Неге бізде береке жоқ?

Oinet.kz 06-11-2022 1357

Бір жігіт Ибраһим ибн Әдһәм есімді ғалым кісіге: «Береке» дейтін нәрсе жоқ», - депті. Сонда Ибраһим ибн Әдһәм оның сөзінің қате екендігін мысалмен ұғындыруды жөн санап:

- Иттер мен қойларды көрдің бе? – деп сұрапты

- Иә, - деп жауап беріпті әлгі жігіт.

- Олардың қайсысы көп төлдейді? – деп тағы сұрайды Ибраһим ибн Әдһәм.

- Иттер жеті күшікке дейін табады. Ал қойлар үш қозыға шейін төлдейді, - дейді жігіт.

- Олай болса, айналаңа қарашы, екеуінің қайсысы көп?

- Қойдың көп екендігін көремін.

- Бірақ, үнемі сойып жеп, саны кемітілетін де солар емес пе?

- Иә, солар.

- Міне, «береке» дегеніміз осы, - дейді Ибраһим ибн Әдһам. - "Қой қанша аз төлдесе де, қанша сойылып, еті желініп жатса да саны артпаса, кемімейді. Ал, қойдан екі есе көп күшіктейтін итті ешкім сойып жемесе де оның саны аз".

Жігіт біраз ойланып тұрып:

- Расында да солай, - дейді де, - Оның себебі неде? Неге итте береке жоқ, ал қой берекелді? – деп сұрайды. Сонда Ибраһим ибн Әдһам:

- Өйткені, қойлар түннің әуелгі уақытында ұйықтап, таң атпай тұрып алады. Осылаша «Алланың рахымы түсетін уақытқа» дөп түсіп, оларға береке жауады. Иттер болса, түнімен әупілдеп ұйықтамайды да, таң атар кезде ғана ұйықтау ойына келіп, ұйқыға кетеді. Осылайша, Алланың рахымы түсетін уақытты құр жіберіп алып, Құдай берекесін алып қояды, - деген екен абыз ғұлама.

Өкінішке орай, қазіргі таңда көп ісіміздің берекесіз болуының бір себебі де осы болса керек. Өйткені, біріміз түнімен көше кезіп, ертесіне күндіз бойы ұйықтасақ, басқа біріміз түн жарымына дейін ұялы телефон шұқылап немесе теледидарға үңіліп, яки компьютерде ойын ойнап, ертесіне күн шыққанша жатамыз. Одан соңыра _"үйімде береке жоқ", "табысымның берекесі жоқ"_ деп шамданамыз. Демек ерте жатып, ерте тұруымыз – берекеге қол жеткізер бірден бір тәсіл екен. Қазақта «ерте тұрған əйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп босқа айтпаған... 

А.Қасым

Тұлпарды тезегінен таныған Қанай сыншы
Ақша шақыратын ырымдар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу