Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей
Ашуын жеңе алмайтын, сабырсыз жігітке әкесі бір қорап шеге беріп: «Балам, өз ашуыңа ие бола алмай, басқаларды ренжіткен кезіңде, мына шегеден біреуін алып, есікке қағып отыр» депті. Алғашқы күні-ақ әлгі жігіт 20 шеге қағып үлгеріпті. Өзінің бір күнде осынша көп ашу шақыратынын аңдаған жігіт келесі күннен бастап шеге қағу санын азайтатын болыпты. Уақыт өте келе мінезін тежей алатын болыпты. Ашуды ақылға бағындырудың тиімді екенін ұғына бастапты. Күн сайын қағылған шегелер де азая беріпті. Бірде-бір шеге қақпаған күні әкесіне келіп: «Мен бүгін мүлде ашуланған жоқпын» деп ризашылығын білдіріпті. Әкесі: «Енді осылай ашуланбаған күндеріңде қағылған шегелерді бірден алып отыр» депті. Күндердің күнінде әлгі жігіт есіктегі бар шегені тазалап болыпты. Сол күні әкесі әлгі шеге қағылған есік алдына ұлын ертіп келіп: «Балам, жарайсың! Сен ашуыңды тежедің, ақылыңа бағындың. Алайда есікке қарашы, оның бетінде қаншама шегенің ізі қалғанын көрдің бе?! Сен ренжіткен адамдардың жүрегі де осы есік секілді. Одан қанша кешірім өтінсең де, жүрегінде дәл осындай із қалады. Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей. Алдағы ғұмырыңда сақ болғайсың» деп кеңес айтқан екен.
Дайындаған: Алшын Матай