Иткөйлек кигізу

Oinet.kz 06-11-2019 868

image.png

Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Бұл киімнің атын «иткөйлек» немесе «итжейде» деп атаған. Біздің бала күнімізде осы дәстүр ел ішінде жақсы сақталған еді.

Киімнің бұлай аталуы жайындағы мына бір қызықты аңыз «Салт-дәстүр сөйлейді» атты кітапта былайша тарқатылыпты.

«Тәңірі тағала адамның мүсінін жасағанда оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің адамнан үнемі айрылмай, қайда барса да иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретіні сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты.

Адам Ата жаралған соң оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:

– Алла сені несіне жаратқан? Түрің құрысын! – деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әртүрлі кеселге шалдығатын болыпты.

Адам Ата мен Хауа Ана жер бетіне алғаш түскен кезде де ит оларға сенімді серік болыпты. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған екен».

Қазақ ежелден ырымшыл халық емес пе?! Жаңа туған баланы пәле-жәледен қорғасын деп иткөйлек кигізіп, ырымдау содан қалыпты. Иткөйлекті балаға қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан жасайды. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп тік тілік жасайды.

Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған шешен, жауға шапқан батыр туған жердің бір уыс топырағымен бірге баласының ит жейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «көйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған. Бұған қоса, баласы жоқ әйелдерге де иткөйлекті ырым етіп береді.

Д. АРЫСТАНБАЙ

Бір күні Абайдың үйіне Қазыбек қыдырма кіріп келіпті...
Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу