Бейтаныс атаның батасының арқасында бағы ашылған қыз

Oinet.kz 24-02-2022 715

Screenshot_2.jpg

Кардиоорталықтан шыққан Сәлім ақсақал ұлына қоңырау шалды.

- Балам, қайдасың?  Мен аппаратқа түсіп шықтым.

- Көке, күте тұрыңыз, 15-20 минутта барып қаламын.

- Балам, қай маңда жүрсің?

- «Солтүстік» мөлтек ауданда.

- Балам, онда автобуспен жылжи берейін, «Евразия» базарының қасындағы аялдамада күтерсің. Бері әуре болмай-ақ қой. 35-ші автобус келіп қалды, соған отыра салайын.

Жұртпен таласа-тармаса ішке енген. Бұрынғыдай емес, кейде қоғамдық көлікке отырса, жастардың бірі босата қояр ма екен деп орын іздейтін жаман әдет жабысты бойына. Жас кезінде өзі де талай үлкенге  ізет көрсеткен. Кейбіреулердей терезеге басын сүйеп, көзін жұмып, өтірік ұйықтап қалған емес. Осы ойын сезгендей, сол жақтағы көпшіліктің орта тұсынан сүйкімді бір қыз орнынан ұшып тұрып:

- Ата келіңіз, мұнда отырыңыз,- деді.

- Рақмет, айналайын!  Өркенің өссін, бақытты бол, қарағым!

Қыз ешқайда ұзай қоймады. Қасында түрегеліп тұра берді. Неге екенін қайдам қайта-қайта бұған қарап қояды. Біреуге ұқсатып тұр-ау деп шамалаған. Сосын бұл да бажайлап, зер салып еді, жүрегі шым етті. Дене бітімі келісті. Сұңғақ  бойлы. Баласымен жақсы жұпқа сұранып-ақ тұр. Нәркес көздері қап-қара. Баттиған бояуы жоқ. Таза сұлулық. Өзі келіндікке көптен аңсай күткен адамы.

Сәлім ақсақал ойланып кетті. Қызмет бабымен  көп жыл солтүстік облыста болған. Баласы сонда орыс мектебін тәмамдап, Алматыдағы жоғарғы оқу орнын мұнай саласы бойынша бітірді. Қара алтынның қалай өндірілетінін, қайдан шығатынын көруім керек деп, Ақтөбе облысының шеткей ауданындағы қытайдың бұрғылау компаниясында бір жыл жұмыс істеді. Содан кейін еліміздің астанасына қызметке ауысып келді. Ковид-19  індеті әлемді әбігерге салғаннан бәрі онлайн-жұмысқа көшкен. Жалғыз баласы сонда тәжтажалмен ауырып, ем-домды үйде алыпты. Мұның бәрін келгесін естіп жүр ғой. Оған дейін ләм-мим деп ауыз ашқан емес. Қасында жары болғанда бүйтіп жалғыз қиналмас еді. Тез үйлендірмесек, осылай соқа басы состиып жүре бермек пе деп әйелі қатты уайымдады. Қызмет деді, өз карьерамды жасауым керек деді. Әйтеуір түрлі сылтаулармен ұлының отызға дейін үйленбей жүргені жанына батып отыр.

Осыларды ой елегінен өткізген Сәлім ақсақал бір күрсініп алды. Қазіргі жастар үйленуге асықпайды екен. Баласының білімді, жақсы азамат болып өсуіне жас шағынан айырықша көңіл бөлді. Орысша оқығанмен, үйдегі тәрбиесі қазақша. Бесінші сыныптан бастап  ағылшынша сабаққа тасыды. Ер жігіт елін де, жерін де қорғайтын жан жақты болуы керек деп, таэквонда үйірмесіне жаздырды.

- Жұрттың баласы интернетпен танысып та келін түсіріп жатыр. Біздің де немере сүйгіміз келеді. Енді Тайлақтың шешесі сияқты қызды өзім іздеймін бе?- деп кемпірі шырылдайды.

Өз ойымен тұңғиықтан шыға алмай отырған Сәлім ақсақал жаңа бірде қызулау үш жігіттің даурығып ішке кіргенін көрген. Келе олар қасындағы қызға қылжақтап тиісе бастады.

Автобус жол апшысын қуырып, түсетін аялдамаға жақындап келеді. Бұл бір-екі рет тоқтау айтқан. Бұл қоғамдық көпшілік жер, тәртіп бұзбауларын өтінді. Оны тыңдар құлақ бар ма?  Мына шалға не жоқ, жастардың жұмысына араласып деген. Мына шал дегені шымбайына батып-ақ кетті. Сосын түрегелді де қызды өз орнына отырғызды. Сөйтті де жігіттерге кеудесін төсеп, олардың қолдарын қызға қарай сумаңдатпай, тыныштық  сақтауларын сұранған. Автобустағы билет сатушы әйел араласпақшы болған, бірақ қара сұр жігіттің бір ауыз былапыт сөзінен соң бұл маңға қайтып жоламай кетті. Қалған жұрт бәледен машайық қашыпты дегендей, мойындарын тұқыртып, төмен қарап отыр. Тұрғандары теріс бұрылып алған. Бас көтерер еркек жоқ. Әлде автобуста студент жастар көп болып, олардың қарасы аз ба, әшейінде шулап кететін әйелдер жағы үнсіз.

Сол замат баласы қоңырау шалды. Көке,мен келіп тұрмын деді. Қазір түсеміз деді бұл. Неге көпше түрінде айтқанын өзі де аңғармай қалды.

- Жігіттер, бұл менің қызым. Әкесінің алдындағы бұл қылықтарың тым оспадарсыздық. Қойыңдар. Мына бассыздықтарыңды тоқтатыңдар, - деген.

Тоқтайтын олар жоқ. Қайта есіріп алған. Қыз қорқып отыр. Мыналардың оңайлықпен айырылар түрі көрінбейді. Бұған жалтақтап қарай берді. Өз аялдамасына келгенде бұл қыздың қолынан ұстап түсеміз деді. Қыз шынында өз қызындай соңынан еріп жүре берді. Оған үш жігіт те ілесіп, кіріп жатқан жүртты қолдарымен жапырып, сыртқа атып-атып шықты. Бұл аялдамадан арырақта тұрған баласының машинасына қарай жылдамдата түсті. Қыздың қолынан тас қылып ұстап алған. Қыз үнсіз. Ана бұзық бәлелерден ертерек құтылғысы бар. Олардың біреуі кеп қыздың қолына жармасты.

Сол кез баласы машинадан шыға берген. Не болып жатқанын түсініп те үлгерген жоқ. Жігіттердің боқтық сөздерін естіп қалды-ау:

- Көке, мұнда не боп жатыр?! – деді жан дауысы шығып.

- Е, мына оңбағандар мына қызға тиісіп келеді.

Баласы артық сөзі жоқ, томаға тұйық. Жарқырап сырын шашпайды. Осы мінезін білетіндер оны совет барлаушысы Штирлицке теңейтін. Сол Штирлиціміз жағдайды тез бағамдап үлгерді. Әлгілердің бірі әкесіне кеп жармасқанда, ешкім байқап та үлгермеді, бір соққымен сұлатып түсірді.

Екіншісі қайдан алғаны белгісіз қолындағы қолақпандай шаппаның бір тетігін басып қалып еді, сарт етіп суық қарудың серіппелі жүзі жарқ ете қалды. Баласы тайсалған жоқ. Жете бере шалт қимылдап, ол сілтеп үлгергенше өзі бір жақта, пышағы екінші жақта домалап жатты.

Үшіншісі аралас жекпе-жектің әдіс-амалдарын тәп-тәуір меңгерген секілді. Ауаны білеудей жұдырықтарымен осқылап, қолдарын арлы-берлі сермеп, бір-екі шапшаң қимылдар жасап,  баласына қарай атыла ұмтылды.

Штирлиціміз қашпады. Оның әрбір қимылын шалт жібермей баққан сілеусіндей орнында қалт тұрып қалды да, ауаны жарып келе жатқан алапат соққыны сол білегімен шетке бұра беріп, өз екпінімен  ұшып келе жатқан быттиған бетті тастай түйілген жұдырықпен оңдырмай салып жіберді. Келсаппен ұрғандай болды-ау, үшінші бұзық  кескен теректей, өкіре барып құлады.

Сосын көшедегі жұрт есін жиып, етек жауып үлгергенше, бұлар машинаға отырып, жөндеріне кете берді.

Жолда Сәлім ақсақал:

- Әуелі мені үйге апара ғой. Сосын мына қызымды жеткізіп саларсың,- деген.

Ұлы қызға қараған. Қыздың көзі мөлдіреп кетті. Тұңғиықтан  жанға жәйлі бір сәулелер себезгілеп тұрды. Ол бара-бара үлкен ұшқындарға айналып, қыздың жүзін қызыл арайға бөлеп, нұрлана түсті.

Сәлім ақсақал үйіне жетіп, түсіп бара жатқанда, қыз сыртқа шығып:

- Ата, сізге көп рақмет. Жақсылығыңыз Алладан қайтсын! – деді.

- Айналайын, бақытты бол! Өзіңе де Алла разы болсын!-деп қала берді бұл да.

Сонда барып Ардақ Аружанға тоқталып қарады. Жүрегі әлсіз бір бұлқынып алып, бұрынғы әдетінде жоқ соғыспен дүрсілдей жөнелген. Қызда да солай. Жылдар бойы аңсаған жүректер осылай табысып, бір-бірін түсінгендей болды.

Сылыңғыр қара әдемі жапон көлігі де осы қуанышқа үн қосқандай жұтынып, көздің жәуін ала сылаң қағып, орнынан жеңіл қоғала берді.

Тұңғышбай Төрегелдиев

Төрт жасар баланың бір ауыз сөзі автобустағыларды жылатты
Патшаны масқарасын шығарған ұры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу