Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығы

Oinet.kz 01-10-2019 11959

            Ы.Кабеков атындағы орта мектеп

 


                  Тәрбие сағаты


Тақырыбы:

Ә.Нұршайықовтың  «Жастарға арналған өсиеті»

 

Қалық жазушысы,майдангер Ә.Нұршайықовтың  өмірі мен    шығармашылығына арналған



 

Дайындаған:  Қоңырова Мейрамгүл

                    математика пәні мұғалімі

 

Екпін ауылы,Тарбағатай ауданы,Шығыс Қазақстан облысы

 

 

Мақсаты:

Білімділігі: Ә.Нұршайықовтың  өмірі мен

                 шығармашылығына тоқтала отырып, өнегелі

                 өмір жолы мен шығармашылық мұраларының

                 өміршеңдігін ұғындыру.

Дамытушылығы: Оқушылардың эстетикалық сезімін

                           ояту, көркем сөз оқу шеберліктерін

                           арттыру.

Тәрбиелігі: Туған халқымыздың әдебиетін тереңірек

                  тануға, оны сүюге, қадірлей білуге

                  дағыландыру.

Көрнекілігі: Ә.Нұршайықовтың  портреті, кітаптар мен

                    баспасөз материалдары бойынша  көрме,

                    жазушы туралы лебіздер мен пікірлер, презентация

                    

Жүру барысы:
                Тәрбие сағаты  үш бөлімнен тұрады:

   1. “Өмір жолымен таныстыру»
   2. “Махаббат жыршысы»
        (сұрақ-жауап бөлімі)
   3. Жастарға арналған  өсиеті

Кіріспе сөз:

         Мұғалім:   Дәуірдің кеменгер қаламгері әдебиет атты мұхиттың буырқанған жағасына өлеңмен келіп, кейінен әлемнің назарын өзіне аудартқан шебер жазушы болады.

Әзілхан Нұршайықов  табиғи талантынан бастау алған әлемдік әдебиеттің небір інжу-маржанынан сыр арқауын тартқан шығармасымен, елінің ертеңіне сарабдал ой тастап, бүгінгісіне шеберлікпен талдау жасаған саясаткерлік, қайраткерлік, азаматтық парызы биік, телегей талант иесі екендігімен мәлім.

              Оқушылар үш топқа бөлініп,алдын ала берілген сұрақтар бойынша өз білгендерімен бөліседі

        Сұрақ: Ә.Нұршайықов туралы не білеміз?

        Әр топ бір бірін толықтырып берілген сұраққа жауап береді

 

         Қазақ әдебиетінде елеулі орын алатын белгілі қаламгер, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында Жарма ауданының Келінсүйегі деген жерінде дүниеге келген. Ауылдағы орталау мектепті бітірген соң Алматыдағы тау - кен институтын, Семейдің педагогикалық училищесі мен педагогикалық институтын бітірді.

Жазушы 1941-1945 жылдары Қызыл Армия қатарында қызмет етті. Соғыстан кейін 1949 жылы қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді.

 

Бала күнінде ауыл тілшісі болды. "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан"), "Социалистік Қазақстан", "Екпінді", "Қазақ әдебиеті", Павлодар облыстық "Қызыл ту" газеттерінде қызмет істеді.

 

Қазақ Совет Энциклопедиясы, Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болды.
1956 жылы тың игерушілерге арналған "Алыс ауданда" деген очерктер жинағы басылып шықты. 1957 жылы "Тың астығы" атты очерктердің екінші жинағы жарық көрді.

 

Жазушының әдеби еңбектері елге аян. Жастардың қайнаған жастық өмірі туралы атақты " Махаббат қызық, мол жылдар " романы, Б. Момышұлы туралы жазылған "Ақиқат пен аңыз" роман - дилогиясы жарыққа шықты.

 

Романдардың кейіпкерлері түгелдей өмірде бар, тарихи адамдар, оқиға да тарихи негізге құрылған. Біраз кейіпкерлердің прототиптері де бар. Бірқатар кітаптары шетел тілдеріне аударылған. "Ақиқат пен аңыз" дилогиясы үшін Мемлекттік сыйлыққа ие болды. 2-дәрежелі Отан соғысы, Халықтар достығы, Құрмет белгісі, 3-ші дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталды.

 

2000 жылы жазушының тағы да екі туындысы жарық көрді. "Қаламгер және оның достары" деген эпистолярлық романы мен "Өмір өрнектері" атты күнделік - роман эпопеясының бірінші кітабы. Осы күнделік – роман эпопеядан жазушының кім екенін терең танып білуге болады. Біріншіден – еңбекқор, ол қайда жүрсе де, шығармаға ерінбей еңбектеніп, қажетті материал жинайды. Бар уақытын жазу, оқу қаракетіне жұмсайды. Екінші қасиеті-адалдық, адамгершілік, әділдік, шындық.

 

Әз - ағаның өзіне қоятын басты талабы - тәртіп. Сол себептен тәртіп - адалдық арқаны деп біледі. Ұстанған өмірлік мақсаты - өзге үшін өмір сүру. Ел үшін етер ісіңді тіріңде тиянақтап, тындырып кет !" Өмір сүрудің мәні осында деп біледі.

2 бөлім    Махаббат жыршысы

           Сұрақ –жауап түрінде өтеді,ой бөлісу,пікірлесу

                Жары Халимамен қалай танысқанын еске алу

3 бөлім  Әзілхан Нұршайықовтың жастарға арнаған өсиетінен

 

                 Үш топ білгендерімен бөліседі

1-ші топ:

        Ешқашанда ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.

Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: “Есті қыз етегін қымтап ұстар” деген мақал бар.

Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды.

Ешкіммен барқылдап  ұрыспа, бағыңды жоясың.

Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу – дарақылық белгісі.

Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көрудің оңайы жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзеуге көмектес.

Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігітке оның жымиғаны да жетіп жатыр.

Ауыз екі шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиуы, бас изеуі көзқарасы, жүріс-тұрысы – барі де сайрап тұрған сөз. Сондықтан оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.

Шошаңдаған қыз шешесінің атына кір келтіреді.

Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

Үміт күткен ұлы оңбаған болып кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз болып шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ болып шықса – жар сорлы.

Ақ көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс, әдемі болса да – жиіркенішті.

Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жату қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету – одан да қымбат!

Көшеде көлденең тұра қылып бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.

Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық – қырсықпен тең.

Махаббат барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.

Екі адамның бір-біріне шын ықылас пен қалтқысыз қызмет етуі, не араларындағы адал махаббаттың, не асыл достықтың арқасы.

Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.

Жақсы адам – магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп; жаман болсаң- жалғыз жүресің; орташа болсаң- сенде бір жақсының жанын жағалайсың.

2-топ:

Бірінші сөз (Ұлдарға өсиет):

- Ұлдар! Алдымен сөзімді сендерге арнаймын. Менің сендерден тілегім мынадай:
-Арақ ішпендер айналайындар!Арақ – азаматтың жауы: халықтың, қоғамның дұшпаны…
… Адам арақ ішпегенен өлмейді, араны ашылып арақ ішкенен өледі. Әрбір арақ ішкен адамның өмірі аз, ғұмыры қысқа болады. Оның үстіне маскүнемнің өмірі мәнсіз болады. Адамның өмірі онсыз да қысқа. Ендеше аз өмірді ардақтап, шамаң келгенше мағыналы, мәнді етіп өткізгенге не жетсін, шіркін.
Жігіттер, қастарыңда отырған қыздарды құрметтеңдер, мәпелеңдер. Алақандарыңа салып әлпештеңдер. Қыздың жанын қинамаңдар! Қыз- болашақтың анасы. Қыз-алдағы ұрпақтың әжесі. Анаңды ардақтап, әжеңді құрметтесең – қызды сыйла, қарағым.

Қыздар!Жаңдарында жүрген жігіттерді ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей біліңдер. Жігіттердің жұлқынған асау жүрегін адамгершілік асыл қасиеттермен бұйдалап алып, оларға айтқандарыңды істетіндер: арақ ішкізбеңдер,айқайға жуытпаңдар. Оларды түнгі он екіде мас боп рестораннан қайтып, тынымдап жатқан жұрттың шырқын бұзып, терезесінің түбінен текедей бақылдап өлең айтып өтпейтін етіңдер. Өйткені қыз жетектесе ілеспейтін, қыз қиылса көнбейтін жігіт жоқ бұл дүниеде. Өйткені ақыл анадан тарайды, адамгершілік әйелден басталады, қыздан – қылық, тәрбие, тәлім туындайды. Өздеріңе табиғат сыйлаған осы бір өзгеше өнерлеріңді қастарыңда қаумалап жүрген жігіттерге игі әсер етуге жұмсаңдар. Жігіт – жаныңда жүрсе жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Жігіт – ортада жүрсе орманың, шетке шықса қорғаның. Қорғаның, қормалың сенін! Жігіттерден жылы күлкі, жұмсақ әзілдеріңді аямаңдар. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп, сүйкенісіп тұруға үйретпеңдер! Оларды жарбаңдатып, жабыса құшақтатпаңдар. Адамның асыл махаббат сезімін ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Оларды нәпсісін тыйып, намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер. Сөйтіп, олармен тату, дос, қимас құрбы болып өсіңдер, шырақтарым!

Өмірдің қызық ләззаты – адал достық, айнымас қамқорлық, асыл махаббатта екенін әрқашан да естеріңде сақтаңдар

 

3-топ:

       2-ші өсиет (Қыздарға кеңес):
                                               Қыздар!
1) Егер сүйген жігіттеріңе сүйікті жар боламын десеңдер,еңбекшіл болыңдар!
2) Егер ата-енеге қымбатты келін боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
3) Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
4) Өздеріңді алақанға салып әлпештеп отырған қоғамға адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
5) Егер ертең, егде тартқанда, келісті ана, кемеңгер әже боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!
Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!
Ең алдымен еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам – ең ардақты адам. Дүниеде ең сұлу әйел – еңбекшіл әйел. Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті, елге сүйкімді, отбасыға сыйлы.
…Өңді қыз өтімді қыз болғанымен, түптің түбінде есті, еңбекшіл қыз ғана жақсы жігітті өкіндірмей ең асыл жар, жан серік бола алады.
Қыздар!
Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар!
Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!
… Апиын ішкендей елтіп, сәнге еліктей бермеңдер. “Жылтырағанның бәрі алтын емес” дегендей,жарқырағанның бәрі бірдей сән емес. Олардың ішінен тек өз бойыңа қонымдысын, өз денеңе жарасымдысың, сырт көзге де оғаш көрінбейтін ұнамдысы ғана сән. Ендеше, өздеріңе не жарасып, не жараспайтынын біліңдер.

Көрсе қызар болмаңдар!
Қол жетпеске тыраштанбаңдар!
Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға бағыныңдар.
Қыздар!
Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер жентектеп ауыздарына бір-ақ құлғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар, ұмытпаңдар… Сабырлы болыңдар, салиқалы болыңдар, салауатты болыңдар, қарақтарым!
Қыздар!
Сұқ көзден сақтаныңдар. Сұлу сөзден сақтаныңдар. Шынайы махаббат мақтауды қажет қылмайды. Орынсыз мақтаудын сақтаныңдар, абыройдан аттаудан сақтаныңдар!
Пәк болыңдар!
Пәк болу үшін сақ болыңдар бауырларым!
Алайда, қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа қарайлап көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейті сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жылпылдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді. Сондықтаң жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық сапасына көз жүгіртіңдер…
… Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар. Жаман жолдастан жалғыздық жақсы…

 

Не білдік,не үйрендік, осы үш топтың айтқандарымен  оқушылар өз ойларымен бөліседі

 

                                         Ән:  «Қазақ қызы»

                          Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды


Ашық сабақ: Жай сандар және құрама сандар
Ашық сабақ. Заң алдындағы жауапкершілікті арттыру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу