, білімін жан-жақты дамытып отыруы қажет.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Қ.Бержанов, С.Мусин. Педагогика тарихы – Алматы «Мектеп» 1984. 17, 155,163 б.

  2. А.А.Бейсенова. Мектептегі оқу-тәрбие процесіндегі пәнаралық байланыс – Алматы 1991. 5 б.

  3. К.Аханов. Тіл білімінің негіздері. Алматы «Санат» 1993. 4 б.

  4. А.Кубесов. Педагогическое наследие Аль-Фараби. Алматы «Мектеп»1989. 68 б.

  5. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» журналы – 2010 №1 – 17 б.


Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Абай Құнанбайұлы өмірі мен шығармашылығы
Ыбырай Алтынсарин өлеңдері, өмірбаяны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу