Түркістан қаласы, Түлкібас, Созақ аудандарында ауыз су мәселесі шешілді ме?
Біраздан бері елдің назары «Ақбұлақ» бағдарламасына ауып отыр. Қазақстандағы ауыз су мәселесін түпкілікті шешуге бағытталған бұл бағдарлама ең әуелі су тапшылығынан қиналып отырған өңірлерге үміт сыйлағаны айтпаса да түсінікті. «Ақбұлақ» бағдарламасының қазіргі аяқалысы қандай? Аудандарда қандай тірліктер атқарылып жатыр? Осы сауалдарды Түркістан, Түлкібас және Созақ аудандарындағы саланың жауапты қызметкерлеріне көлденең тартып, пікірлерін білдік.
Түркістан қаласы
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары:
- «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес биыл ауданда 2 миллиард 641 миллион теңгенің жұмысы атқарылуда. Бұл қаржы арқылы 18 елді мекен қамтылып, су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалардың барлығы да биыл басталып, қараша айына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Оның ішінде 15 ауыл мен Түркістан қаласының үш мөлтекауданы бар. Жалпы, Түркістан қаласы орталықтандырылған сумен тек 44 пайызға ғана қамтылған болатын. Тұрғындардың жартысынан астамы құдықтың суын ішеді. Жаңа құбырлар іске қосылған соң қаладағы жағдай өзгереді.
- Бұған дейін Кентау-Түркістан су құбырына қатысты бірқатар қиындықтар туындағаны белгілі. Қазіргі жағдай қандай?
- Бұл су құбыры бойынша мәселе шешілмей тұр. Қазір су Кентаудың өзінде тапшы болғандықтан, бізге өте аз мөлшерде келіп жатыр. Бұлақтың басында отырғандар суды өзіне қарай бұрып жатыр. Сонда құбыр арқылы келетін су мөлшері сағатына 30 текше метрді ғана құрайды. Ал қаланың қажеттілігін өтеу үшін сағатына 1200 текше метр, тым болмағанда 500-600 текше метр қажет. Сонда біздегі 3 мыңға жуық абонент құбырдан су іше алар еді. Ал қазір келіп жатқан су түкке де жетпейді. Амалсыздан түнімен резервуарға жинап, ертесіне шектеулермен беруге мәжбүрміз. Жалпы, қараша айында мәселе біршама реттелуі тиіс. Себебі жаңбыр жауғандықтан құбырдағы су мөлшері көбейеді. Бір жағынан, Кентау мен Түркістан халқының да суға деген қажеттілігі азаяды. Ең қинайтыны маусым-қыркүйек айларының аралығы. Бұл тығырықтан шығудың бірнеше жолын қарастырып отырмыз. Біздегі ескі университеттің артында жаңа ұңғыманы қазуды қолға алдық. Кентаудағы су тазартқыш қондырғысын салып бітірсе бізге келетін судың мөлшері күрт арта түспек.
- Келі жылдарға қандай жоспар бар?
- Келсі жылға тағы 12 елді мекеннің жобалық сметалық құжаттарын дайындап отырмыз. Жалпы, ауданда 36 ауыл бар. Яғни, келесі жылғы жоспарларымыз ойдағыдай орындалса, Түркістан ауданының халқы орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылмақ.
Түлкібас ауданы
Сапарбек Бекбергенов, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы:
- Аудандағы 63 елді мекенде 101 мың халық тұрады. Соларыдң ішінде орталықтандырылған су құбырымен 53 ауыл, яғни 91,7 пайызы қамтылған. 7 ауылдың тұрғындары піспе құдықты пайдаланса, тау бөктерінде орналасқан 7-9 үйден тұратын үш шағын елді мекен бұлақтың суын ішеді. Бұлақтың суын ішетін тұрғындарыдң саны аудан халқының 0,4 пайызан аспайды. Жалпы, биыл бірнеше елді мекенге су жүйелерін жүргізу қолға алынды. Атап айтсақ, Еңбек ауылына сметалық құны 90 миллион 645 мың теңге, Шұқырбұлақ ауылына сметалық құны 61 миллион 147 мың теңге, Азаттық ауылына 107 миллион 683 мың теңге, сондай+ақ Тастыбұлақ елді мекенінде 70 миллион 285 мың теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары жүзеге асуда. Сондай-ақ, Түлкібас поселкесі, Майлыкент ауылдарындағы ішкі су жүйелерінің мәселесін шешуге республикалық бюджеттен 1 миллиард 92 миллион теңге бөлінді. Осы жобалар іске асып, су жүйелері пайдалануға берілген соң піспе құдықты пайдаланып отырған ауылдардың саны 3-ге дейін қысқарады. Барлық құрылыс жұмыстары биыл басталып, қазан-қараша айларында бітеді. Келесі жылы «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында қалған үш ауылға су құбыры тартылмақ. Сонда орталықтандырылған су жүйесі тек тау бөктерінде қоныс тепкен үш шағын елді мекеннен басқа аудандағы барлық ауылдарда болады.
- Су құбырын жүргізумен іс бітпейді ғой. Халықты ауыз сумен тәулік бойы қамтамасыз ету жайы қалай?
- Рас, бүгінде су жүйесі жүргізілгенімен суды шектеулі мөлшерде тұтынып отырған ауылдар бар. Айталық, Майтөбе, Көксағыз, Таусағыз елді мекендерінде су тәулігіне 8 сағат беріледі. Мұнда су қоры жеткілікті болғанымен, электр шығыны көп. Сондықтан төлемақы жағынан алғанда қиындау болып тұр. Састөбеде су 12 сағат беріліп келеді. Осы ауылдың мәселесі алдағы жылы толық шешіледі деген үміт бар. Құрылыс жұмыстарын «Отау строй» ЖШС жүргізуде. Мәселе қаражатқа тіреліп тұр. Жалпы, Састөбедегі су жүйесін ретке келтіруге бюджеттен 337 миллион теңге қаралған. Былтыр соның 56 миллион теңгесі бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылса, биылға бөлінгені бар болғаны 15 миллион теңге. Қаражаттың негізгі бөлігі келесі жылға қалдырылып отыр. Белгіленген жұмыстар толық көлемде атқарылса Састөбе тәулік бойы берілетін су жүйесіне көшеді.
- Састөбенің тұрғындары цемент зауытының жұмысына наразылық білдіруде. Өйткені, ауылдағы бастаудың суын техникалық мақсаттарға көп мөлшерде жұмсағандықтан қарапайым халыққа ауыз су жетпей жатқан көрінеді.
- Жалпы, ауылдағы бастаудың суы халықтың да, зауыттың да қажеттіліктерін өтеуге жылда жететін. Бірақ биіл Састөбеде құрғақшылықтың әсерінен бе, әлде жаңбырдың аздығынан ба, судың деңгейі күрт төмендеп кетті. Жаз айларында судың жетіспеушілігі байқалды. Бірақ қазір судың деңгейі қайта көтеріліп жатыр.
- Ауданда ауыз су саласында бұдан басқа қандай жұмыстар қолға алынды?
- Облыс әкімінің берген тапсырмаларының бірі - су есептегіш құралдарын орнату. Судың да сұрауы бар, бұған дейін таз асуды пайдалануда ысырапшылық байқалатын. Мәселен, кейбір ауылдарыдң тұрғындары ауыз суды бау-бақшасын суаруға да қолданатын. Тіпті азаннан кешке дейін құбырдың суы сарылдап аға беретін. Су жүйесі толық күшінде жұмыс істеп, электр энергиясы шығыны арта түседі. Ал су есептегіш құралы болмағандықтан тұтынушының төлейтін айлық төлемақысы өзгермейді. Сондықтан элкетр энергиясы мен суды үнемдеу мақсатында су есептегіш құралдарын қойып жатырмыз. Облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес аудан бойынша 4604 есептегіш құралын орнатуымыз керек. Бүгінгі күнге дейін бұл тапсырманы шамамен 90 пайызға орындап қойдық. Есептегіш құралдарының қалған бөлігін орнатуды қазан айына дейін аяқтауға тиіспіз. Айта кетерлік жайт, биыл су жүйесі жүргізіліп жатқан 4 ауылдың жобасында, сонымен қатар Састөбе ауылында да есептегіш құралдарын бюджеттің есебінен орнату қаралған.
- «Ақбұлақ» бағдарламасы 2020 жылға дейін есептелген. Ауылдардың барлығына су жүйелері жүргізіліп біткен соң қандай жұмыстар атқару қажет?
- Орталықтандырылған су жүйесі барлық ауылдарда болғанымен, біраз елді мекендердегі құбырлар ескіріп қалған. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының кейінгі кезеңінде 30-40 жыл бұрын төселген ескі құбырларды түгел ауыстырамыз. Жаңарту жұмыстары келесі жылдан-ақ басталады.
Созақ ауданы
Әділ Елібаев, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі:
- «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл Созақ ауданындағы үш ауылда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ыбырай ауылы мен Бабата ауылдарында су жүйесі биыл толық жүргізіліп бітеді. Осы жылы басталған Құмкент-Қызылкөл-Қызылқанат топтасқан су құбырының құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, 2012 жылғы жоспарға Жуантөбе ауылы мен Жыныс ауылындағы су жүйесінің екінші кезеңі енгізілді. Қазіргі таңдағы жұмыс барысы өз деңгейінде жүргізілуде. Былтыр аудандағы үш елді-мекенде, атап айтқанда Жартытөбе, Аққолтық және Жыныс ауылының бір бөлігіне орталықтандырылған су жүйесі пайдалануға берілген болатын.
- Тасты-Шу топтасқан су құбырының жағдай қандай?
- Үш елді мекенді қамтитын топтасқан су жүйесінің құрылысы аяқталып, су барлық абоненттерге кіргізілген. Алайда, Тасты-Шу топтасқан су құбырының мәселесі әзірше толық шешілмей тұр. Биыл мұнда 300 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, шыққан су қазір сараптамадан өтуде. Бактерицидті қондырғы да орнатылды, дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органының рұқсаты қажет. Онсыз су жүйесін іске қоса алмаймыз.
- Аудандағы ауыз су саласында алдағы уақытта қандай жұмыстарды атқару қажет?
- Бұрынғы совхоздардың бөлімшелеріне су жүйелерін кіргізу қажет. Сонымен қатар 2004-2005 жылдарда жүргізілген су жүйелеріне байланысты қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізу керек. Мәселен, жаңа су ұңғымаларын қазу, Созақ, Сызған, Шолаққорған ауылдарында бұрынғы жобаға кірмей қалған көшелерге құбыр тарту секілді шаруаларды шешу қажет. Қаржы бөлінсе бұл жұмыстарға биыл-ақ кірісуге мүмкіндік бар. Бұған дейінгі жұмыстардың көбісі ескі картаның мәліметтерімен атқарылып келген. Осының салдарынан бірқатар ауылдарда су мөлшері бастапқы көрсеткішінен аз көлемде шығып жатыр. Сондықтан зерттеу жұмыстарын қайтадан жүргізу қажет. Әзірше аудан бойынша суды 24 сағат бойы Аққолтық, Жыныс, Қыземшек ауылдарының тұрғындары тұтынып отыр.