Аспанмен астасқан Іне шыңы

Oinet.kz 20-06-2026

image.png

Төлеби ауданы – Түркістан облысының туризм саласында қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Көркем табиғаты, қалың орманы, сарқыраған өзендері мен асқар таулары бұл өлкені экологиялық және тау туризмінің маңызды орталығына айналдырып келеді. Сол табиғи жауһарлардың бірі – Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан Іне шыңы.

Теңіз деңгейінен 3750 метр биіктікте орналасқан Іне шыңы өзінің ине тәрізді сүйір пішінімен ерекшеленеді. Аспанмен астасқан тік құздары мен қайталанбас келбеті оны Төлеби ауданының ең көрікті табиғи нысандарының біріне айналдырған. Бүгінде бұл шың альпинистер мен тау туризмін ұнататын саяхатшылардың қызығушылығын тудырып, ауданның туристік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып отыр.

Іне шыңы орналасқан Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағы мұздықтардан бастау алатын көлдерімен, сарқырамаларымен, қалың арша ормандарымен және бай биоалуантүрлілігімен ерекшеленеді. Осындай табиғи байлықтың арқасында Төлеби ауданында экологиялық туризмді дамытуға кең мүмкіндік қалыптасып, өңірге келетін отандық және шетелдік туристер саны жылдан-жылға артып келеді.

Іне шыңына көтерілу арнайы дайындық пен альпинистік жабдықтарды талап етеді. Сондықтан бұл бағыт көбіне тәжірибелі саяхатшыларға арналған. Ал ұлттық парк аумағына саяхат жасағысы келетіндер белгіленген экологиялық талаптарды сақтап, маршруттарын алдын ала келісуі қажет. Жаз мезгілі Іне шыңына саяхаттау үшін ең қолайлы әрі қауіпсіз кезең саналады.

Табиғаттың тұмары – Сайрам шыңы
Жасыл әлемнің жауһары – Сайрам-Өгем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу