Әлия Іңкәрбек: Жігіттер, сенбеймін сөзге мен!
Ақиқат
Бағынбай өткен уақытқа,
Таланттың неге "досы" көп?
Бірінші болу бақыт та,
Бірінші болмау - қасірет.
Ақынның тоқтап сөзіне,
Өр мінезіне таң қалған.
Өлең боп өтсең өзің де,
Өмірде басқа бар ма арман?
Күн көрсе мені болғаны,
Кім көретіні мұң ба екен?
Ғұмыр-ай, талас сор-бағы,
Қасыңнан сенің күнде өтем.
Əріпке қосып əріпті,
Жандауам менің осы деп.
Бірінші болу - қауіпті,
Бірінші болмау - қасірет!
***
Күпірлік
Тəттісіне тағдырдың таласамын,
Қарайламай кеткесін бала шағым.
Жезтырнақ – жылдар мені бүреді кеп,
Ғұмырыма болады араша кім?
Күпірімен жаратқан пендені егіз,
(Құдай – еке, бар еді менде неңіз!)
Өмірді ойыншық деп ойлайды əлі
Қуыршаққа қызығып көрмеген қыз.
Адастырды арманым ақкөңіл боп,
Дей алмаймын сонда да əттеңім көп.
Оралғанмен сезім де, өкініш те,
Оралмайды мөп – мөлдір сəттерім тек.
Мейіріміңді аяма, сараң Əлем,
Аярлықтан аршыдым сананы əрең. Сатқындығы уақыттың ерте есейтіп,
Ақын етіп жіберді, шарабы – Өлең!
***
Наз
Мен ішіндемін,
Əлеміңнің.
Сен түсінбедің,
Жəне...күлдің.
Мен күрсінбедім,
Күте, жүдеп...
"Сен - гүлсің",-дедің,
Тікені көп!
Мен көзге ілмедім,
(Өзіңді шын)
Сен сездірмедің,
Төзімдісің.
Мен жалған дедім,
Бар өмірім.
Сен алдан дедің,
Қане, бір күн...
Мен пендемін ғой,
Бар шыны - Өлең.
Сен келмедің ғой,
Қалшы дер ем!!!
***
Қарсылық
Такаппар Дүние,
Мені де көрші енді!
Шегір көздерден,
небір сөздерден тіктедім еңсемді.
Мен емес шығармын бақытсыз алғашқы,
Мен емес шығармын сормаңдай ең соңғы!
Ғасырлар жаратпай жылдарды,
Жылдарға жастығым ұрланды.
Сапарға бір шыққан жолдастан,
Қасымда кім қалды?
Менікі аңсау ма жоқ бақты,
Бір мақтау – кеудеме от жақты.
Бір мақтау – езуді жидырмай,
Бір мақтау – күлкімді тоқтатты.
Алдайды. Ойы боп көздеген,
Тең етіп қояды өзгемен.
Болды енді, көп əуре болмаңдар,
Жігіттер, сенбеймін сөзге мен!
***
Әмір
Мөлтілдеген шықтардың –
Гүлдер шығар отаны.
Күншығыстан шыққан Күн –
Батысқа кеп батады.
Түнек түннің нұрын сез,
Болмаса да ол игі.
Жан жібіткен жылы сөз –
Жүректерде ериді.
Мекені бар бәрінің,
Бағыты бар бір ғана.
Жүрегіңнің әмірін –
Кешіктің бе?
Тыңдама!
Жұлдыздармен еңселі,
Махаббаттың аспаны.
Қозғамайын мен сені,
Темірқазығы басқаның!
***
Кездесейік екеуміз-
Көшеге емес, көңілге күз келгенде,
Еріген сəт сезімің мұз-кеудеңде.
Тұманына тірліктің сіңіп кетпей,
Іздегенге не жетсін, Ізделгенге...
Жалғыздықтан..(о,бəлкім,сорым қалың),
Тамып кетті көз жасым таңдайға ащы.
Қандай жақсы Өмірде сенің барың,
Менің барым өмірде қандай жақсы!
Айналаңа сен де бір қарадың ба?
Күйбеңінен арылмас қала мына...
Кездесейік екеуміз адамдардың
Ізгі ойынан жасалған ғаламында!
***
Оның монологы
Мүмкін емес сағынбауың мені енді, Жанарыңда мұң малтыса, ой жүзіп. Өксігіңді, маған жазған өлеңді, Жүрегіңнің ошағына қой тізіп.
Өміріңді, сен іздеген Өзіңді, Бізге мәлім естеліктің барлығын, Мені.. сосын шат – шадыман кезіңді Сәл сараңдау сабырыңның жарлығын,
Бәрін – бәрін.. өзектегі өкпеңді, Бізді қоспас бұл қатыгез ғасырды, Бір жүріп те үлгермеген көк белді, Өртеп жібер, тамызық қып жасыңды.
Солай ғана «бақыт» тауып бір уақ, Солай ғана қателігің түзелмек. Жалын құшқан жүрегіңді жұлып ап, Сағынышқа егілерсің тізерлеп!
***
6 сәуір
Қарашы, жауып тұрған қар ма мынау,
Көктемім, тағы мені алдадың-ау!
Он тоғыз, қимасым ең қиядағы,
Шынымен, менен кетіп қалғаның ба-ау?!
Сағыныш, мен шықпаған биік пе едің,
Жамадым кеудемдегі күйікке мұң.
Біреуден дəл осылай көңілім қап,
Біреуді дəл осылай сүйіп пе едім?
Ұлпадай көзден көзге ұшады бақ,
Жанардан жас үзілмей құса қылмақ.
Мен кеттім жиырмамен қол ұстасып,
Қалды ол естелігін құшағына ап.
Көрші өзің, жауып тұрған жан бөлшегін,
Мазаңды алған екем əбден сенің.
Қош енді, бар күнəңді жуайыншы,
Мезгілсіз жауған осы қармен сенің!
***
Үрей
Жүрегімді тыңдашы сен өзі
Шын –
бас бермейтін асаудай,
өзімді алып қашардай,
Сенемісің?!
Жүрегімді тыңдашы... зымырандай,
Мен осылай жүрем бе тыныға алмай?
Тасқынына жанымның төтеп беріп,
(Түннен аман шығам ба, бүгін Алла-ай)
Жүрегімді тыңдашы, мен тыңдадым,
Онда менің айнымас сертім бар мың.
Өзімді-өзім жүргенде жоғалтып ап,
Көріндің де көзіме, еркімді алдың
Жүрегімді тыңдашы мұңды менің,
Туласын деп мен оған түнді бердім.
Білмейсің ғой, сəт сайын қорқам, күнім,
Тоқтап қалар секілді жыр-жүрегім...
***
Мен өзгердім..
Кезіккендер танымады мені шын,
Жоғалтқандар таппады!
Жақынымның жат екені – жеңісім,
Жаныма сол батқаны.
Сүйетін ем бөліп – жармай бəрін мен,
Аппақ дегем əлемді.
Сырқатыма етіп жүрмін əр Уды ем,
Түсініп көр ал енді!
Ұғынбасаң, ұға алмасаң кеше алам,
Шырқап келем мен бір əн.
Сенбеуші едім өзгереді десе адам,
Сене көрме сен бұған!
Тартып кетсе тұңғиыққа ой терең,
Шарықтатты аспаным.
Сен танымай өте шықсаң қайтерем?!
Бəрін қойшы басқаның...
Әлия Іңкәрбек