Табиғаттың тұмары – Сайрам шыңы

Oinet.kz 24-06-2026

image.png

Төлеби ауданы бүгінде Түркістан облысындағы туризмнің қарқынды дамып келе жатқан орталықтарының біріне айналып отыр. Әсем табиғаты, биік таулары, көркем шатқалдары, шипалы бұлақтары мен қалың орманы бұл өңірдің туристік тартымдылығын арттырып келеді. Әсіресе «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы экологиялық туризмді дамытуға зор мүмкіндік беріп, жыл сайын табиғат аясында демалуды қалайтын саяхатшылардың қызығушылығын оятуда. Сондықтан өңірде халықаралық талаптарға сай туристік инфрақұрылым қалыптастыру мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Сайрам шыңы – Түркістан облысының ғана емес, Өгем жотасының да ең биік нүктесі. Теңіз деңгейінен 4238 метр биіктікте орналасқан бұл асқар шың өңірдің табиғи келбетін айшықтап тұрған ерекше географиялық нысан саналады. Құз-жартастары асқақтап, мәңгі мұздықтармен көмкерілген шың табиғаттың қайталанбас сұлулығын паш етеді.

Шың негізінен тақтатас, құмтас және әктасты жыныстардан түзілген. Тік құлама беткейлері мен күрделі жер бедері оны альпинистер мен тәжірибелі туристер үшін қызықты бағыттардың біріне айналдырған. Сайрам шыңы ғылыми-зерттеу жұмыстарында маңызды нысан болумен қатар, отандық және шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттырып, өңірдегі экологиялық туризмнің дамуына да өзіндік үлес қосып келеді.

image.png

Сайрам шыңы тарихи мәнімен де ерекшеленеді. Осыдан он жыл бұрын қазақстандық альпинист Марс Садықов әйгілі ақын әрі актер Владимир Высоцкийдің рухына тағзым ретінде шың басына оның бейнесі бейнеленген естелік тақта орнатқан. Бұл бүгінде альпинистер мен туристер арнайы барып көретін символдық орындардың біріне айналған.

Сайрам шыңы мен оған іргелес табиғи аумақтар Төлеби ауданының туристік әлеуетін айқындайтын басты нысандардың қатарында. Соңғы жылдары өңірде экологиялық және тау туризмін дамытуға бағытталған жобалар жүйелі түрде қолға алынып, заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары қарқын алып келеді. Бұл бастамалар Төлеби ауданын еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы тартымды туристік бағыттардың біріне айналдыруға негіз болмақ.

image.png

«Сайрам-Өгемде» экотуризмді дамытуға арналған ірі жобалар таныстырылды
Аспанмен астасқан Іне шыңы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу