"Мұрны сынған, сол жақ көзі соғылған, миы шайқалған": 11 жасар бала соққыға жығылды
Қарағанды облысының Шет ауданының тұрғыны 26 мамыр күні көршілері үйіне баса-көктеп кіріп, 11 жастағы ұлын соққыға жыққанын айтады. Әйелдің сөзінше, баласы ауыр соққылардың салдарынан есінен танып қалған. Сонымен қатар мұрны сынып, миы шайқалған. Болған оқиғадан кейін полицияға арыз түсіргенімен, әйел кінәлілер әлі бостандықта жүр дейді. Stan.kz тілшісі зардап шеккен баланың анасымен тілдесіп, оқиғаның анық-қанығын біліп көрді.
Баланың анасы оқиғаның 26 мамырда кешкі 18:30 шамасында болғанын айтады. Бастапқыда 30 жастағы көршім інімді соққыға жықты деп егіз ұлдардың бірін шапалақпен ұрған. Ал ер адамның анасы 11 жастағы егіздерге балағат сөздер айтқан.
"Балалар қорыққандықтан қарындастарын ертіп, үйге келген. Кейін көршім және оның анасы, мас күйде болған әкесі есікті темірмен бұзып, баса-көктеп кірген. Бұл кезде талма дертіне шалдыққан ұлым үйде отырған. 30 жастағы көршім ұлымның аузы мен мұрын тұсынан жұдырықпен ұрған. Осы сәтте ұлымның есінен танып қалғанына қарамастан, ер адамның анасы жұлқылап, жуынатын бөлмеге алып барыпты. Қанын жумақшы болған, бірақ қан тоқтамай қойған соң сол жерде тастап шығып кеткен", – дейді әйел.
Бұл уақытта өзі де, күйеуі де жұмыста болған. Ұлы есін жиған соң анасына қоңырау шалып, көршісінің ұрып кеткенін айтыпты.
"Үйге келе жатқанда алдымнан екінші ұлым мен қызым шықты. Үйге келген соң жуынатын бөлме мен қабырғаға қан шашырағанын көрдім. Дереу дәрігер мен учаскелік полиция шақырдым. Полицей барлығын өз көзімен көрді, видеоға түсіріп алды”, – деп қосты ол.
Әйелдің сөзінше, полиция сот-медициналық сараптама тағайындаған. Ал ұлы қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр екен.
"Мұрны сынған, сол жақ көзі соғылған, миы шайқалған. Мұрнын түзету үшін ота жасалды. Дегенмен баламды осындай жағдайға жеткізгендер әлі бостандықта жүр", – деп ашынды жәбір көрген баланың анасы.
Аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл деректің тіркелгенін мәлімдеді.
"Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады. Басқа ақпарат Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды", – делінген полиция хабарламасында.