«Қыз алып қашу операциясы» қашанға дейін жалғасады?

Oinet.kz 19-11-2020 2014

Түркістан. Студентпін. Кішкентай қалада бәрі бір-бірін танитын. Қыздар жатақханасы бөлек ғимарат еді.  Жатақхананы торуылдаған, серенада арнаған сері де, 101 раушан құшақтаған пері де көп. Жүрекке жетелер жол іздеген бір адам. Өмірге романтик жанармен қарамасыңа қоймайды. Кейде ауылына кетіп, ақ орамал тағып келетін бикештер де жоқ емес. Сондайда реализмнің құрсауына түсіп қиялымызды тонатамыз-ай кеп. «Алып қашып кетіпті» дегенді естігенде селк ете түсетінбіз. Барлығы осылай болуы тиістей қарайтын. «Қыздың мұраты – кету» деп айтатын. Бірақ, қайда? Қалай кету екеніне бас ауыртқан бір адамды көрмедім. 

Қыз алып қашу.jpg

Ол ән шырқамай қойды

Ортақ асханада Нұршуақ есімді қыздың ән айтқанын сырттай тыңдап жүретінмін. Ылғи дәлізде жүгіріп не сырғанап әуелете ән шырқайтын. Ұнайтын. Сырттай бақылау үшін тамақ істемесем де, таза ыдыстарды жуып жүретін едім. Позитив сыйлайтын. 

Бір күні бөлмелес қыздарының абдырап жүргенін көріп, мән-жайды сұрадым. «Біздің Нұршуақты алып қашып кетті ғой» деді. Селк еттім. Танымайтын жігіттің бір көргеннен алып қашқанын баяндап жатты. Анасы кездесуге шыққанын қатты қалап еді деп әңгімесін жалғаған бөлмелесінің үні еміс – еміс естіліп жатты. Санам қабылдағысы келмеді. Кейін оқуын жалғастыру үшін Нұршуақ жатақханаға келді. Бірақ ол мүлде ән шырқамай қойды. Секірмейтін, жүгірмейтін. Тұйық қалыпқа түсті. Бақытынан бір мысқал да қалмағандай. Бұрын оны көруге асықсам, ендігіде көрмеу үшін бөлмемнен шықпауға тырысатынмын. 

Ешкім білмейді

Жаңа жылға таяу жақын құрбымның дел-сал болып жүргенін аңғардым. Сол күні емтиханға жүзі ісіңкі, шаршау күйде келген еді. Тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Бірақ жан дүниесінде өзгерістің болып жатқанын сезінетінмін. Көп ұзамай «Сафаны көлік қағып кетіпті» деп естідік. Ол үнсіз еді. Ешкімге жағдаятты баяндамайтын. Арадан жарты жылдай уақыт өткенде ғана маған оқиғаны айтты. Ешкім білмейді, тіпті ата-анам да деп бастады әңгімесін.

Құрбым Айша жүкті еді. Мазасының жоқтығын айтып үйіне қонуымды өтінді. Ертеңіне емтихан тапсыратын едім, қызуым болды. Зауқым соқпағанын айтып бас тартқым келді. Анамнан сұрап, дегеніне көндірді. Бірге еріп баратын болдым. Сағат төртте базардан күтіп алды.  Әдеттегіден өзгеше ешнәрсе аңғармадым. Сөз арасында күйеуінің Ресейге жұмысқа кеткенін айтқан. Қоғамдық көлік күтіп тұрғанбыз. Сол кезде алдымыздан Айшаның күйеуі мен бөтен жігіт шыға келді. Қолындағы гүлі мен сыйлықтарын ұсынған бейтанысқа абдырап қарап қалдым. Құрбым сыйлықтарды алуымды өтініп қоймады. Ештеңеге түсіне алмадым. Досымнан бұл қандай қойылым екенін сұрап ашуландым. Жігітке сыйлықтарын ұстатып, «анаңызға беріңіз» деп жекідім. 

Қыс еді. Жерде қар бар. Ымырт үйірілген шақ. Бейтаныстың көлігіне отыруымды сұраған құрбым үйіне жеткізіп салатынына шәк келтірмеуімді сұрады. Бір кісінің үйінен зат алып, Айшаның үйіне баратынымызға сендірді. Сендім. Тағы да өтірік. Кафеге түсті. Құрбым қарны ашқанын, тамақтанғысы келетінін айтып ішке еніп кетті. Бәрі тамаққа тапсырыс беріп, жайланып отырды. Мен ғана қайтуым керек деп бұрқылдап отыр едім. Қаланың сыртында орналасқан кафеде болғандықтан бойымда қорқыныш басым. Алаңсыз тамақтанған құрбым мен ері және бейтаныс жігіт биллярд ойнауға ұсыныс айтты. Көзім шарасынан шығуға шақ қалды. Сабыр сақтауға дәрменсіз едім. Ештеңеге қарамай сыртқа шығып кеттім. 

Қақпанға түскен жәндіктей сезіндім

Соңымнан ере шыққан үшеуі жұлқылап, тартқылай берді. Шешімімді өзгертуімді өтінген оларға назар салмадым. Ызалы едім. Құрбыма «Осы үшін шақырдың ба?» деп даусым қатты шығып, дөрекілік танытып алдым. Құрбым биллярд жақта қалатын болды. Күйеуі мен бейтаныс жігіт қаланың ішіне дейін жеткізіп салатынын айтты. Көліктің артқы орындығына жайғастым. Қараңғы болғандықтан  қайда бет алғанымызды түсіне алмадым. Жолдан шеткері тоқтап, жақ ашпастан екі жігіт түсіп кетті. Дала тастай қараңғы. Біз тоқтаған жерде өте көп жігіт бар екен. Жүрегім зырқ етті. Қатты қорықтым. Екеу боп кеткен жігіттер көлікке төртеу болып оралды. Екі жағыма зіңгіттей-зіңгіттей екі жігіт орналасты. Қашпақ болған ұмтылысым зая кетті. Айша маған мұндай қиянат жасайды деп ойламаппын. Сол сәтте ғана мені алып қашып бара жатқанын түсіндім. Мүлде танымайтын адам екенін айтып, қарсыласып бақтым. Жігіт жанымда отырған еді. Сезімін жауапсыз қалдырғанымды, қоңырауына жауап бермегенімді тізе жөнелді. Бұл әрекетінің шешім емес, жауыздық екенін айтқаным пайда бермеді. Мен қалмайтынымды айтып ескерттім. Олар тыңдамады.  Өзімді қақпанға түскен жәндіктей сезіндім. 

Зауал жасап жатқанын сезінген бірі болмады

Қызу дайындыққа кірісіп жүрген үйге келіп тоқтадық. Бір таңқаларлығы – кілең үлкен кісілер қоршап алды. Жас адамға зауал жасап жатқанын сезінген бірі болмады. Көзімнен тамған жас, көтерілген ангина, қызуыма мән бермеді. Менің шарасыз хәлімде келісімімсіз бір жоралғылар жасап жатты. Өң мен түстің арасында едім. Шырылдаған қарсылығыма елең етпей, шымылдыққа кіргізді. Сондағы әйелдер жұлқылап жүріп киімдерімді ауыстырды. Аяқ киім, сөмкемді, сырт киімімді тартып алды. Маған қызыл халат кигізіп, тіпті шұлығыма дейін ауыстырды. Мүмкін, көнбістеу адам болса бұл құқайы қойылымның құрсауында қалып қояр еді. Мен күрестім. Ел не ойлайды деген ойдан азат едім. Киім ауыстырып жатқанда видеоға түсірдік, желіде таратамыз дегеніне пысқырып та қарамадым. Соттайтыныма нық сендім. Менікі дұрыс екеніне күмәнданбадым. Ол үйден құтылып шығып, бірден емтиханға кіріп кеттім. Ешкімге ешнәрсе білдірмеймін деп шештім. Бейтаныс дегенім құрбымның қайнысы екен. Айшамен арамыз үзілді. Зиянымды тигізгім келмеді. Арыз жазбадым. 

P.S. Кейіпкерлердің  атын өзгерткенмен, оқиға өз баяндауымен жазылды. Алып қашуға қатысты нақты статистикалық деректер жоқ. Ұяттан қаланған қабырғасы биік қоғам бұл тақырыпты да жабық ұстайды. Көз алдымда құлазып, қайта гүлдеген құрбым қазірде оқиғаны еш эмоциясыз баяндайды. Оқуды аяқтап, жұмысқа орналасқан. Алып қашу жағдаяты есіне түссе, кеткені үшін қуанады. Қалмай, алдын кес-кестеген кемпірден аттап кетудің өзі  ұят емес. Өзгелерге бақытты екенін дәлелдегісі кеп мұң құрсауында қалу ұят деп бағамдайды. Бір жігіттің уақытша симпатиясы үшін босаға аттап, шымылдықта көз жас төгу әлсіздік.. 

БІЗ сені жақсы көреміз, құрбым! Ел сенің бақытыңа өлшем емес. 

Б. БӨРІБЕК

Өзбекәлі Жәнібековтің аты берілсе
Жапонияда мұғалімдер күні жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу